Жоба Елбасының елімізде цифрлы технологияларды дамыту туралы талабының аясында жүзеге асырылуда. Осы мақсатпен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен бюджеттен қосымша шығынсыз «Е-қылмыстық іс» бағдарламасы әзірленді.
Бағдарлама қылмыстық процестің қылмыстың тіркелуінен бастап, оның тергелуі және үкім орындалғанға дейін барлық сатысын қамтиды.
Бас прокурор Жақып Асановтың айтуынша, цифрлы технологияларға көшкен жағдайда, қоғамның жанына батып жүрген біраз проблемалары шешіледі. Олар өздігінен жойылады. Сондықтан осыған қатты мән беріліп отыр.
Бағдарламаның сапалы енгізілуі мақсатында жоғарыда аталған ведомстволармен бірлескен бұйрыққа қол қойылып, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Бағдарламаны бірінші болып Астана және Жамбыл облысы, 10 қыркүйектен бастап – Атырау және Шығыс Қазақстан ал 20 қыркүйектен бастап Батыс және Оңтүстік Қазақстан облыстары сынақтан өткізеді.
Электронды қылмыстық істің берері не?
a) қылмыстық істі бұрмалау болмайды, істер жоғалмайды;
б) қажеті жоқ, артық қағаздан құтыламыз;
в) электронды форматқа көшсек, істер тезірек тергелмек. Жүйеде 100 шақты процессуалдық құжаттың шаблоны болады. Соттан санкцияны электронды түрде алуға болады;
г) талдау күшейеді. Әрбір қылмыстық іске терең үңіліп, мемлекет бойынша біркелкі практика қалыптастыруға мүмкіндік ашылмақ;
д) жәбірленуші, айыпталушы, адвокат істің қалай тергеліп жатқанын кез келген уақытта онлайн режімде көре алады;
ж) электронды шағымдар модулі жұмыс істей бастайды. Тараптар тергеушінің іс-әрекетіне шағым келтірсе, оны прокурор бірден онлайн тексере алады.
Бағдарлама бөгде адамдардың, соның ішінде жүйенің әкімшілерінен қылмыстық іс материалдарына рұқсатсыз қол жеткізуінен қорғайды. Істің материалдарына тек істі жүргізетін тергеуші және прокурор қол жеткізе алады.
«Егемен-ақпарат»