Аймақтар • 11 Тамыз, 2017

Жол күтіміне көңіл бөлінбек

421 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайда екі күн бойы «Авто­мобиль жолдарын күтіп-бап­тау тұрақтылығы» жобасы бойынша оқыту-семинары өтті. «Қазақстан жол ғылыми-зерт­теу институты» АҚ пен Азия даму банкі ұйымдастырған ша­раға жол құрылысы және жол жөндеу ісімен айналысатын мер­дігер компаниялар басшыла­ры­мен мамандары қатысты.

Жол күтіміне көңіл бөлінбек

Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан халқына арналған  «Нұрлы жол – болашаққа бас­тар жол» атты Жолдауында жол – экономикалық дамудың кү­ре­тамыры екендігін тағы да еске салған еді. «Елдің өркенін біл­гің келсе, жолына қара» деген қағи­да қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы ай­рық­­ша маңызға ие. Көне заман­дар­да ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қо­ныс тепкен» дей келіп, бүгінгі бә­се­кеге құрылған нарық зама­нын­да да жолдың маңызы ерек­ше екендігін, «жол − шын мә­нінде өмірдің өзегі, бақу­ат­ты тірліктің қайнар көзі. Барлық ай­мақтар темір жолмен, тас жол­мен, әуе жолымен өзара ты­ғыз байланысуы керек­ті­гін», ай­тады. Сондықтан Ел­ба­сы жол­дардың сапасын кө­те­ру­ді, оның бойындағы логис­ти­ка­­лық қызметтерді дамытуды үне­мі тапсырып отырады. Қос­­та­найда өткен семинарда жол са­пасын көтеруге арналды. Ин­вес­тициялық жобаны дайын­дау жұмыстарына қа­тысып отыр­ған Қазақстан жол ғы­лы­ми-зерттеу институ­ты рес­пуб­ли­калық маңызы бар жол­­дар­ды жөндеу мен кү­тіп ұс­тау­дың озық әдістерін өн­ді­ріске ен­гізуді ұсы­нды.

– Республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-баптаудың біз ұсынып отырған әдістемесі АҚШ-та, Еуропаның бірқатар дамыған елдерінде пайдаланылады. Осы әдістемені пайдаланатын жоба жүзеге асырылғанда жолдың күтіміне бөлінетін қаржы 22 пайызға дейін үнем­де­леді. Озық тәжірибені алдымен Қостанай облысындағы республикалық маңызы бар жол­дарды жөндеу, күту жұ­мыс­та­рына енгіземіз, – дейді «Қазақ­стан жол ғылыми-зерттеу инс­титуты» АҚ вице-президенті Ербол Айтбаев.

Ұсынып отырған әдістемесін жа­сау үшін ғылыми-зерттеу инс­­титутының жол сынау және жыл­жымалы жол ди­аг­нос­ти­калау зертханалары Қос­та­най облысындағы 1409 ш­а­қы­р­ымға созылатын рес­пуб­ли­калық маңызы бар жолдарды тегіс жүріп өтіп, қажетті мә­лі­мет­тердің барлығын жинады. Зерт­ханалардағы заманауи құ­рал­­дар арқылы жолдардың  қоз­ға­лыс қарқындылығы есепке алы­нады, көпірлер мен су өт­кі­зу құбырларын инвентариза­ция­­лау және диагностикалау, автомобиль жолдарын паспорттау жүзеге асырылады, жол ақау­лары туралы мәліметтер жи­­на­лып, өңделеді, жол жамы­л­-
ғысының серпінділік модулі, жамылғының ілінісу қасиеті, жалпы тас жолдардың бүгінгі жағ­дайы бүге-шігесіне дейін анық­талады. Семинарда мер­ді­гер компаниялар өкіл­деріне қа­нат­қақты жобаның осындай жұ­мыстары таныстырылып, тү­сін­дірілді, мүдделі жақ тараптары талқылады.

 Қазақстан жол ғылыми-зерт­теу институты бүгінде жол­дар­дың жағдайына қатысты жылжымалы кешенді зертхана жинаған қажетті мәліметтердің барлығын өңдеп, жөндеу, күту жұмыстарының сметалық құнын дайындау үстінде. Жоба бойынша республикалық маңызды жол көлемінің  700 шақырымын тендер арқылы алатын мердігер компаниялар келесі жылдың басынан бастап, жөндеуге, күту жұмыстарын жүргізуге кіріседі.

– «Автомобиль жолдарын кү­тіп-баптау тұрақтылығы» жоба­сы  сегіз жылға арналған. Жоба бой­­ынша мердігер компаниялар үш жыл жолды жөндеп, қалған бес жылда оның күтімін жүзеге асы­рады. Бұл жоба жолдың сапа­лы жасалуына да, күтіміне де, сонымен қатар мердігер ком­­паниялардың алаңсыз жұ­мыс істеуіне де тиімді болады, – дей­ді «ҚазАвтоЖол» АҚ Қос­та­най облыстық филиалы ди­рек­то­рының орынбасары Нұрбек Темірханов.

«ҚазжолҒЗИ» АҚ қы­з­­мет­керлері семинарға қаты­су­­шы­лар­ға жылжымалы жол зер­тха­на­лары мен құ­рыл­ғы­лардың жұ­мысын көрсетіп, таныстырды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