«Қалауын тапса, қар жанады», деп жатады халқымыз. Абай ауданында Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында жұмыссыздарды, өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, табысы төмен адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Естіп, білуімізше, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков осы мақсатпен облыстық білім, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтамасыз ету басқармаларымен өзара келісім арқылы басқа аудандарда игерілмей жатқан қаржы есебінен өздерінде қысқа мерзімді курстар ашуға қол жеткізіпті. Соның нәтижесінде биылғы жаңа оқу жылынан бастап аудандағы №24 кәсіптік лицейде ветеринар-оператор мамандығы бойынша 3 және 10 айлық курстар ашылған көрінеді. Оларда 50 оқушы білім алуда.
Курс оқушылары 12 мың теңге көлемінде шәкіртақы және бір мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Курсты бітіргендерге арнайы куәлік берілмек. Оларды оқыту үшін екі мұғалім бөлініп отыр.
Мұның сыртында жиырма шақты жас Семейге түрлі курстарға оқуға жіберіліпті. Олар қазірде ауылды жерде таптырмайтын дәнекерлеуші, сантехник, слесарь, аспаз, іс қағаздарын жүргізуші мамандықтарын меңгеріп жатыр. Мұны да оңды іс деп білеміз.
Аталған ауданда осындай игілікті шаралармен бірге, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында әжептәуір мөлшерде шағын несие алуға қол жеткізіліпті. Ол кемінде алпыс шақты адамға таратылмақ. Бұл да жұмыспен қамтамасыз ету бағдарламасы негізінде атқарылып жатқан игі шаруаның бір парасы болып табылады. «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, осындай-осындай игі талпынысты құптамасқа болмайды.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Шығыс Қазақстан облысы.