Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 356,4 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Оның ішінде 289,5 млрд теңге тау-кен саласына, 49,7 млрд теңге өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі. Сонымен қатар өнеркәсіптің өңдеу секторы да қарқынды дамуда. Оған дәлел сектордың ішкі жалпы өнім үлесі соңғы төрт жылда 3 есеге дейін өскен.
Аймақ экономикасының дамуы үшін де маңызды жобалар іске асырылуда. Мәселен, испаниялық жаңа технологияны енгізудің арқасында «Арал тұз» акционерлік қоғамы өнім экспорттауды 40 есеге ұлғайтыпты. Қытай елінің инвесторлармен бірлесіп Шиелі ауданында тампонажды цемент өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, осыдан бір ай бұрын Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылында жылына 1500 тонна дайын өнім шығаратын құс фабрикасының құрылысы басталды. Жоба «Актобе и К» және «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішінде кен байыту комбинаты мен газ-турбиналы электр стансасының құрылысын салу бойынша жұмыстар жоспарланып, осының аясында «Баласауысқандық» ванадий кен орнын британдық компаниялармен бірлесіп игеру қолға алынды.
Жалпы, өңір экономикасына 70 млрд теңгенің инвестициялары тартылып, Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп, жалпы құны 100 млн доллардан асатын 4 жоба жүзеге асырылуда. Халықаралық қаржы институттары – Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі және Дүниежүзілік даму банкі арқылы 720 млн доллар тұратын 15 жобаны қолға алып отыр екен.
Олбыс қазір тұрғын үй салу көрсеткіші бойынша Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Бірінші жартыжылдықта 307 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 38,4 пайызға артық. Ал, ауыл шаруашылығы саласында 15,0 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, жаңадан 7 017 жұмыс орны ашылған. Соның бірі – жаңа шыны зауытының іске қосылуы. Болашақта мұнда 350-400 адам жұмыс істеп, нәпақасын айырмақ.
Облыс халқының 60 пайызы көгілдір отынның игілігін көруде. Жуықта газ жіберу стансаларының желілік мүмкіндігін кеңейту мақсатында «Қараөзек» газ компрессорлық стансасы іске қосылған. Бұл – болашақта Астана қаласына газ жеткізу үшін жасалып жатқан жобалардың бірі.
* * *
Облыс күндері аясында елорда халқы үшін «Қазақстан» спорт кешені автотұрағында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараның алғашқы ашылуына облыс басшыларымен бірге Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысып, жәрмеңке өнімдерімен танысты.
Жәрмеңкеге Қызылорда облысының 30 шаруашылығы 40 түрлі ауыл шаруашылық өнімдерін әкеліпті. Оның ішінде Сыр елінің мақтанышы, негізгі дақыл – күріш пен қауын-қарбыз, Арал теңізінің дәмді балығы және басқа да өнімдер бар. Нақтырақ айтқанда, 60 тонна күріш, 3 тонна жылқы еті, 1 тонна тауық еті, 15 тонна балық, 1 тонна қымыз-шұбат, 90 тонна қауын-қарбыз, 20 тонна көкөніс, қияр, қызанақ, 35 тонна картоп, 8 тонна сәбіз, 10 тонна қырыққабат, т.б. өнімдер нарықтағы бағадан біршама арзан бағамен сатылды.
– ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында елордада төрт рет жәрмеңке өткізу жоспарланған болатын. Осыған дейін Ақмола және Батыс Қазақстан, Атырау облыстарымен бірлесіп, өңіраралық ауылшаруашылық жәрмеңкелерін ұйымдастырдық. Бұл жолы елордалықтар үшін 60 миллион теңгеге бағаланған 200 тонна өнім алып келдік. Тауар бағасын Астана қаласы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасымен алдын ала келісіп белгіледік. Өйткені, баға халыққа тиімді болуы керек. Сөйте тұра, біздің сатушылар арнайы белгілеп берген бағадан да төмен сатып жатыр, – деді Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақанов.
