Ол 1985-1990 жылдарда Кеңес Одағының 5 дүркін чемпионы болды. Мұндай биікке Мараттан басқа бірде-бір қазақ веложүйрігі жеткен емес. "Қазақ күрес пен боксқа ғана бейім, қалған спорт түрлерінен оларға несібе жоқ", деген «әулиелер» кешегі Кеңес Одағы тұсында аз болған жоқ. Дәл осылай ойлайтын «білгіштер» қазір де бар. Тіпті өз қазағымыздың спорттан нан жеп жүрген кейбір дөкейлері осы пікірді қос қолдап қуаттайды. Ал терең ойлап қарасаңыз, өз халқы туралы мұндай кемсітушілікке бой ұсыну − кешегі империя тепкінімен қанға сіңген құлдық сананың салдары немесе ата жұртының табиғатын терең білмегендіктің әсері. Әйтпесе, аяқ-қолы қысқа жапондар жүзуден Еуропаның сырықтай жігіттерінен қалай озып жүр?! Немесе осыдан жиырма жыл бұрын штанга мен күрестің маңайынан көрінбеген қара нәсілді жігіттер кейінгі жылдары әлемдік додаларда олжа сала бастады. Асылы, қай нәрсенің де көзін біліп, бабын табатын маманың болсын де.
Марат қазақтың қай салаға салсаң да жарып шығар ерекше қасиетін мұқым дүниеге, оның ішінде Алаш жұртының өзіне қолмен қойғандай дәлелдеп берген саңлақ ұлдарымыздың бірі әрі бірегейі. Бұлай дейтініміз: біздің халықтың ұл-қыздарының кеңес тұсында велосипедке деген аңсары күшті бола қойған жоқ. Талай жарысқа барып жүріп, алда-жалда бірлі-жарым қазақ спортшысын кездестірсек, нағашымызды көргендей қуанатынбыз.
Ал велосипедші Марат Сатыбалдиев Кеңес Одағының чемпионаттарын бидайықтың көл жайқаған жалғызындай армансыз дуылдатты. Ойлап қараңыз, сол тұста 286 миллион халқы бар Кеңес Одағында спортшы велосипедшілер саны ондаған мыңнан асып жығылатын. Солардың ішінде қазақтың үлесі жарты пайызға да жетпеуші еді. Осыншама қалың талапкерден суырылып шыққан өрен жүйріктер 1985-1990 жылдары біздің жалғыз Мараттың шаңына ілесе алмады. Сатыбалдиев КСРО-ның бес мәрте чемпионы! Одақ чемпионаттарындағы күміс, қола жүлделерімен қоса, КСРО кубогының жеңімпазы.
Бұл Мараттың жеңісінің алғашқы белесі ғана. Оның әлем чемпионы атанған кезіндегі көңіл күйімізді тілмен жеткізу қиын.
1989 жылы тамыздың 20-сынан 21-іне қараған түні ұйқыда маза болған жоқ. Таң бозынан теледидарға телміріп, радиоға құлақ түрумен болдым. Әлі есімде, таңғы сағат 7-ден 9 минут өте бере Мәскеудің орталық теледидарынан Марат бауырдың әлем чемпионы атанғанын естідім. Көз шарасына ыстық жас іркілді. Тар ғана пәтер байтақ даладай кеңіп сала берді. Қойын дәптердегі: «1989 жылы тамыздың жиырмасыншы жұлдызында құрдасым Марат Сатыбалдиев велосипедтің соңына түскен қазақ жастарынан бірінші болып әлем чемпионы атанды...» деген жазу әлі күнге дейін ыстық көрінеді.
Cодан Маратты тағатсыздана тостым. Алматыға жеткенін естіген бойда «Динамо» спорт қоғамына, біледі-ау деген адамдарға телефон соқтым. Біразға дейін нақты хабары болмады. Ақыры, не керек, Алматыдағы «Динамо» қоғамының қонақүйінде жолықтық.
Қарапайым ғана қараторы жігіт. Әлем чемпионымын, деп мардымсу, кеуде керуден аулақ. Байыпты, тұйықтау көрінді. Көкейде жүрген біраз сауалды ортаға салдым. Марат ықыласпен жауап беріп отырды.
Сол күні түн жарымында 92-автобуспен әуежайға жетіп, Қызылордаға шығарып салдым.
