− Аудан бойынша Астанадағы халықаралық көрмені үш мыңға жуық адам тамашаламақ. Жақында ғана Мамай батыр ауылы мен Сағыр орта мектебінің, ауданның басқа ауылдарындағы мыңнан астам мектеп оқушылары мен ұстаздары көрмені тамашалап қайтты. Олар ЭКСПО-ны аралай жүріп еліміз тәуелсіздік алған ширек ғасыр уақытта керемет жетістіктерге жеткеніне куә болды. Ерекше әсер алған оқушылар көрген-білгендерін жерлестерімен бөлісуде. Аудан әкімі Дәулет Батырбаев оқушылардың барып-келуіне ерекше қамқорлық жасады, олардың жолына, жататын жеріне қаржылай көмек көрсетті. Әрине, ата-аналар да балаларына қолғабыс жасады, −дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оқасов.
− Арқаның төріндегі Астана Ұлан ауданының Мамай батыр ауылындағы орта мектептен барған оқушылар мен ұстаздарға ерекше ұнады. Мен ұлым − Нартай, қызым − Әсемді арқа төсіндегі ару қалаға ертіп барған едім. Олар алған әсерлері жайлы достарына айтудан жалыққан емес. Әсіресе, қаланың сол жағалауы адам танымастай өзгеріп кеткен. Балалармен бірге «Бәйтерекке» шықтық, ЭКСПО-ның бірнеше павильондарын араладық. Қазақстанның «Нұрлы Әлем» атты сегіз қабаттан тұратын павильонын аралауға жарты күн кетті. Бірінші қабаттағы күн сәулесі, жел арқылы электр қуатын өндіретін бейнефильмді тамашаладық. Алған әсеріміз ерекше. Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында әлем жұртшылығы елімізді танып-білді, күн сайын дамып келе жатқанына көз жеткізді. Көрмені аралған кезде біз шетелдерден келген қонақтармен тілмаш арқылы сөйлестік. Астанаға барған 30 оқушы, 22 ұстаздың алған әсерлері керемет, біз елімізді мақтан тұтамыз, оның дамуына үлес қоса береміз, − дейді ұстаз Динара Жаңабаева.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы