14 Қазан, 2011

«Таза болса табиғат – аман болар адамзат»

454 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
атты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің дипломына республикалық конкурсы өз мәресіне жетті Тәуелсіздік – киелі ұғым және екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Оның қазақстандықтар ұғы­мында қалыптасқанына биыл 20 жыл. Егемендігі мен тәуелсіздігі туы астында Қазақстанның жиыр­ма жыл ішінде даму жолы Ел­басы саясатының дұрыс екендігін дәлелдеді. Қазақстан Республи­касы халқының өз тәуелсіздігін сақтауға, нығайтуға белінің бекемдігін танытты. Адамдары­мыз­дың үлкендерінің де, кішілерінің де, жастарымыздың да өз бола­шағына деген сенімдерінің зор екендігін олардың бүгінгі бет алысы, келбеті көрсетіп отыр. Иә, ата-бабаларымыз сан ға­сырлар бойы армандаған Тәуел­сіздігімізге осы күні қол жеткіздік, енді ел тұғырын мықтап ұс­тап, оның шарықтауына болашақ жастардың ықпал етуі біз үшін үлкен сенім. Осы тұрғыда Тәуел­сіздігіміздің 20 жылдығын той­лау­ға орайластырылып, Қазақ­стан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен ұйымдастырылған «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» атты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің дипло­мы­на республикалық конкурсы бүгінде өз мәресіне жетті. «Үздік сурет», «Үздік тақ­пақ», «Үздік мақала», «Үздік  бей­нетүсірілім», «Үздік әңгіме», «Үздік зерттеу жұмысы», «Үздік фотосурет», «Үздік бейнефильм», «Үздік сәулет жұмысы» атты 9 номинация бойын­ша өткі­зілген конкурсқа Қазақстанның 5040 жалпы білім беру мектептерінен 4379 оқушы қатысып, 5641 шығармашылық жұмыстар ұсы­нылды. Комиссия мүшелерімен шығармашылық туындыларға бағалау жүргізіліп, 63 жеңімпаз анықталды. «Ел мен жерді құрметтеу – азаматтық парыз» дегендей, мектеп оқушылары өздерін жан-жақты қырынан көрсетіп, бүгінгі елдің жастары білімді, жігері мен сүйіспеншілігі зор, әрі қоғамның дамуына үн қосатын талапшыл екендігіне осы конкурс барысын­да біздің көзіміз әбден жетті. Ауыз толтырып мақтанарлыққа тұрарлықтай туындылар баршы­лық екен. Қазіргі уақытта, Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 20 жылды­ғына ар­налған оқу­шылардың үздік шы­ғармашылық ту­ын­­дыларының кі­тап-жинағын шығару бойынша жұ­мыстар жүр­гізі­луде. Ал конкурс жеңімпаз­да­рын сал­танатты түрде ма­рапат­тау іс-шарасын Астана қала­сында үстіміздегі жылдың жел­тоқсан айында өткізу жоспар­ланып отыр. «Тәуелсіздік – біздің алды­мыздан жарқын болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолдан ешқайда бұлтармай, алға баса береміз», – деген Елбасының ал­тын сөзі өскелең ұрпақ үшін өне­геге толы. Бабалардың дана­лық дәстүрін, аға ұрпақтың ізгі жолын жалғастыру, қиындық атаулыны жеңе білу, халық игілігі үшін аянбай еңбек ету қасиеттерін қалтқысыз сақтау – бүгінгі буынның берік ұстанар қағидаты болуға тиіс. Қазақстан Республикасы Тәуел­­сіздігінің 20 жылдығы қарсаңы­нда ұйымдастырылған осындай конкурс еліміздің жас жеткіншектеріне жасалған тамаша тарту болды. Еліміздің экологиялық мәсе­лелерін көтеретін, жастарды бір­лік пен білімге, тәуелсіз елі­міздің дәулетін құрайтын мол ырысқа айналдыратын эколо­гиялық білім беру жөніндегі мұндай конкурстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Қазақ үшін оңынан туған жаңа ғасырда достық пен жарастықтың, орнықтылық пен келісімнің, жасампаздық пен болашаққа деген зор сенімнің бар жүгін арқалайтын білімді жастарымыз көбейе берсін демекпін! Ғалия КӘРІБЖАНОВА, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық саясат және орнықты даму департаментінің директоры.