Қазақстан • 14 Тамыз, 2017

Астанада шахматшы Әсел Серікбай 15 тақтада бір мезгілдік сеанс өткізді

509 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

14 тамыз күні Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында шахмат клубында қызылордалық шахматшы Әсел Серікбай 15 тақтада бір мезгілдік сеанс өткізді. Оған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.

Астанада шахматшы Әсел Серікбай 15 тақтада бір мезгілдік сеанс өткізді

- Бірнеше күннен бері Елордада Қызылорда облысының мәдени күндері өткізіліп жатыр. Соның аясында қызылордалық шахматшы Әсел Серікбайдың бір мезгілде 15 тақтада сеанс өткізу бағдарлмасын енгізіп отырмыз. Елдің туы екі жағдайда: мемлекет Президенті екінші елге келген кезде және халықаралық спорттық додаларда жеңіс тұғырынан көрінген кезде көтеріледі. Сондықтан да спорт – бейбітшілік белгісі деген осы. Ал оның ішінде шахмат ойынының адамзат тарихында үлкен орны бар. Бұл ойын өте ойлылықты, зерделілікті, терең қиялды қажет етеді. Сондықтан бүгінгі кездесу, бүгінгі ойын жас шахматшыларға ерекше әсер қалдырады деген ойдамыз,- деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.

Әсел Серікбай - шахматтан облыс тарихында алғашқы ФИДЕ шебері, жасөспірімдер және жастар арасында 8 дүркін қазақстан чемпионы, жасөспірімдер арасында 3 дүркін Азия, оқушылар арасында 2 дүркін әлем чемпионы. Айта кетейік, Әсел осымен екінші мәрте сеанс өткізуде.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында 10-14 тамыз күндері Қызылорда облысының мәдени күндері өткізілген болатын.