Қазақстан • 11 Тамыз, 2017

Мысырға билік жүргізген Бейбарыс

513 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше елордадағы Ұлттық музейде Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қоғамдық-қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Мысырдың мәдениеті мен тарихындағы қыпшақтар мен мәмлүктер» атты дөңгелек үстел өтті.

Мысырға билік жүргізген Бейбарыс

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында, сондай-ақ, Қазақстан мен Мысыр елдері арасындағы мәдени қарым-қаты­настарды дамыту мақсатында өткен жиналысқа аталған қордың президенті, биылғы жылдың сәуір айында ұйымдастырылған «Ба­балар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақов, тарих­шы, ғалым Қойшығара Сал­ғара­ұлы, ғалым  Әділ Ахметов, ақын Серік Тұрғынбекұлы және бас­қа да зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.

«Біз осы жолғы «Бабалар ізі­мен» экспедициясын Мысырдан бастадық. Өйткені оның тарихи себептері де көп. Мысалы, онда сонау XIII ғасырда тұтқынға түсіп, кейін сол елдің билеушісіне айналған, тұтас араб әлемінде аты аңыз тұлға Сұлтан Бейбарыс бабамызға қатысты тарихи орында жәдігер, белгілер аз емес. Міне, бір елге құл болып барып сұл­таны болған бабаларымыздың басқан ізі бізге үлгі, рух береді. Біздің білетініміз бір Бейбарыс болғанымен 1253 жылдан 1373 жылдары аралығында Қыпшақ даласынан барған бабаларымыздың ұрпақтарынан Сұлтан Қалауын, Сұлтан Хасан секілді 25 сұлтан шыққан екен. Біздің отарлық орнатқан құлдық сананы емдеудің бірден-бір жолы тарихты білу, ата-бабаларымыздың кім екенін  жан жүре­гімізбен ұғыну. Бүгінгі ұрпақ­қа керегі осы», деді Сапар Ысқақов.

Экспедиция жетекшісінен кейін сөз алған Әділ Ахметов «мен алдымен сол құлдық сана­ның бастауы қайда жатқаны туралы айтып өтейін» деп сөзін әрі қарай жалғады. «Екінші дүние­­жүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, коммунистік партия орталық комитеті «Түркология саласында терең зерттеулерді тоқтату керек!» деген шешім қабылдаған. Сол шешім  қалай қабылданды, со­дан бастап түрколог ғалымдар қудалана бастады. Тіпті Радлов пен Орхон-Енисей жазуын ашқан Том­сонның кітаптарына сілтеме жасаған ғалымдар қуғын-сүргінді де басынан кешті. Сонда ғалымдар не істеген? «Түрік» деген сөзді жазбай саяси эвфемизмге көшкен. «Түрік» деген сөздің орнына «қа­зақ», «қырғыз», «башқұрт», «татар», «тува» деген секілді атау­лар­ды жазды. Себебі, түркі өр­кение­тінің өте терең, ұлан-ғайыр, ұлы өркениет екенін, бізді содан тамыр үзуге мәжбүрлеу жатыр еді», дей келіп, бүгінгі ғылым мен тех­ника дамыған заманда әлем тіл­дерін білетін жастардың осы са­лаға көптеп келуі керектігін алға тартты.

Ал ғалым Қойшығара Салғара­ұлы: «Жалпы, адамның таным-түсінігінің толық қалыптасуында кем болса болмайтын үш сана бар, біріншісі – тарихи сана. Ол қоғам­ның өз тарихи танымын қалып­тастырады. Екіншісі – ұлт­тық сана. Ол халықты ұлттық мүдде тұрғысында топтас­тырады. Үшіншісі – азаматтық сана. Ол жеке адамның пенделік кірден тазаруға талпынып, парасат биі­гінде ұлы мұраттарға же­телейді. Біз осы үш сананы бел­гілі деңгейге жеткізе алмай келе жатырмыз», деп бүгінгі «рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында азаматтардың аянбай жұмыс істеуін, нақты нәтижеге керектігін баса айтты.

Жиналыс соңында Сапар Ыс­қа­қов Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қоғам­дық қайырымдылық қорының шақыртуымен Сұлтан Бейба­рыс­тың тікелей ұрпағы Самия Бей­­барыс ханымның Астанаға келгенін, «Бабалар ізі» өзге де мемлекет­терде жалғасын табатынын, сондай-ақ «Хабар 24» арнасымен бірлесіп 40-қа жуық деректі фильм түсірілетінін жеткізді.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»