Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі шекаралық кеңістікте барлық азаматтық және заңды тұлғалардың, оның ішінде шетел азаматтарының халықаралық шарттарды сақтауларына күн сайын бақылау жасау жолымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының күзетін жүзеге асырады. Күн сайын шекаралық кеңістікте 70-тен 100-ге дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасын бұзушылар ұсталады. Осылайша, 2011 жылғы 9 айда еліміздің және шектес мемлекеттердің 1000-ға жуық азаматтары ұсталды.
Қазақстандық шекарашылар құқық қорғау органдарымен және табиғат қорғау ведомстволарымен әрекеттесе отырып, Каспий теңізінің айдындарында браконьерліктің жолын кесу және жүзудің қолайлы режімін сақтау бойынша шараларға белсенді қатысады.
Жыл басынан бері Мемлекеттік шекарадағы әртүрлі құқық бұзушылықтары үшін – 1125 адам жалпы сомасы 10 909 421 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазақстан Республикасының ҰҚК Шекара қызметі есірткілік заттарды алып өтудің 118 жағдайының жолын кесті. Ұсталған есірткілердің жалпы салмағы 430 килограмнан асты. Оның ішінде героин – 90 килограмнан астам, наша – 23 килограмнан астам, марихуана – 323 килограмнан астам. 12 гектар қарасора плантациясы жойылды. Мемлекет кірісіне 157 млн. теңге қаражат қайтарылды.
Нұрбек ЖАҚАНОВ, ҚР ҰҚК шекара қызметінің қызметкері.