Көптің көңілін тербеген кеш қызықтылығымен ерекшеленер еді. Оның өн бойында Абай Құнанбаев шығармаларын насихаттау арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақ мәдениеті, әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау тұрды.
Ағымдағы жылдың тамыз айының бірінші жұлдызында іріктеу кезеңіне 25 үміткер қатысып, 12 өнерпаз қорытынды кезеңге жолдама алған болатын. Ұлы ақынның туған күнінде өтетін Алматы қалалық «Абай оқулары» фестиваліне үміткерлер 3 жолдаманы жеңіп алды. Бәйге қорытындысы бойынша төрт тілді еркін меңгерген, экстремал спорт түрі − тауға өрмелеуден Қазақстан Республикасының чемпионы, Лондонның Реддинг университетінің түлегі Сейтжан Кенжеғұл жеңімпаз атанды. Ол Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» атты пьесасынан үзінді орындады. Екінші орынға Абайдың «Көктем» атты өлеңін оқыған орыс ұлтының өкілі Галина Хмырова көтерілді.
Үшінші орынды ұйғыр қызы Зарина Абдрахманова иеленді. Сәуле Смағұлова мен Тойгүл Раджапова «Көрермендер көзайымы» дипломын жеңіп алды, Абай Құнанбаевқа арнап жазған авторлық туындысын оқыған Жамбыл облысы, Жамбыл аудандық «Айналайын» қоғамдық ұйымының мүшесі Қолқанат Оңғарбаеваға кітапхана директоры ұялы телефон сыйлады. Кітапхана қызметкері Қапиза Айшуақова Абайдың 37- қара сөзін оқып, 10 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Қалған қатысушылардың барлығы «Абай оқулары» атты зағип жандар арасында өткізілген қалалық фестивальде жоғары шығармашылық жетістіктер көрсеткені үшін дипломдармен марапатталып, шағын сыйлықтар табыс етілді.
Онымен қатар осы шара аясында «Абай айнасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