Жәрмеңке сенбі, жексенбі күнге белгіленген екен. Сенбі күнгі жәрмеңкеге бардық. Халық ығы-жығы. Әсіресе, Сыр бойының әйгілі қауын-қарбызының маңайында топтасқан халық көп. Күләбі, әміре, әңгелек, торлама қауындарды сатып тұрған сатушылардың жүздері жарқын. Көппен бірге жәрмеңкені аралай жүріп қызылордалықтардың өнім сатып отырған бағасына да назар аудардық.
Мысалы, ақ күріштің килосы – 180 теңге, жылқы еті – 1 500 теңге, сиыр еті – 1 250 теңге, шұжық өнімдері – 900 теңге, қымыздың литрі – 500 теңге болса, шұбат 600 теңге, балық өнімдері мейлінше арзан: көксеркенің килосы – 1 500 теңгеге бағаланса, сазан – 700, лақа – 500, шортан – 300, табан мен айнакөз балығы 200 теңгені құрап отыр. Ал, көкөніс өнімдері: қияр – 100 теңге, қызанақ – 200 теңге, алма – 300 теңге, алмұрт – 400 теңге, картоп – 90 теңге, сәбіз – 120 теңге, пияз – 140 теңге, қырыққабат 50 теңгеге саудаланып жатты.
* * *
Сыр өңірі – жыр елі, небір сүлейлер шыққан киелі жер. Бұл өлкеде жыраулық дәстүрдің мектебін қалыптастырған Ешнияз сал, Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Қара-
сақал Ерімбет, Даңмұрын, Нартай, Нұртуған, Әзілкеш Шымырұлы, Құлан Алдабергенұлы, Қаңлы Жүсіп сынды тұлғалар елдің даңқын асырған жыр тұлпарлары түлеген дүбірлі мекен.
Осы орайда, қызылордалық өнерпаздар дүлдүл бабаларының жолын жалғап, астаналықтарды бір апта ойын-сауық, жыр-терме, ән-күймен сусындатты. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ержан Абдрахмановтың айтуына қарағанда, аталмыш мәдени шараға барлығы 275 өнерпаз жұмылдырылыпты.
Облыс күндерінің беташарын Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры бастады. Театр ұжымы 10 тамыз күні 70 жасқа толып, мерейтойлық белеске шыққан танымал драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыт» драмасы М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында сахналанса, келесі күні облыстық филармония ұжымы Г.Остердің «Мазасыз тиін» туындысын Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қойды. Бұл қойылымда үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, досқа көмек қолын созу сынды көріністер айрықша сипатталған. Өнерпаздар түрлі аңдар кейпіне еніп, жануарлардың іс-қимылын, сөйлеген сөзін балаларға шебер жеткізе білді.
Сонымен қатар, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында М.Ахунзаденің «Кетпейсің. Болды, кетпейсің...» спектаклінің премьерасы көрсетіліп, Сыр елінің өнерпаздары астаналықтардың ықыласына бөленді. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов. Премьераға құрметті қонақ ретінде Сәбит Рахман атындағы Шеки мемлекеттік драма театрының бас режиссері, Әзербайжан Республикасының өнер қайраткері Мирбала Салимли Сейидаскероглы келіп қатысты.
* * *
Келесі бір маңызды шара – 13 тамыз күні қала шетіндегі «Этноауылда» ұйымдастырылған «Сыр шежіресі» атты қолөнер шеберлері мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің өңір тарихы мен мәдениетіне арналған көрмесі. Бұл көрмені көппен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та келіп тамашалады. Мемлекет басшысы бағзыдан бері үзілмей келе жатқан Сыр сүлейлерінің өнерін тамашалап, жыршы Руслан Ахметовтің арнауын тыңдады. сәті келгенде қос сәбидің тұсауын кесіп, қала тұрғындарымен бірге емен-жарқын қыдырыстады.
