ЭКСПО-2017 • 11 Тамыз, 2017

Еңбегі еленген еріктілер

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі жұмыстарына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің үш мыңнан аса студенті атсалысуда. Оқу орнының еріктілер қозғалысы қалалық штабы шараның екінші маусымын аяқтап, салтанатты жиын өткізді. Онда «Айдың ең үздік командасы», «Үздік супервайзер», «Үздік ерікті» аталымдарының иегерлері анықталды.

Еңбегі еленген еріктілер

Басқосуға Астана қаласы әкімінің орынбасарлары Ермек Аманшаев пен Малика Бектұрова, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Асхат Оралов, университет ректоры аппаратының жетекшісі Думан Айтмағамбетов, ЭКСПО-2017 ерік­тілер штабының жетекшісі Альбина Жұмашева және еріктілер қатысты.

«Еріктілердің шілде айындағы жұмысы маңызды әрі қызықты өтті. Осы айда біздің 510 мүшеміз  Аста­надағы 96 нысанда 9 мың шетелдікке және 250-ден астам делегацияға қызмет көрсетті», деген қалалық штаб жұмысын үйлестіруші Тасқали Таир еріктілердің атқарған жұмыстарына арналған бейнетаспаны көпшіліктің назарына ұсынды.

ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне келушілерге қызмет көр­се­туге атсалысқан еріктілер мен супер­вай­­зер­лерді Астана қаласы әкімдігі мен олар еңбек етіп жүрген нысандар­дың өкілдері марапаттап, алғыс­тарын білдірді. «Нұрлы жол» нысаны­ның еріктілері «Айдың ең үздік командасы» деп танылса, «Тұран» университетінің студенті Рауан Сағындықов «Үздік ерікті» атанып, су жаңа  велосипедке ие болды. Ол штаб туын үшінші маусымның еріктілеріне салтанатты түрде табыс етті. «Үздік  супервайзер» атанған ЕҰУ студенті Құмарбек Азат арнайы кубок пен Құрмет грамотасын еншіледі.

Жүніс ОМАР,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия  ұлттық университетінің қызметкері