Ал, енді Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында негізгі мәселелердің ішінде латын әліпбиіне көшу туралы айтқанын еске алсақ, жаңа әліпбиге көшерде бұл басты әріпті қалай алған дұрыс болар екен, қателеспесек екен деген ой біздікі.
Қазір латын әліпбиінің бірнеше нұсқаларымен баспасөзде танысып жатырмыз. Көбінде Қ әрпін латын графикасында Q әрпімен ауыстырып та, пайдаланып та жүр (Qazaq banki, Qazaq air). Бұл қате!
Ең бастысы, қазақтың Қ әрпін латын әліпбиіне К деп енгізу керек деймін. Бұл Елбасының да айтқан, ғылымның да ұстанымдарына сай келеді. Ағылшын тілінде де Қ әрпі К деп алынып жүр.
2012 жылы Елбасымыздың Жолдауында айтылған: «...Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады.». Ал, биылғы жылдың сәуірінде газетте шыққан мақаласында Елбасы: «...Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр» деген.
Ғылым да осы ұстанымды дәлелдеп отыр. Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Жасанды интеллект» ғылыми-зерттеу институтының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Шәріпбай: «Бұл өте маңызды және дер кезіндегі жобаны жүзеге асырғанда алдымен мыналарды ескеру керек: ғаламдану дәуірінде көптеген елдің ғылыми ортасында көлемі жылдам өсіп жатқан ақпараттық ресурстарды дайындау және өңдеуге кететін шығындарды азайту үшін ғаламдық ақпараттық кеңістікте бір ғана әліпби пайдалану және ол үшін базалық латын (ағылшын) әліпбиін қабылдау мәселесі талқылануда. Себебі, дүние жүзінде шығарылып жатқан барлық компьютерлер ағылшын тілі қолданатын базалық латын әліпбиін қамтиды» дейді. Және де бұл кирилл жазуындағы қазақ мәтіндерін автоматты түрде латынға ауыстыру программаларына да (конвертор) жеңілге түсетіндігін айтады.
1993 жылы Министрлер Кабинетінде жұмыс істейтін Серік Сабыров әріптесім екеуміз еліміздің атын ағылшын тілінде КСРО кезінен бері қате жазылып жүр, соны дұрыс қалпына келтіру керек деп басшылыққа ұсыныс жасағанбыз. Мемтерминкомға тапсырма берілді. Филологтар, үлкен ғалымдар мен академиктер бірнеше ай талқылап, 1994 жылдың 31 қаңтарында Премьер-Министрдің орынбасары Қуаныш Сұлтанов басқарған Мемтерминком бізді қолдап, Қазақстан латын әріптерімен Qazaqstan емес, Kazakhstan емес, Kazakstan деп жазылуы тиіс деген шешім шығарды.
Сонымен, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандарттың нұсқасына Қ әрпін К деп алынуы дәл болады!
Ал, Q әрпін 1929 жылы бұрынғы әліпбиде алған. Ол кезде ағылшын тілі қазіргідей халықаралық тіл болмаған еді, интернет те жоқ еді. Сондықтан Қ әрпінің орнына Q әрпін алған жаңа заманның логикасына келмейді, жараспайды!
Бұл Q әріпті дауыссыз жұмсақ К әрпінің орнына алынса орынды болады (мысалы, керек – qereq, (ағылшын, француз тілдерін білетіндер бұны түсінеді). Себебі, К әрпі біздің қатаң дауыссыз Қ әрпіне қарағанда қазақ тілі корпусында әріптер кездесу жиілігі төмен - 2,98 %, ал Қ әрпінің жиілігі жоғары – 3,35 %. Бұл көрсеткіш –ғылыми түрдегі тағы бір дәлел.
Осы логикамен Ш әрпін ағылшын тіліндегі Sh деп, Х әрпін H (h), Ғ әрпін G деп (жиілігі - 1,54%, ал Г әрпінікі – 1,20%) алсақ, қазақ мәтіндерін латын графикасына автоматты түрде аудару жеңіл де, шығынсыз болар еді.
Бұл қазақ жазуының тарихи кезеңінде қате жібермеуіміз қажет.
Мирболат ЖАҚЫПОВ