Хоккей • 11 Тамыз, 2017

«Барыстың» екінші жеңісі

118 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында шай­балы хоккейден Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің кубогы үшін өтіп жатқан VIII халықаралық турнирдің кезекті турында «Барыс» хоккей клубы Омбының «Аван­гардымен» күш сынасты.

«Барыстың» екінші жеңісі

Айдын иелері алғашқы болып гол жіберіп алды. Қонақтардың шабуылшысы Дмитрий Жукенов матчтың 23 секундында қақпа­шымызды қапы қалдырып, есеп ашты. Дегенмен, жылдам соғылған гол «Барысты» есеңгірете алмады. Арада небәрі алты минут өткенде елордалық хоккейшілер екі бір­дей шайба салып, алға шықты. Команда құрамына жаңадан қо­сыл­ған ойыншылар Линден Вей мен Дмитрий Шевченко мерген­діктерімен көзге түскен еді.

Екінші тайм бастала салысымен «Барыстың» шабуылшысы Кевин Даллман омбылық клубтың қақпа­сынан саңылау тауып, есепті 3:1-ге жеткізді. Бұл нәтиже екінші таймның орта тұсына дейін өзгермей тұрған. Бірақ, үсті-үстіне шабуылдаған қо­нақтар ақыры дегеніне жетті. Кез­десудің 28-минутында Никита Лисов біздің қақ­пашы Хенрик Карллсон қорғаған қақпаның құлпын бұзды. 

Ойынның соңғы бөлігінде «Барыс» сапындағы легионер Найджел Доус төртінші шайбаны соғып, команданың басымдығын нығай­тып берген еді. Ал матч­тың аяқталуына аз ғана уақыт қал­ған­да Қазақстан хоккей мекте­бі­нің түлегі, қазіргі уақытта «Ава­н­­гардтың» сапында өнер көрсетіп жүрген Семен Кошелев есептегі айырмашылықты қысқар­тып кетті. Дегенмен, бұл шайба матчта соғылған соңғы гол еді. Сөйтіп, «Барыс» 4:3 есебімен басым түсіп, осы турнирдегі екінші жеңісіне қол жеткізді.

Сондай-ақ, бұл турда Швей­царияның «Давос» командасы «Ад­миралды» (Владивосток) 4:0 есебімен тізе бүктірді. Кеше кешкі­сін мұз үстінде «Авангард» - «Нефтехимик» және «Давос» - «Трактор» командалары өзара жұп құрап, тартысқа түсті.

Ал «Барыс» хоккейшілері бүгін турнирдегі кезекті ойынын Челябинскінің «Тракторымен» өткізеді.

Қайрат ЖҮНІСҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»