Қасиетті де киелі, шежірелі Зайсаннан қанат қаққан өнер адамдары, алайда, арамыздан ерте мәңгілік сапарға аттанып кеткен 80-нен астам талантты еске алып, олар жайлы эссе, ой-толғауларын топтастырған «Зайсанды ән-күйімен әлдилеген» атты сыясы кеппеген жаңа жинақты жерлестеріне алып келген алматылық ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлері Көкенай Камалиев, Құмарбек Сыдықов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, Зайсан ауданының құрметті азаматтары Заманбек Әбдешов, Әбетхан Тоқтағанов, атақты әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәлел Уәш, әнші, актер, кітапты баспаға әзірлеген Бауыржан Құмарбеков, естелік жазған алматылық Жәмила Қайрақбаева, Мәриям Бапаева, тарихшы Жұмахан Мұхаметжанов, күйші Төкен Ағзамов, полиция полковнигі Болатбек Солтанов, тағы басқалар аудандағы сапарын Сарытерек, Қаратал, Дайыр, Қарабұлақ ауылдарынан бастады. Төрт ауылда да тұрғындар мол жиналып, кітап авторларымен емен-жарқын әңгімелесті, кітаптың тууына не себеп болғаны жайлы сауалдар қойды, қайтыс болған таланттар жайлы естеліктер айтты. Бастапқы үш ауылдың өнерпаздары қонақтарды ән мен күйге сусындатты. Дайыр ауылындағы кездесуде әжелер ансамблінің өнері, 14 жасар биші Назерке Ермекованың «Аққу» биі жиналғандарды әсерге бөледі. Осы ауылда білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан ақын, аудармашы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Заманбек Әбдешов, ақын Әбетхан Тоқтағанов өлеңдерін оқыды. Әнші Дәлел Уәш Қарабұлақ ауылындағы кездесуде әннен шашу шашты. Ораз Кәкеевтің досы, режиссер Көкенай Камалиев, ақын, Құмарбек Сыдықов атақты актер, кітапқа енген таланттар жайлы бұрын естімеген жайлардан хабардар етті.
Кітаптың тұсаукесері, талантты әнші Ораз Кәкеевтің 80 жылдығына арналған театр фестивалі аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Мәдени шараны ұйымдастырушылар кәдімгі Голливуд фильмдерінен көріп жүргендей «қызыл кілемді» жайып қойып, алыстан ат терлетіп келген қонақтарды, Ораз ағаның баласы Арыстанбек Кәкеев пен балаларын соның бойымен жүргізіп, ішке енгізді. Аудан әкімі Темірбек Қасымжанов салтанатты рәсімде сөз алып, құрметті қонақтардың иығына шапан жауып, «Алғыс хатпен» марапаттады. Тұсаукесер рәсімінде ауданның құрметті азаматтары, оннан астам шығармалары жарық көрген, ауданға сыйлы азаматтар Бекен Жапаров пен Қалибек Алтыбаевқа сөз берілді. Қалағаң бұл кітапта аты аталған өнер, мәдениет қайраткерлері жайлы кезінде өзі де жазғанын, ал мынадай ауқымды, жастарға тәрбие беретін шығарманың салмағы басым екеніне тоқтала кетті. Ораз ағаның ұл, қызы Арыстанбек пен Гүлжаз Кәкеевтер әкесінің мерейтойын театр фестивалімен ұлықтағаны үшін аудан басшылығына алғысын білдірді.
Театр фестивалі ертеңінде мәресіне жетті. Бас жүлдені Зайсан халық театры (режиссері «Мәдениет саласының үздігі» Алма Сүлейменова) жеңіп алды. Олар сахналаған «Кенесары-Күнімжан» спектаклі ауданның барлық елді мекендерінде қойылып, көрермендер ықыласына бөленген болатын. Ал бірінші орынды Ақсуат халық театры иеленді. Ақсуаттық сахна шеберлері Қ.Жұмабековтің «Адасқандар» атты спектаклін шынайы бейнеледі.
кінші, үшінші орындарды иеленген театр ұжымдары да аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хаттарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ораз Кәкеевтің ұлы, белгілі әнші Арыстанбек Кәкеев жанұясы атынан алғысын білдірді.
Қос бірдей мәдени шараны ұйымдастырған аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаеваға, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серікбол Сиырбаевқа, әртістер мен әншілерге жиналғандар алғысын білдірді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы