Қазақстан • 15 Тамыз, 2017

Қызылордада жаңа үлгідегі автобус паркі ашылды

591 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордада жаңа үлгідегі автобус паркі ашылды. Оған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, қызылордалықтарды қуаныштарымен құттықтады.

Қызылордада жаңа үлгідегі автобус паркі ашылды

Автопарктің ерекшелігі - қала көлемінде қызмет көрсететін үлкен сыйымдылықтағы автобустарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы және автобустардың үздіксіз жұмыс жасауына жағдай жасайтын түрлі мүмкіндіктер қарастырылған.

- Қаламызда халықты баспанамен қамту, инженерлік-инфрақұрылымдарды дамыту секілді ең маңызды салаларда мақтанышпен айтарлықтай ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Солардың ішінде басты жетістіктеріміздің бірі - қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру және қаламыздағы көлік қатынасын дамыту мақсатындағы жобалар.  Міне, осындай маңызды жобаларымыздың тағы бір нәтижесі - қоғамдық көліктерді күтіп-ұстауға, техникалық қызмет көрсетуге жабдықталған қалалық автобус паркі пайдалануға берілгелі тұр,- деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Жаңа автобустардың техникалық және санитарлық жағдайы елдің сұранысына сай болуы үшін, облыстық бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Автобус паркінің жалпы аумағы 5 гектарды құрайды және 200 автобусқа шақталған. Автобус паркі 250-300 адамды  жұмыспен қамтитын болады.

Мұнымен қоса, ағымдағы жылы жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің, газдың бағаларының біршама қымбаттауына байланысты, жолақы тарифтері қайта қаралды. Ендігі кезекте, орта сыйымдылықтағы 100-150 жаңа автобустар сатып алынып, билеттік жүйе толыққанды енгізілетін болады. Сөйтіп, облыс орталығында қоғамдық көлік қызметі толығымен жаңартылады.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан 3 жыл бұрын қалаішілік қоғамдық көлік тасымалын сапалы қызметпен қамтамасыз ету мақсатында «Қызылорда» автобус паркі» құрылған болатын. Аз уақыттың ішінде «Қызылорда» автобус паркі» біршама жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Мысалы, 2014 жылы Қызылорда Автобус паркіне бюджеттен бөлінген 500 млн. теңгеге қала тынысына жаңа серпін берген, экологиялық таза, ең бастысы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді 20 автобус алынған болатын. Осы жобаны жалғастыру мақсатында, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және «Еуропалық қайта құру және даму» банкі арасындағы келісімге сәйкес автобус паркіне қосымша 92 жаңа автобус алынды. Нәтижесінде, бүгінгі күні қаладағы кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көліктердің орнына жаңадан барлық талаптарға сәйкес, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалған үлкен сыйымдылықтағы 112 автобус негізгі әлеуметтік маңызды маршруттар бойынша қала халқына қызмет етуде. Сондай-ақ, автобустарға GPS құрылғысы орнатылып, ара қашықтықтың сақталуы қатаң бақыланады. Жаңа қоғамдық көліктердің барлығында бейнекамера орнатылған және жоспарға сәйкес билеттік жүйе енгізілуде.   Сонымен қатар, қалаішілік және қаламаңына қатынайтын қоғамдық көліктердің қызметін сапалы ұйымдастыру мақсатында Қорқыт ата көшесі, Темір жол вокзалы мен Саламатов көшесі бойында 3 диспетчерлік пункт салынды.