Қазақстан • 11 Тамыз, 2017

Ертұғырыл әртістері елордада

1536 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше ЭКСПО көрмесі өтіп жатқан қалашықта орын тепкен Түркия павильонында аталмыш елдің тарихи туындысы көп сериялы «Ертұғырыл» фильмінде ойнаған әртістерімен қазақ көрермендері қауышты. Өйткені, бұл киноны «Қазақ­стан» ұлттық арнасы арқылы барлық отандастарымыз күн сайын көріп, бір сөзбен айт­қанда, Осман империясы құ­рылғанға дейінгі  түріктердің өмір-салты байырғы қазақ тұр­мысымен етене жақын болғанын аңғаруда.

Ертұғырыл әртістері елордада

 – Телехикаяның халықты баурап алуының басты себебі де осы, – дейді әртіс Нуреттин Сонмез көпшілікпен жүздесу кезінде. − Расында, көшпенді өмірдің суреттелуі, көшпелі мәде­ниет декорациясының қанық бояумен берілуі, тіпті кейбір кадрлардан, киіз үй мен төсеніш текеметтерінен қазақы қошқар мүйіз оюларды байқайсыз.

Телехикаяның режиссері Мех­мет Боздогтің айтуына қа­рағанда,  фильм Осман импе­риясының құрылар дәуірін баян­дайды. Туындыны меншік иесі ретінде өндіріске шығарған Кемал Текденнің «Tekden Film» студиясы. Сериал көрерменге бір демде ұнады. Тіпті түсірілім алаңына президент Режеп Тайип Ердоғанның өзі келіп, сәттілік тілеген.

«Киноның бас кейіпкері Ертұ­ғырыл Оғыз тайпасының Бозоқ қанатынан тарайтын Қайы руының көсемі. Атақты Османлы империясының негізін қалаушы Османның әкесі. Империяны 623 жыл билеген әулет осы кісінің ұрпақтары. Сондықтан да ғаламға алты ғасырдан астам үстемдік жүргізген ба­баларымыздың батыр­лық тарихын сомдауға кірістік», дейді екінші қонақ Женгиз Жошкун мырза.

Кездесудің ресми бөлігі аяқ­талған соң әртістер Нуреттин Сонмез бен Женгиз Жошкун көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Әуелі өздерінің қазақ жұрты мен топы­рағына қауышқан сәтін бақытқа балайтынын айта отырып, бұл туынды тек түріктің ғана емес, күллі түркі жұртының тарихы, біз бен сіздің ерлік дәуіріндегі ортақ рухымыз тоғысып жатқан дүние дегенді жеткізді.

 «Телехикаяның түсірілу жұмыстары қалай жүріп жатыр?» деген көрермен сұрағына: «Қазір фильмнің 4-ші маусым жұмыстары жүріп жатыр. Өкінішке қарай, әлі де машақаттар баршылық. Мініс аттары жарамай қалуы,  өздеріңіз кинодан көргендей киіз үйлердің жел-құзға төтеп беруі сияқты ағымдағы шаруалардан бастап қиындықтар көп. Бірақ біз мұның бәрін еңсереміз», деді мәртебелі қонақ.

Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген

Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан»