Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аумағында Алматы облысы мен Швейцарияның Тичино кантоны арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Тичино мемлекеттік кеңесі мен экономика және қаржы министрі Кристиан Витта аталған құжатты Швейцария павильонында болған салтанатты жиында бекітті. Қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Швейцария Конфедерациясының президенті Дорис Лойтхард қатысты.
«Швейцарияның Тичино өңірімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум негізінде бірлескен жобалар үшін Алматы облысы таңдап алынды. Өйткені, олардың табиғи, ауылшаруашылық жағдайлары біздің Жетісу өңірімен ұқсас келеді екен. Енді ауыл шаруашылығын дамыту бағытында соңғы буынды технологияларды жеткізуге күш салынып, аймақ туризмін дамытуға барынша назар аударылады. Әсіресе, туризм саласында олардан үйренетін үрдістер көп екенін ескеру қажет. Бұл тұрғыда инвестиция тарту жұмыстарында тиісті келіссөздер жүргізіле бастайды», деді өңір басшысы А.Баталов. Оның сөзіне қарағанда, Швейцарияда күн және жел энергетикасын өндіру жақсы дамығандықтан, облыс әкімдігі тиісті бірлескен жобаларды жүзеге асыруды пысықтайтын болады.
«Қонақтарымыз тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу саласында да жетістікке жеткенін мойындауымыз керек. Бұл бағыт біздің қызығушылығымызды тудырып отыр. Бүгінде облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің толық кезеңі құрылмаған. Сондықтан, осы салада олардың тәжірибесін үйренуді қарастырамыз», деді облыс әкімі.
Басқосу келесі күні Астана қаласы әкімі Әсет Исекешевтің және Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен өткен «For site» кездесуімен жалғасты. Елорда әкімдігі мен Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығы бастамашы болған жиында қатты тұрмыстық қалдықтарды таситын көлік құралдарын бақылап отыратын аймақтық ақпараттық жүйені енгізу тақырыбы талқыланды. Шара барысында Энергетика министрлігі, Астана қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері, «ӨКМ операторы» және Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығы қалдықтарды қайта өңдеудің тетігін, соның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу сынды маңызды мәселелерді бірлесе шешуге арналған ұзақ мерзімді әріптестік жөнінде меморандумға қол қойды.
Күннен күш алған ел
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде Пәкістан Ислам Республикасының ұлттық күні өтті. Бұл мереке мемлекеттің тәуелсіздік алған күнімен тұспа-тұс келген. Осыған орай салтанатты шара ұйымдастырылып, Қазақстан мен Пәкістанның әнұраны шырқалды, тулары көтерілді.
Мерекенің ресми бөлімінде Пәкістан павильонының директоры Кхурам Икрам сөз сөйлеп, Астанадағы халықаралық көрме барысында «жасыл технология» бағытында көп тәжірибе жинап жатқандарын әңгімеледі. «Қазақ еліне осындай айтулы көрмеге қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамыз. Пәкістан павильонында қолөнер бұйымдары көптеп қойылған. Оның бәрі таза табиғи өнімдерден жасалған. Мысалы, қыш құмыраларды, саздан күйдірілген табақтарды көруге болады. Сонымен қатар, көрме аумағындағы төбені бамбук ағаштарымен көмкердік. Себебі, Пәкістан тұрғындары күннің ыстығынан қорғану үшін үй төбесін дәл осы бамбукпен жабады», деді мәртебелі мейман.
Бұл ел, расында, табиғатқа етене жақын әрі «жасыл технологияны» кеңінен қолданады. Тіпті ыдыс-аяқтарының көбісін саздан күйдіріп жасайды. Ал павильоннан күн мен желден қуат алудың сан түрлі әдісін көруге болады. Мұнда саз балшықтан жасалған пеш те орнатылған. Оның артықшылығы, электр қуатын шығындамайды. Әрі жылуды біркелкі беретіндіктен, тамақты да күйдірмейді. Сондай-ақ, Пәкістан желді де тиімді пайдаланудың көзін тапқан. Кәдімгі самал жел үйдегі ауа алмастырғыштың орнын баса алады. Ол үшін құрылыс жүргізгенде төбеге желдің күшін жинайтын құрылғы орнатылады. Мемлекетте күннен қуат алу бір жолға қойылған. Айталық, Пәкістан Парламент сарайы толығымен күн энергиясы арқылы жарықтандырылады.
Көрмеде бүкіл әлемді көресің
Б.Сағынтаев халықаралық көрме аумағындағы Беларусь павильонының ерекшеліктерін сөз етті. «Онда беларусь ғалымдарының «Болашақ энергиясы» саласында энергия үнемдеу және экологиялық техника мен жабдықтар өндірісі, көмір қышқыл газын шығаруды азайту және энергия тиімділік саласындағы соңғы инновациялық әзірлемелер көрсетілген. Сондай-ақ, павильон қонақтарының таңданысын тудырған электробустың макетін ерекше атағым келеді. Бұлар көрме тақырыбына толығымен сай келеді», деді ол.
Беларусь Республикасының Премьер-министрі Андрей Кобяков ЭКСПО-2017 көрмесі арқылы қонақтар бір күнде әлемді аралап шығуға мүмкіндігі бар екендігін айтты. «Бұл бірегей шараның келушілері бір күннің ішінде бүкіл әлемді шарлап, әлемдік өркениеттің қаншалықты алуан түрлі екендігін көздерімен көре алады. Осы саяхат шын мәнінде есте қалуы үшін біз – қатысушы мемлекеттер өз еліміздегі ең үздік әрі ерекше көріністерді көрсетуге тырыстық», деді А.Кобяков. Оның сөзінше, Беларусь ұлттық павильонының тұжырымдамасы жаңа қағидаларға құрылған. Павильон қонақтары Жібек жолы экономикалық белдеуінде құрылған, шын мәнінде нағыз қазына деп атауға болатын «Ұлы тас» Қытай-Беларусь индустриалды паркінің қызметімен таныса алады. Машина құрылысы саласының бүкіл спектрін ұсынған таныстырылымда IT-технология кең көлемде пайдаланылған. Премьер-Министр Астанада өтіп жатқан айтулы шараның қос ел арасындағы энергетикалық қауіпсіздік саласына септігін тигізетінін де тілге тиек етті.
Ұлттық күн мерекесі Беларусь Республикасынан келген «Хорошкин» хореографиялық би ансамблінің өнерімен жалғасты.
Алматы мен Ыстықкөлдің арасына қатынайды
Беларусь ғалымдары болашақтың көлігін ойлап тапты. Жер бетінде қалықтап жүретін фуникулер бір құрлықтан екіншісіне қатынай алады. Бұл өнертабысты беларусьтар Астанада өтіп жатқан «Made in Belarus» көрмесінде таныстырды. Мұнда 70-тен астам кәсіпкер машина жасау, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, жеңіл өнеркәсіп сияқты сан саладағы тауарларын ұсынған.
SkyWay – елді мекен ішінде, қаладан қалаға, тіпті құрлықтан құрлыққа қатынай алатын бірегей инновациялық көлік жүйесі. Фуникулердің сағатына 500 шақырымды еңсеретін қауқары бар. Бүгінде Беларусь ғалымдары ойлап тапқан өнертабысқа 200-дей мемлекет қызығып отыр. Олардың қатарында Қазақстан да бар. «Бұл көлік көп ұзамай әлемді жаулап алады. Қазір оны Қазақстанда да іске қосу мүмкіндіктері қаралуда. «SkyWay» тау бөктері арқылы Алматыдан Қырғызстанның Ыстықкөліне дейін қатынамақ», дейді «БелТРАНСНЕТ» компаниясының басқарушысы Игорь Черный.
