Әрине, әрбір ұлттың жекелеген мәселелері қазіргі жаһандану дәуірінде басқа мемлекеттер мен халықтардың мүдделерімен түйісе, ықпалдаса отырып шешілетіні белгілі. Сондықтан әлемнің басқа аймақтарында халықаралық деңгейде байқалып отырған құбылыстар мен үдерістер біздің еліміз үшін де өзекті әлеуметтік және өркениеттік проблемалардың қатарына жатады. Қазақстанның Сирия мемлекетінің күрделі ішкі саяси мәселесінің тиімді түрде шешілуіне үлес қосып жатқаны бекер емес. Бұл біздің еліміздің барша халыққа бейбіт өмірді қадірлеуге шақыратын гуманизм, демократиялық және этикалық қалыптарды өзектендіріп, әлемге кеңінен таратуға талпынғанымыздың айғағы.
Әдетте, заманауи тіршілік етудің қисыны адамдарды, қоғамдарды топтаса отырып сын-қатерлерден, тәуекелдерден қорғанудың, сонымен қатар бірлесе отырып дамудың жолында болуға шақырады. Интеграцияланып, модернизацияланып жатқан дәуірде барлық мемлекеттерге қатысты «Жалғыз жүріп жол табу мүмкін емес» деген ұстанымды дәріптейтін тарихи кезең де келді. Сондықтан Еуразиялық Одақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына және Ислам мен түркі халықтарының халықаралық ұйымдарына Қазақстанның белсенді мүше болуының өзінде халықаралық жағдайдың даму логикасымен санасу және заманауи кезеңнің қисынымен, талаптарымен барынша есептесу, халықаралық қатынастарды құрметтеу мен өркениеттілікке ұмтылу жатыр.
Әрине, қоғамның өмірі, тыныс-тіршілігі тек материалдық дүниенің өзекті мәселелерін күйттеп, өркендетумен ғана шектелмейді, сонымен қатар қоғамдастық үшін саяси-әлеуметтік және рухани салалардың тарихи маңыздылығы зор екені анық. Осыдан ондаған жылдар бұрын америкалық профессор С.Хантингтон қазіргі кезеңдегі өркениеттердің өзара қақтығысы, олардың түбегейлі қайшылықтары жөнінде айтқан болатын. Әрине, тарихтағы әртүрлі өркениеттердің өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік құндылықтар әлемі болады және олар кейде бір-бірімен сәйкес келе бермейді. Бірақ жер бетіндегі адамзатты біртұтас қауымдастық ретінде жақындата түсетін дүниелер де, өркениеттік негіздер де жеткілікті. Әдетте оларға адамзат үшін тұтастай алғанда маңызды төмендегі жаһандық мәселелер: қоршаған табиғи ортаны қорғау (экологиялық проблема), барлық аймақтарда бейбітшілікті сақтау, кез келген елде демократиялық құндылықтарды дәріптеу сияқты аса маңызды құндылықтық бағдарлар төңірегінде топтасуға тиісті.
Адамзат өмірінің терең рухани мазмұны мен мәні – барлығымыздың ұлтымызға, дінімізге, ділімізге қарамай біртұтастандыра түсетін тетік, платформа. Жер беті халқының біртұтас отбасы іспетті тағдыры бар. Өркениеттік тұрғыдан алғанда әрбір адамның рухани әлемінің бағыт-бағдарлары, оның дүниетанымының түбегейлі тамырлары мен тұғырлары, құндылық жүйесінің жалпы сипаты маңызды дүниелер болып табылады. Адамның қандай құндылықтарды дәріптейтініне қарап, оның өмірдегі сапалық деңгейін, дүниетанымдық көкжиегін аңғаруға болады. Қоғамның жалпы рухани және әлеуметтік келбеті, оның мүшелерінің бұқаралық санасындағы басымдықтары мен мұраттарының қандай екендігімен тікелей байланыста анықталады. Осыған орай Қазақстан халқының қоғамдық санасындағы түбегейлі өзгерістер мен алға басулар өмір қажеттілігі және елімізде зияткерлік ұлтты қалыптастырудың бастамасы.
