«Алакөл қысы-жазы көз алдымызда ғой. Бірақ көлге биылғыдай көп адам келгенін көрген емеспіз. Бұған көл жағалауының ретке келтіріліп, көлге дейінгі жолдың жөнделгені әсер еткені анық. Ең бастысы, қаншама ауыл тұрғыны екі қолға бір күрек тауып, жұмыспен қамтылды».
Алакөлдің дәл іргесіндегі Қабанбай ауылының тұрғыны Әлиақын Дәулетбаевтың сөзінен мақтаныш лебі еседі. Айтса айтқандай, Алакөлдің жағалауы биыл адам танымастай өзгерген екен. Айнадай жарқыраған көлдің жағасында ығы-жығы халық. Құдды құс базары секілді. Демалушылардың барлығының көңіл күйі көтеріңкі. Дәулет Ағыбаев есімді жігіт ағасы сонау Тараздан келіпті. «Алакөлге осымен үшінші мәрте келіп тұрмын. Биыл халық тым көп екен. Көлдің жағалауы да ұзатылар қыздай құлпырып, жайнап кетіпті. Алакөл деген Тәңірдің назары ауған құт мекен ғой. Бұл – шығыстың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы. Сондықтан, мұндай жердің қамқорлыққа алынып, демалушыларға тиісті жағдай жасалып жатқаны қуантады», дейді екі мың жылдан астам тарихы бар шаһардан келген демалушы. «Біз Алматыда тұрсақ та, Алакөлдің Шығыс Қазақстанға қарайтын жағалауында демалғанды ұнатамыз. Себебі, бұл жердің суы да, жері де өзгеше. Соңғы жылдары мұндағы демалыс базалары жөнделіп, қалашықтың келбеті өзгерді. Жағажайда да айтарлықтай жөндеу, тазарту жұмыстары жүргізілген екен. Енді кәріз суларын жағалауда қалдырмай, өзге бағыттарға әкететін жүйе салынса деген тілегім бар. Жалпы алғанда, мұнда атқарылып жатқан шаруаларға көңілім толады. Алакөл жағалауына келер жылы тағы да келеміз деп үміттенемін», дейді көлге Алматыдан арнайы келген демалушылардың бірі Гүлжан Нұрғалиева.
Демалушылар саны 400 мыңнан асты
Жақында облыс әкімі Даниал Ахметов Алакөлдің жағалауымен, ондағы атқарылған жұмыстармен арнайы танысу үшін Үржар ауданына барғанда, көл жағасындағы демалушылар аймақ басшысын ыстық ықыласпен қарсы алып, алғыстарын жеткізді. Кейбір демалушылар тарапынан катерлер мен скутерлерге арналған оңаша су учаскесі болса, құтқарушылар саны артса, көліктер тұрақтары көбейсе деген секілді ұсыныстар айтылды. Биыл Алакөлде демалушылар қатары жылдағыдан бір жарым есеге дейін артып, 400 мыңнан асыпты. Маусым соңына дейін бұл көрсеткіш 600 мыңға дейін жетуі мүмкін. Адам саны ғана емес, мұндағы қызмет көрсету сапасының да әлдеқайда арта түскенін аңғарғандай болдық бұл жолғы сапарымызда. Бұрынғы ескі лашықтар мен вагондардың орнына көркемдігі көз тартар тамаша қонақүйлер жайғасыпты. Орталық көшенің бірі күрделі жөндеуден өтіп, жұрт сейіл-серуен құратын орынға айналыпты. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында суда да, жағалауда да қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, 80 бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Демалыс базалары қалашығындағы қоғамдық тыныштықты 4 полиция пункті тәулік бойы күзетеді екен. Медициналық пункт те күні-түні жұмыс істеп тұр. Алакөлге мұнша көп адам келеді деп ойламағанын айтқан өңір басшысы жағалауда демалушылармен емен-жарқын әңгімелесіп, көлді дамытуға қатысты жоспарларымен бөлісті. Биыл күрделі жөндеу жұмыстары нәтижесінде жаңа кейіпке енген жағажайды тағы 500 метрге ұзартып, бұл жерге заманауи сауда павильондарын салу қажет. «Бұл сау-да павильондары мемлекет тарапынан бөлінген қаржы есебінен тұрғызылып, кейін кәсіпкерлерге жалға беріледі. Сонымен қатар, қалашықта мейрамхана бизнесін жандандырған жөн. Мұнда кез келген келушінің қалтасы көтеретін дәмханалар болуы тиіс. Жағалауды жөнге келтіру мақсатында облыстық бюджеттен 550 миллион теңге, жолды жөндеуге 1,5 миллиард теңге бөлдік. Бұл қаражатқа жаңа автотұрақтар салып, фельдшерлік пункт аштық. Жаңа саябақ пен автовокзалды пайдалануға бердік. Дегенмен, біз мұнымен тоқталып қалмаймыз. Бірер жылда Алакөлді шығыстың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы болатын демалыс орнына айналдырамыз», деді облыс әкімі.
