Алматыда кәсіподақтар күніне орай, «Жастар кәсіподақты қолдайды» атты халықаралық бірінші форум болып өтті. Оған еліміздің әр өңірінен кәсіподақ ұйымдары өкілдері қатысты. Форумда – Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев баяндама жасап, жастар – қоғамның қозғаушы күші, әрі белсенді мүшесі екендігін алға тартты. Сонымен қатар, Брюссель қаласынан келген Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының кеңесшісі Леппик Антон сөз алды. Ол, әлем жастарының бейбітшілік жолындағы күресін тілге тиек етті.
Халықаралық жастар форумында жастардың бүгінгі таңдағы келелі мәселелері кеңінен талқыланып, оны шешудің жолдары қарастырылды. Жиынға қатысушылар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы құрметіне республикамыздың барлық жастар ұйымдарын белсенділік пен іскерліктің және қажырлылықтың үлгісін көрсетуге шақырды.
Форум барысында кәсіподақтардың республикалық «Көшбасшы шеруі – 2011» байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі де болды. Жасыл желекті саябаққа көшеттер отырғызылып, Алатаудың аясындағы «Дала жарқылы» түнгі фестивалін тамашалады.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.