Егер қоғам өзінің азаматтарына деген талабын өркениетті деңгейде қоя білмесе, онда қоғамдағы көптеген үдерістер шынайылықтан алыстап кетеді, руханилығының қалыптасуы мен дамуы кемшіндеу соғады, әртүрлі ауыспалы және үстірт мағынадағы жалған құндылықтар жетекші рөл атқара бастайды. Қазіргі қайшылықты заманда еліміздегі мәдениеттің құрылымы мен әлеуметтік парадигмасында үлкен сүзгіден өткізілулердің қажеттілігі туындап отыр. Демек, қоғамымыздың салауаттылығы, өркениеттілігінің деңгейі өз қолымызда.
Қазіргі әлемді барынша баурап алған, негізінен материалдық тұрғыда орасан пайда табуды мақсат тұтқан олигархтарға ғана қолайлы азаматтардың тұтынушы психологиясы құрылымдарының қалыптасуы және соны бекіте түсуге мүдделі жаһаншыл бағдарлардың барынша үстемдік етуі бүгінгі күннің шындығы болып отыр. Осындай сипаттағы «жаңа» мәдениет барлық елдердің рухани және әлеуметтік кеңістігіне дендеп енуде. Одан дамыған елдердің өздері қауіптеніп, ұлттық бірегейлікті жоғалтпаудың жолдарын іздестіруде. Демек отаншыл, туған жері мен елін, оның тарихын, тілі мен мәдениетін қадірлейтін азаматтар ғана осылардың барлығына рухани иммунитет қалыптастырушы белсенді әлеуметтік күшке айналуы тиіс. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы мәселелер жан-жақты сарапқа салынады.
Соңғы уақытта еліміздің мәдени, саяси, рухани және экономикалық салаларында кейбір жаңалануға, өзгеруге тиісті дүниелер анықталып, зиялы қауымның сараптауынан өткізіліп жатыр. Әрине, қазіргі ақпараттар ағыны заманында, технология мен техниканың жылдам жаңарып жатқан кезеңінде жайбасарлыққа салыну қауіпті және ол өркениеттер дамуы мен динамикасында «көштен қалып қою» дегенді білдіреді. Ал адамзаттың қарыштап бара жатқан көшінен қалып қойған, бәсекелестікке төтеп бере алмаған елдерде негізінен әлеуметтік тартыстар мен жанжалдар өршіп кететіні де белгілі. Әр қилы сипаттағы құндылықтардың дәріптелуі арқасында бұрынғы орнықты даму жолындағы елдер азамат соғысының жалынына орана бастайды. Біршама араб елдеріндегі, кейбір Африка мемлекеттеріндегі саяси-әлеуметтік кикілжіңдердің астарында терең құндылықтық дағдарыстардан, қоғамдық санадағы руханияттық тежелулерден байқаймыз.
Осындай қайшылықтардың алдын алу үшін өзіміздің тарихи, рухани құндылықтарымызды үнемі түгендеп отыруымыз керек. Туған жердің киелі қасиетін халық өзі ежелден қадірлеп келген. Ал енді қоғамымыздағы басқаларға үлгі боларлық азаматтарды айқындап отыру да маңызды. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деп Абай атамыз бекер өсиет қалдырмаған. Жастарға әрдайым сенуіміз керек, дегенмен жастарымызды нағыз отаншылдыққа, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуден жалықпауымыз да қажет. Туған жерін сүйген адам, әрине оның мәдениетін, тарихын, тілін де, ділін де сүйеді. Атап өтетін жәйт: туған жерге деген құрмет алдымен сол жердің адамдарына, азаматтарына деген құрметтен басталады. Рухани жаңғыру түп негізінде рухани-адамгершіліктік негіздерді ұлттың қоғамдық санасына орнықтырудан басталады. Президентіміз бұл мәселені өз мақаласында бүкіл халық болып шешуге, оның тетіктерін кешенді түрде іске қосуға шақырды.
