Аймақтар • 11 Тамыз, 2017

Атыраудың 4 тарихи нысаны «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасына енді

2715 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

28 мамыр күні облыс əкімінің орынбасары Ə.Наутиевтің төрағалығымен «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыс тобының бірінші отырысы өтті

Атыраудың 4 тарихи нысаны «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасына енді

Жобаны жүзеге асырудағы басты қағидалардың бірі – Қазақстанның киелі нысандарын жүйелеу, материалдар жинау, кең көлемді кешенді зерттеу жүргізу. Жұмыс тобының құрамына өлкетанушылар, тарихшылар, облыстық музей, мұрағат, кітапхана, тарихи-мəдени мұраларды қорғау инспекциясы басшылары енді. Мəжіліс барысында «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасының бастапқы тізіміне енген 13 тарихи-мəдени нысан бекітілді. Оның 3-еуі археологиялық жəне сəулет ескерткіштері, 9-ы діни орындар, біреуі тарихи тұлғалар мен саяси оқиғаларға байланысты нысан.

4 нысан Қазақстанның киелі орындарының қатарына енді, олар – Сарайшық қалашығы, Ақмешіт қорымы, Ұшқан ата мавзолейі, Махамбет Өтемісұлының кесенесі.

Ақмешіт қорымы. в, XVIII-XX ғ.

Атырау облысы Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылынан 28 шақырымда, солтүстік-шығыс бағытында орналасқан. Ағартушы, сəулетші, діни қызметкер Бекет Мырзағұлұлы (1750-1813 ж.ж) дүниеге келіп, өскен жер. 1771-1774 жылдары Бекет жер асты мешітін салып, діни, рухани, емшілік қызмет көрсеткен, балаларды оқытқан. Мұнда əулиенің əкесі Мырзағұл, анасы Жания жəне бауыры жерленген.

Сарайшық қалашығы. XIII-XVI ғ.

Сарайшық қаласы орта ғасырдағы үлкен, гүлденген қала болған. Атырау облысы Махамбет ауданы Сарайшық селосының маңында орналасқан. Мұнда Ноғай Ордасы ханының, кейін алғашқы қазақ хандығының ставкасы болған. Сарайшықта жеті хан жерленген: алтынордалық – Сартақ, Берке, Тоқтақия, Жəнібек (кейбір деректерде – Мөңке Темір), қазақ ханы Қасым, ноғай хандары Измаил мен Ораз.

Ұшқан ата қорымы

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 50 шақырымда, оңтүстік-шығыс жақ бетінде орналасқан. Қорым атауы əулие Ұшқан атаның сол орында жерленуіне байланысты қойылған. Аңыз бойынша ғалым əрі көріпкел Ұшқан ата туыстарын өлтіргендерге қарсы жорықта қаза тапқан. XVIII ғасырда қалмақтар мен торғауыттар, қазақтар арасындағы қанды қырғында ажал құшты деген де деректер бар. Қорымда 200-ден астам бейіт бар.

Махамбет Өтемісұлының кесенесі (1803-1846 ж.ж).

Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылынан 50 км эерде орналасқан. Ақын, батыр. Махамбет Өтемісұлы – ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы, əскерлеріне жалынды жырларымен рух берген. Кесене республикалық дəрежеде қорғалатын ескерткіштер қатарында.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»