Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов мәдениет күндері 15-18 тамызда өтетінін айта келе, елорданың Студенттер саябағында, «Бәйтерек» монументі мен қалалық әкімдік ғимараты алаңында және «Жерұйық» саябағында әртүрлі концерттер мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылатынын атап өтті.
15 тамызда кешкі сағат 21:00-де ЭКСПО-2017 көрмесінің амфитеатрында «Қарт Каспийден сәлем ал, Ерке Есіл!» атты концерт өтеді. Оған Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Кәмшат Жолдыбаева, Ұлықпан Жолдасов сынды Маңғыстаудан шыққан белгілі өнерпаздар қатысып, өнерімен шашу шашады.
Одан кейін 16 тамыз күні «Шабыт» ғимаратында маңғыстаулық ақын Есенғали Раушановтың «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» атты шығармашылық кеші өтеді. Кеште еліміздің белгілі ақындары өлең оқып, көпшілікті жыр әлеміне жетелемек.
Маңғыстау өңірін заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев «ашықаспан астындағы музей» деп тегін атамаған. Сондай-ақ, бұл киелі мекен туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Маңғыстау тұрғындарына көп адамдар өмірінде тым құрығында бір рет болып, көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған», дегені бар. Ендеше, небір тарихи-мәдени ескерткіштерімен талайларды тамсандырған өркенді өңірдің тастан қашалып, ағаштан ойып жасаған бұйымдарын астаналықтар «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде 17 тамыз күні өтетін этнографиялық театрландырылған шаралар кезінде тамашалай алады. Онда маңғыстаулық жыр мен күй мақамы әуелеп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан театрландырылған қойылым көрсетіледі. Ақсақалдар мен ақжаулықты әжелер бата берсе, ізетті келіндер мен ибалы қыздар ұлттық тағамдар әзірлейді. Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Пәния Сармурзинаның айтуынша, «этноауылда» төрт қазан палау пісіріліп, жұртшылыққа үлестірілмек.
Жалпы, Маңғыстау өңірі шұбатымен, балқаймағымен әйгілі екені белгілі. Осы ұлттық тағамды дәріптеуге үлкен үлес қосып жүрген облыстық мәслихаттың депутаты Сәуле Жақаева бас болып, ЭКСПО аясындағы мәдениет күндеріне бал татыған шұбат пен Жаңаөзеннің сүт өнімдері зауытының тәтті өнімдері әкелініпті. Елордалықтар бұл тағамдардан дәм татып, сатып алуға мүмкіндігі болады.
Сондай-ақ, «этноауыл» алаңында «Өрнек» және «Тәрбие» сән үйлерінің ұлттық костюмдер көрсетілімі ұйымдастырылады. Одан кейін Тамара Асар мен «Жорға» би ансамблінің концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылады.
Бұған қоса, 18 тамыз күні Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» спектаклі қойылмақ. Спектакль М.Горкий атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында сағат 16:00-де басталады.
Облыстың мәдениет күндері аясында сонымен бірге, көкпардан, жасөспірімдер арасында қазақ күресінен, тоғызқұмалақтан сайыстар өтеді. «Қазанат» ипподромында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Адай» командасы сынға түседі. Қыз қуу, теңге ілу, асық атудан сайыстар ұйымдастырылады.
Ал 18 тамызда «Қазақстан» спорт кешенінде «Ұлы дала қырандары» жобасы аясында аралас жекпе-жектен (М1 және К1) жарыстар өтеді. Жарысқа алты мемлекеттен, атап айтқанда, Қазақстан, Украина, Латвия, Өзбекстан, Польша, Хорватиядан спортшылар қатысқалы отыр. Қазақстаннан жекпе-жекке Маңғыстау, Астана, Павлодар, Ақтөбе, Атырау қалаларының кіл мықтылары шығады», дейді Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов.
Жалпы, Маңғыстау облысының Астанадағы мәдениет күндеріне барлығы 600-ге жуық өнерпаз қатысса, оның 20-сы қолөнер шебері, 233-і кәсіби ұжымдар мен әртістер болса, 120-сы этномәдени бірлестіктердің өнерпаздары екен.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»