Аймақтар • 11 Тамыз, 2017

Жамбылда оқушылардың 88,3%-ы демалысын лагерлерде өткізеді

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы жаз маусымында жамбылдық оқушылардың 88,3 пайызы демалыстарын лагерлерде өткізетін болады.

Жамбылда оқушылардың 88,3%-ы демалысын лагерлерде өткізеді

Оның ішінде 60 451 оқушы – жетімдер санатындағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар және мүмкіндігі шектеулі оқушылар. Жалпы, өңірде Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Сарысу және Тараз қаласында алты мемлекеттік және төрт жекеменшік сауықтыру лагерлері орналасқан. Бүгінгі таңда аталған лагерлерде жоспарланған 7 217 оқушының 5 790-ы жазғы демалыстарын өткізуде.

Сондай-ақ, оқушылардың жазғы демалыстарын сапалы өткізу мақсатында сауықтыру лагерлері, палаталық лагерлер, мектеп жанындағы демалыс алаңдары, республикалық сауықтыру орталықтары және аула клубтары жұмыс істеп келеді. Әрбір мектепте балалардың жазғы демалыстарына арналған зияткерлік қызметтің түрлі жоспарлары әзірленген. Онда оқушыларды туристік саяхаттар мен экскурсиялар, спорттық жиындар, түрлі бағыттағы үйірмелер, еңбек жасақтарына қамту жұмыстары ұйымдастырылуда. Ал 2017 жылы балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру іс-шараларына жергілікті бюджеттен 315 миллион 208 мың теңге бөлінген.

Осы жылдың 22 мамырында облыстың білім, дін істері жөніндегі басқармалары, төтенше жағдайлар, ішкі істер, қоғамдық денсаулық сақтау департаменттері қызметкерлерінің қатысуымен білім бөлімдерінің мамандарына, қала сыртындағы сауықтыру лагерлері мен мектеп жанындағы демалыс алаңдарының басшыларына, аға тәлімгерлерге арналған оқыту семинары ұйымдастырылды.

Биылғы жазғы маусымда дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернаттары базасында ағылшын тілін үйрену курстарын ұйымдастыру және жоғары оқу орындарында ағылшын тілі мамандығы бойынша оқып жатқан 3, 4 курс студенттерін  волонтер ретінде жаз мезгілінде мектептердегі ағылшын тілі үйірмелеріне тарту жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесіне көп балалы және аз қамтылған жанұялардан шыққан оқушыларды қатыстыру үшін 6 152 балаға облыстық бюджеттен 241 миллион 873 мың теңге және 70 дарынды оқушыға 3 миллион 294 мың теңге бөлінді.

Айта кетерлігі, аймақта қызмет көрсететін барлық сауықтыру лагерлері арнайы күзетпен және бейнебақылау қондырғыларымен қамтамасыз етілген.

Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»