Елорда және ЭКСПО
Астана әкімдігі халықаралық көрменің екі айлық жұмысын қорытындылады. Күллі әлем көз тіккен шара ашылғалы елордаға 2,1 миллионнан астам адам келсе, олардың 1,4 миллионы – туристер. Темір жол вокзалдарының жүктемесі 60 пайызды құрайды, әуежайдың жүктемесі 70 пайызға жеткен, туроператорлардың қызметіне сұраныс 78 пайызға артқан. Туристік «welcometoastana» интернет-порталының қолданушылары екі ай ішінде 20 мыңға жуықтаса, сайтқа кіру көрсеткіші – 75 мың. Қолданыстағы нормаға сәйкес елордада азық-түлік тұтыну көлемі күніне 1 500 тонна екен. Көрмеге қонақтардың көптеп келуіне байланысты азық-түлік өнімдерін тұтыну 20-30 пайызға өскен. Бағаны тұрақтандыруда жаңа тетіктер қабылданып, қалаға азық-түлік өнімдерін көптеп жеткізуде бірқатар шаралар қабылданғанын айта кеткен жөн. Айталық, «Astana-ӘКК» ҰК» АҚ арқылы «Кеңмарт» пен «Астықжан» сауда орталықтарына 300 млн теңге көлемінде несие берілген. Қазір бұл нысандар ағымдағы жылдың соңына дейін тауардың 10 санаты бойынша азық-түліктің 49 түріне төмен баға бекітті.
Халықаралық шараны өткізу үшін жол-көлік инфрақұрылымын дайындау аясында 23,4 шақырымдық 11 көше салынып, 17,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көрме аумағында жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 50,2 шақырымдық жылыту жүйесі, 25 585 шақырым электр желісі және электрмен жабдықтаудың 3 нысаны салынды, «Жаңа жол» ҚС қайта құрылды. Жаңа тазалау құрылғылары мен жаңбыр кәріз жүйесінің құрылғылары пайдалануға берілді.
Оған қоса, қоғамдық көліктің қозғалыс жүйесін жаңғырту бойынша 7 қосымша «Shuttle Bus» маршруттары іске қосылды. Олар ЭКСПО көрмесін шалғайдағы аудандарымен байланыстырады. Негізгі 12 көшесінде 37,55 шақырымдық «Bus Lane» арнайы жолағы енгізілген. Астана әкімдігі тарапынан халықаралық шара кезінде түрлі формат пен жанрдағы 647 мәдени шара өткізу жоспарланған.
10 маусымнан осы уақытқа дейін 51 ірі және маңызды шаралар өтті. Ал маусым-шілде айларында елорданың мейрамханаларынан, қонақүйлерінен, қоғамдық тамақтану орындарынан салық түсімі 462 млн теңгеге жетіп, едәуір артқан. Соңғы алты ай ішінде тіркелген кәсіпкерлік субъектілері 143 084 бірлікті құрапты.
Көрме аумағында 7 медициналық пункт пен орталық орналасқан. Оған қоса қалада жаңа жедел жәрдем стансасы салынды.
Шардаралық ақсақалдардың көңілі шат
«Жақсыны көрмек үшін» деген бар ғой, еліміздің қиыр шетінде жатқан шардаралық ақсақалдар да аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың ұйымдастыруымен 1700 шақырым жерден автобуспен Астанаға ЭКСПО-2017 көрмесін көруге келіпті. Шардарадан шыққан автобус тоқтамастан бір тәуліктен артық уақытта ақсақалдарды Астанадан бір-ақ шығарған екен. Қанша жайлы болса да автобус соғып, ақсақалдар қалжырап қалған шығар деп ойлағанбыз, сөйтсек көрмені көргенде олардың жүздері жайнап, көңілдері шаттанып, бойларына елімізге деген мақтаныш сезімі жүгіріп, алған әсерлерін жарысып айтып жатты.
Шардарадан шалдықпай жеткен 30 ақсақалдың бәрі де еңбек ардагерлері, ауданға еңбек сіңірген қарттар көрінеді. Солардың арасында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, ауданның құрметті азаматы Тәңірберді Ағманұлы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қыстау Ілесов, мүгедектер қоғамының төрағасы Қуаныш Ерназаров және т.б. бар.
Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Әділ Әбдірамановтың айтуына қарағанда, бұған дейін ауданнан 50 оқушы демеуші есебінен ЭКСПО-ны тамашалап кеткен екен. Ал жалпы аймақтағы әлеуметтік әлжуаз топтардың 500 баласы облыс әкімі Ж.Түймебаевтың ұйымдастыруымен көрмеге келіпті, олардың арасында 25 шардаралық оқушы да болған көрінеді. Оқу жылы басталғанша Шардарадан тағы да 150 оқушыны көрмеге әкелмекпіз, деді ол.
Топтаманы әзірлегендер Асхат РАЙҚҰЛ,
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»