«Сыр шежіресі» көрмесі 25 сала бойынша ұйымдастырылып, 25 шебер әр салаға жауапты адам ретінде тағайындалған. Солардың бірі, әрі шеберлердің көшін бастап тұрған сақа қолөнерші Жәнібек Маханбетов. Жәкең көрмеге ағаш, мүйізден ойып өз қолымен жасаған 38 кәдесый бұйымын әкеліпті. Мұндай кәдесый бұйымдарын жасаушылар қатарында – аралдық Шайхы-Ислам Мағауияұлы, құстың сүйегін құрастырып ғажайып мүсін тудырып жүрген шебер Самалбек Бурабаев, белгілі өнер иесі Мұрат Нәрлібаевтың шәкірті, сүйекті сүрлеп, озық өнер тудырушы Пахраддин Садықов, ақ күмісті қақтап алқа-жүзік жасайтын алтын қолды азамат Бекзат Жақыпов, киіз, мата бұйымдарын өрнектеп, тоқыма тоқитын қыз-келіншектер – Зухра Тасболатова, Балжан Сатыбалдиева, Сәуле Шайхсламова, Майя Қалжанова, Жансара Бөлегенова, Баян Көпжасарованың қолынан шыққан дүниелер көз тартарлық.
Бұлардан басқа облыстық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлерін де тамашаладық. Бұл музей еліміздегі аса бай мұрасы бар ұйымдар қатарына кіреді. Музей қорында әр ғасырдың мұрасы 50 мыңнан астам жәдігер сақталған. Осылардан көрмеге 250-ге жуық экспонат әкелінген екен.
Бұлардың қатарында бал қарағайды жонып жасап, майға бөктірген көне адалбақан, ақ қайыңнан шабылған көне ердің түрлері, 1968 жылы музей қорына тапсырылған «Жоңғар дулығасы» сыңды жәдігерлер бар. Дулығаның жасалу стилі ерекше, төрт жағына айдаһар бейнесі бәдізделген. Соған қарағанда ежелгі қытай ұсталарының қолынан шыққан бұйым екені анық. Сонымен қатар, көне садақ, қорамса, жебе, қайқы қылыштың түпнұсқаларымен қатар Абылай, Әбілқайыр хандар пайдаланған жүзік-мөрлердің көшірмесі қойылыпты.
Жалпы, бұл музейде күмістен жасалған сәндік бұйымдардың 1 500 коллекциясы жинақталған. Солардың арасынан – өңіржиек, сырға, шашбау т.б. 40-қа тарта бұйым көрме үшін арнайы әкелінген. Әйгілі шебер Естай Дәубаев жасаған сәукеле мен Арал-Қазалы өңірінің халқы пайдаланатын өсімдік өрнегі салынған сандық, XIX ғасырдың аяғында Тула қаласында жасалған мыс самауыр, аралдық зергердің қолынан шыққан тері қапталған тегене сияқты құнды дүниелерді көрдік.
* * *
Концерттік және көпшілік мәдени шаралар аясында қала шетіндегі «Қазанат» атшабарында ұлттық спорт түрлерінен аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты спорттық ойындар да қоса ұйымдастырылды.
Аталмыш шараға облыс тумалары, аударыспақтан еліміздің жеңімпаздары Әбдінасредин Файзулла, Серік Әмірсейіт, жүлдегерлер Серік Ғабит, Мұратхан Қуандық, Ерсұлтан Исабек, теңге ілу мен садақ атудың шеберлері – Жарқынбек Алмағанбетов, Бекқали Өзденбаев қатысты.
Сондай-ақ, түйе балуандар сайысы да жалауын көтеріп, оған «Қазақстан Барысы-2017» атағын жеңіп алған Еламан Ерғалиев, самбодан Азия чемпионы Мақсат Исағабылов, қазақ күресінің майталмандары Нұрым Сәлімгереев, Марат Баймаханов пен Жайдар Есенов бастаған балуандар бақ сынасты. Басқалардан басым түскен қарағандылық баулан Ержан Шынкеев бас жүлдені жеңіп алды.
* * *
Кеше ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қалашығында орналасқан амфитеатрда Сыр өңірі өнерпаздарының қатысуымен «Сырдария – жырдария» атты қорытынды концерт өтіп, облыстың мәдени күндері ресми түрде аяқталды. Концертке облыстық би ансамбльдері, жыршы-термешілер, қазақ эстрадасының жұлдыздары – Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Серік Ибрагимов және т.б. өнер иелері қатысты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»