атты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің дипломына республикалық конкурсы өз мәресіне жетті
Тәуелсіздік – киелі ұғым және екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Оның қазақстандықтар ұғымында қалыптасқанына биыл 20 жыл. Егемендігі мен тәуелсіздігі туы астында Қазақстанның жиырма жыл ішінде даму жолы Елбасы саясатының дұрыс екендігін дәлелдеді. Қазақстан Республикасы халқының өз тәуелсіздігін сақтауға, нығайтуға белінің бекемдігін танытты. Адамдарымыздың үлкендерінің де, кішілерінің де, жастарымыздың да өз болашағына деген сенімдерінің зор екендігін олардың бүгінгі бет алысы, келбеті көрсетіп отыр.
Иә, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздігімізге осы күні қол жеткіздік, енді ел тұғырын мықтап ұстап, оның шарықтауына болашақ жастардың ықпал етуі біз үшін үлкен сенім. Осы тұрғыда Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын тойлауға орайластырылып, Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен ұйымдастырылған «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» атты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің дипломына республикалық конкурсы бүгінде өз мәресіне жетті.
«Үздік сурет», «Үздік тақпақ», «Үздік мақала», «Үздік бейнетүсірілім», «Үздік әңгіме», «Үздік зерттеу жұмысы», «Үздік фотосурет», «Үздік бейнефильм», «Үздік сәулет жұмысы» атты 9 номинация бойынша өткізілген конкурсқа Қазақстанның 5040 жалпы білім беру мектептерінен 4379 оқушы қатысып, 5641 шығармашылық жұмыстар ұсынылды. Комиссия мүшелерімен шығармашылық туындыларға бағалау жүргізіліп, 63 жеңімпаз анықталды.
«Ел мен жерді құрметтеу – азаматтық парыз» дегендей, мектеп оқушылары өздерін жан-жақты қырынан көрсетіп, бүгінгі елдің жастары білімді, жігері мен сүйіспеншілігі зор, әрі қоғамның дамуына үн қосатын талапшыл екендігіне осы конкурс барысында біздің көзіміз әбден жетті. Ауыз толтырып мақтанарлыққа тұрарлықтай туындылар баршылық екен.
Қазіргі уақытта, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған оқушылардың үздік шығармашылық туындыларының кітап-жинағын шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал конкурс жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау іс-шарасын Астана қаласында үстіміздегі жылдың желтоқсан айында өткізу жоспарланып отыр.
«Тәуелсіздік – біздің алдымыздан жарқын болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолдан ешқайда бұлтармай, алға баса береміз», – деген Елбасының алтын сөзі өскелең ұрпақ үшін өнегеге толы. Бабалардың даналық дәстүрін, аға ұрпақтың ізгі жолын жалғастыру, қиындық атаулыны жеңе білу, халық игілігі үшін аянбай еңбек ету қасиеттерін қалтқысыз сақтау – бүгінгі буынның берік ұстанар қағидаты болуға тиіс.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған осындай конкурс еліміздің жас жеткіншектеріне жасалған тамаша тарту болды.
Еліміздің экологиялық мәселелерін көтеретін, жастарды бірлік пен білімге, тәуелсіз еліміздің дәулетін құрайтын мол ырысқа айналдыратын экологиялық білім беру жөніндегі мұндай конкурстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
Қазақ үшін оңынан туған жаңа ғасырда достық пен жарастықтың, орнықтылық пен келісімнің, жасампаздық пен болашаққа деген зор сенімнің бар жүгін арқалайтын білімді жастарымыз көбейе берсін демекпін!
Ғалия КӘРІБЖАНОВА, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық саясат және орнықты даму департаментінің директоры.