Бұрнағы күні Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында еліміздің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев, медицина ғылымдарының докторы, кардиолог Дулат Полымбетов, Алматы дәрігерлер білімдерін жетілдіру институты эндокринология кафедрасының профессоры Михаил Зельцер Астана қаласындағы республикалық диагностикалық орталықта өтіп жатқан «Ерлер денсаулығы күндері» шарасы аясында баспасөз мәслихатын өткізді.
«Ерлер денсаулығы күндері» іс-шарасы аясында ерлер мен ұл балалар урологиялық, жүрек-қан тамырлары және эндокринологиялық аурулар бойынша Астанадағы республикалық диагностикалық орталықта аталмыш профессорлардан тегін кеңестер алуда. Шара ел Үкіметінің басты мәселелерінің бірі – халықтың өмірін ұзартуға байланысты өткізіліп отыр. Өкінішке орай, ел аумағындағы ерлер орташа есеппен әйелдерге қарағанда 12 жылға қысқа өмір сүретін көрінеді. Бұл көбінесе, сырқат ер адамдардың медицина көмегіне өте кеш жүгінетінінің нәтижесі екенін айтқан жөн. Яғни, заманауи диагностика арқылы ауруын анықтап, өмір сапасын жақсартуға еркектердің өзі құлықсыз көрінеді, иә, ер азаматтар ауруларын әбден асқынтып, соңғы стадиясында келіп, әбден титықтағанша жүре береді. Мырзакәрім Алшынбаевтың пікірінше, медициналық көмек мәселесіне келгенде еліміздегі еркектер психологиясын түбегейлі өзгертуіміз керек көрінеді. «Мемлекетімізде ана мен бала денсаулығын қолдауға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар да, ерлер денсаулығына байланысты бір де бір бағдарлама қабылданбаған. Барлығына келгенде қаржы табылады, ал еркектер денсаулығына қаражат бөлмейді. Бұл мәселені біз 2008 жылдан бері көтеріп келеміз, әзірше сеңнің бұзылатын түрі жоқ», – дейді профессор.
Урология ғылыми орталығы Қазақстанның барлық аумақтарында өткізілген іс-шараларды қорытындылай келе, ерлер арасында эректильді дисфункцияның, аденома, простатит, бүйрек тастары аурулары көп таралғанын анықтап отыр. Сонымен қатар, табиғи заңдылықтар мен ауа-райын байланысты оңтүстік және батыс аймақтарда өмір сүретін ерлер арасында бүйрек пен бүйрек тастары секілді ауру түрлері көп таралса, солтүстік пен шығыс аймақтардағы салқын ауа-райының әсерінен оларда қабыну аурулары жиі кездеседі екен.
Баспасөз мәслихатында медициналық көмекке ерте жүгіну жөнінде ерлер арасында ағартушылық жұмыстарын өткізу қажеттілігі көтерілді. Сонымен қатар, мәслихатты ұйымдастырушылар болашақта елордада ерлер денсаулығын қарайтын, жүрек-қан тамырлары, урология және басқа да ер адамдар жиі шалдығатын ауру түрлерін емдейтін әмбебап орталық ашу туралы жоспарларымен бөлісті.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.