... Әлем чемпионатына жер шарының әр қиырынан маңдайы жарқыраған 48 жүйрік жиналған екен. Олардың ішіндегі ең атақтысы Олимпиада және әлем чемпионы, италиялық Фрост болатын. Ауыздығымен алысқан голландиялық Пелен, мексикалық Яшимат, тағы бір италиялық жүйрік Балдато... Қысқасы, 50 шақырымға жарысқан спортшылардың ішінде осалы жоқ. Жарыс ережесі бойынша веложүйріктер 30 аралық мәресі бар тақтай жолды айнала құйын-перен заулауы керек. Әрбір аралық мәре тұсында спортшылар педальды жаныға басады. Себебі, аралық мәреден мойны озық өткен спортшыларға ұпай жазылады. Ақыл-айлаң өзіңнен сынық сүйем озып отырмаса, опық жеуің оп-оңай.
Марат тас-түйін. Шүу дегеннен құйындатып тартқан тарланбоз бауыр мәреге жеткенше тізгін тартқан жоқ. Аралық мәре сайын ұпайын үстеп отырды. Мұндай сұрапыл шабыс үстінде қарсыластары Сатыбалдиевке түк қайран жасай алмады. Біздің бауыр күміс жүлдегер Балдатодан 12 ұпайға қара үзіп кетті.
Иә, Марат бұл жеңісімен қазағының аламан бәйге десе, жанып түсетін қасиетін жалпақ дүниеге қапысыз дәлелдеді! Ол әлем чемпионы атанып қана қойған жоқ, сол тұстағы империя бұғауында ғұмыр кешкен қазағының мерейін өсіріп, руxын көтерді. Ол кезде Алаш баласының әлемдік деңгейдегі әрбір жеңісі біз үшін сондай ыстық, сондай мәртебелі көрінетін. Себебі, біздің бауырлардың дәл осылайша жержаһанды дүркіретіп олжа салуы деген тым сирек, қазақты сағындырып, үздіктіріп барып қолға қонатын бақ құсы тәрізді еді. Сатыбалдиев қазақ ұландары жатырқай қарайтын, өзгелердің меншігіндей көрінетін велосипедпен әлемдік чемпионатта озып шыққанда мыңдаған қаракөз қандастарымыздың бөлек бір әсерді, бөлек бір жан толқынысын бастан кешіргені күмәнсіз.
Осы екпінмен біраз дуылдады. Қызылорда басшылығы үш бөлмелі пәтер сыйлады. Кеңес Одағының партия хатшылары мінетін су жаңа «Волганы» кезексіз тақымына басты. Тегін емес, 16 мың сомға, өз құнына сатып алды. «Волгасы» талайлардың көз құртына айналды: 50-60 мың сомға сат деп қыр соңынан жүгіргендер аз болған жоқ. Сорғалатып төккен маңдай тердің жемісі емес пе, ешкімге қимай, өзі мініп алды.
Ақылгөй бабаларымыз ер жігіттің басында дәурен тұра бермейді деген ғой. Тоқсан бірінші жылы спортты доғарған Марат Қуанбайұлы далада қалғандай күй кешті. Он бес жыл алаңсыз жарыс қуыпты. Бар шығынын үкімет көтеріпті. Әуелі бапкер болсам деп ойлаған. Жалақысы мардымсыз. Үш ай сенделіп жүрді де, намысқа басты.
Оның тәуекелі заманның апай-топай тұсына дөп келді. Әуелі қырғыздардан жапон магнитофонын, шеттің кір жуатын ұнтағы мен балалардың киімін, люстра... таси бастады. Алматының шетіндегі «барахолкадан» орын алып, әкелген затын өзі сатты. Әуелде жұрт танып қоя ма деп ұят қысқан. Бірте-бірте «отбасымды жарты құрсақ күйге түсіргенше, нан тапқаным абзал», деген ойға нық бекіді. Ұзамай Алматының батыс жағындағы базарға Қытай мен Түркияның тауарын әкеле бастады.
Одан кейін Германиядан көлік тасуға кірісті. Мыңдаған шақырымды жалғыз еңсерген, ұйқысыз, мазасыз күндер, жолда рэкет ұшырасып, жүректі қауіп меңдеген сәттер қазір көрген түстей. Осылай, өзін шарқайрақтай жанып жүріп бизнеске біржола бауыр басып кетті.
Екеуміз сирек те болса кездесіп тұрамыз. Сол баяғы сабырлы қалпы. Көп сөзге жоқ. Қазақтың спорт тарихына тыңнан түрен салған Марат құрдас осы мінезімен жаныма жақын, көңілге ыстық.
Қыдырбек РЫСБЕК