Кәсіпкерлерге 6-8 пайыздық несие беріледі
Тұрғындармен кездесуде айтылған жағымды жаңалық – келесі жылдан бастап Алакөлге келушілерге арналған жолаушылар пойызының қатынай бастайтындығы. Яғни, 2018 жылдың шомылу маусымына дейін өңірде Өскемен – Шар – Жалаңашкөл бағытындағы темір жол қатынасы пайда болады. Сонымен қатар, Жалаңашкөл стансасынан Алакөлге дейінгі автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға беріледі. Аптасына алты рет қатынайтын Астана – Үржар, Алматы –Үржар бағыттарындағы әуе рейстерінде шығысқазақстандықтарға жеңілдіктер қарастырылуы да мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр күзде облыс әкімі Үржар ауданына арнайы келіп, Алакөлге байланысты жиын өткізіп, сол жиында көлге абаттандыру жұмыстарын дұрыс жүргізбейтін, санитарлық талаптарды дұрыс сақтамайтын кәсіпкерлердің демалыс базасын іске қосуға 2017 жылы рұқсат берілмейтінін қадап тұрып айтқан-ды. Осы жолғы сапарында да аймақ басшысы мұндағы 150-ге жуық демалыс базасының иелерімен кездесіп, көл жағасын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Жиында баяндама жасаған Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин бүгінде жағалаудағы 147 демалыс нысанының 113-і барлық талапқа сай жұмыс істеп тұрғанын, 10 нысанда анықталған заң бұзушылықтар ретке келтіріліп жатқанын, қалған 24 жер иесі әлі де болса кемшілікті жоюға асықпай отырғанын атап өтті. Өңір басшысы кемшілікті жоюға асықпайтын кәсіпкерлерге бұдан былай кеңшілік жасалмайтынын, көл жағалауында жұмыс істеуге рұқсат берілмейтінін жеткізді. «Бұл – бір, екінші мәселе, заң бұзушылықты қысқа мерзімнің ішінде жоюға уәде беріп отырған кәсіпкерлерге қатысты. Біз сіздерге қалыптасқан қиын жағдайдан шығудың оңай жолын ұсынып отырмыз. Сіздерге «Даму» қоры арқылы сегіз жылға дейінгі мөлшерлемесі 6-8 пайыздық несие берілетін болады. Мұндай жеңілдіктерді сіздер ешбір банктен таппайсыздар», деді облыс әкімі.
Үржар ауданына жұмыс сапары аясында Даниал Ахметов Қабанбай ауылындағы 20 жыл бойы қаңырап тұрған бұрынғы мәдениет үйінің ғимаратын көріп, жергілікті тұрғындарға рухани орданы қалпына келтіруге көмектесуге уәде берді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы
Суреттерді түсірген
Владимир ПЕТУХОВ