Аймақтар • 11 Тамыз, 2017

«Солтүстік Қазақстанның киелі жерлері» картасы жасалды

3700 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оған тарихи-мәдени жағынан өте маңызды 14 нысан енгізілген. Алдағы уақытта мұндай құнды мұралардың озық үлгілері елуге дейін көбейтілмек.

«Солтүстік Қазақстанның киелі жерлері» картасы жасалды

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында таяу жылдарда атқарылатын міндеттердің ішінде «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобаларын жүзеге асыруға айрықша көңіл бөлінген. Бұл идеяның түпкі төркіні Алтайдан Арқаға дейін созылып жатқан ұлан-асыр жеріміздегі киелі мекендерді, қасиетті орындарды өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде қалыптастыруды көздейтіні  анық.    

Жуырда халқымыздың  ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрауды мақсат еткен осындай бірегей шаралар аясында «Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлері» интерактивтік картасының тұсауы кесілді. Мұрағат директоры Сәуле Мәлікова осыдан төрт ай бұрын тарихи құжаттар негізінде материалдар жинақтау, кең көлемде жүргізілген зерттеулер  негізінде 14 нысан киелі жерлер картасына енгізілгенін жеткізді. Қолдағы бай  деректерге қарағанда, картаның көлемі ұлғая түспек.

Өңірдің киелі картасына Ботай қонысы, Абылайханның резиденциясы,  Сырымбет усадьбасы, Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіш кешені, әулие Петр мен Павелдің шіркеуі секілді тарихымен де, сәулетімен де туристерді қызықтыратын қастерлі мұралар екшеленіп алынған.

Мәселен, ашық аспан астындағы мұражай іспеттес Ботай қонысы көп жылдан бері шетел ғалымдарының да зерттеу обьектісіне айналып келеді.  Бұл аумақта осыдан 50 ғасыр бұрын тарпаң мінезді жылқы түлігі қолға үйретіліп, арбаға жегілгені, қымыз ашытылғаны әлдеқашан мойындалған. Сол сияқты белгілі ғалым К. Ақышев жетекшілік еткен экспедиция Шал ақын ауданында орналасқан Байқара қорғанынан арғы бабаларымыз скиф, сақ тайпалары өмір сүрген дәуірді дәлелдейтін баға жетпес археологиялық қазбалар тауып, біздің заманамызға дейінгі 5-ші ғасыр жәдігерлеріне жатқызылған болатын.   Ел жадында «Абылайханның ақ үйі» ретінде жатталып қалған кешенді мұражай да  үлкен маңызға ие.  Оның іргетасы 18-ші ғасырда қаланып,  кейін жермен жексен болудың аз-ақ алдында тұрғанда  Елбасының қолдауы арқасында  қалпына келтірілген.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»