Тәуелсіз елдің өзіндік рухани келбеті бар ғылымы мен білім беру саласы болуы керек. Жалпы ғылымның дамуы дүниежүзілік ғылымның дамуымен тікелей астасып жататындығы баршамызға белгілі. Әсіресе, ағылшын тіліне жетік жас мамандарымыз үшін оның өркениеттік қырлары әбден түсінікті. Сондықтан қазіргі уақытта ағылшын, неміс, орыс және т.б. шетел тілдерін үйрену мен қолдану платформасының маңызға ие болуы кездейсоқ емес. Қазіргі өркениеттік дамудың келбеті мен қисыны барлық елдер үшін өзара ұқсастықта екені байқалады. Ғылымды жақсы пайдаланған қоғамның болашағы да жарқын, көкжиегі кең. Елімізде ғылым мен білім беру салалары өзінің қызметін мемлекеттік тілінде де өрбітіп отыруы шарт. Онсыз мемлекеттік тілдің әлеуметтік қызметі мен рухани құндылығы солғындау болады, ұлт өзінің рухани тамырларын кең жая алмайды. Біз әлемнің көптеген елдеріндегі озық үлгідегі оқулықтарды қазақ тіліне аудару арқылы жоғары оқу орнындағы оқу үрдісін жаңа деңгейге көтеруге талпынудамыз. Дегенмен, өзіміздің төлтума оқулықтарымызды дайындау да мемлекеттік деңгейде маңызды екенін ұмытпағанымыз жөн. Жаңаша дайындалған төл оқулықтарға да үлкен көңіл бөлінуі арқылы өзіміздің рухани қауіпсіздігімізді бекіте түсеміз.
Қазіргі кезеңдегі мәдениеттің әртүрлі салаларындағы, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарындағы даму үрдісі өркениеттік рухани жаңғыру парадигмасына толықтай сәйкес келе ме? Әлде руханияттың маңызды саласы болып келетін өнердің түрлі салалары да шынайы заманауи өзгерістерге бетбұрыс жасауы қажет пе? Қазіргі әншілеріміздің, спортшыларымыздың кейбіреулері халықаралық деңгейде біршама биік табыстарға жетуде. Мәселен, ән өнерімен әлемге танылған Димаш Құдайбергеновтің жетістіктеріне жастарымыз қызығады. Әрине, спорт пен өнер саласындағы нағыз жұлдыздар халқымыздың алдында барынша мәдени үлгі ретінде дәріптелгені жөн. Бірақ, қазіргі нарықтық заманда кез келген орташа, немесе төмен деңгейдегі әншіні «жұлдыз» деп мадақтай берудің қажеттілігі шамалы, бұл әрекет, керісінше, өнердегі қойылатын талаптардың деңгейін төмендетеді, шығармашылықтың қадірін түсіреді.
Қазіргі Қазақстан халқының жарқын болашағы оның біртұтастығында, бірлігінде, оның әрбір азаматының өмірінің үйлесімді негіздерге сүйенуінде. Құқықтық деңгейде адам еркіндігі мен шығармашылығы барынша мықты қорғалған мемлекет қана өркениетті елдердің қатарына қосылады. Діннің саясаттанбай, нағыз шынайы моральдык құндылықтарды өрбітетін қасиеттерін қөрсетуіне толық жағдай жасай алатын елде әлеуметтік тұрақтылық болады. Өркениеттік демократиялық құндылықтарды орнықтыра түсу баршаның ісі, демек әлеуметтік прогресс әрбір азаматтың белсенді түрде саяси-әлеуметтік және рухани үдеріске қатысуымен астасып жатады. Заманауи өмірдегі қарышты қадамдар алғашқы нық, сенімді қадамдардан басталады. Қоғамдық санадағы өзгерістер осындай сенімді әрекеттерден туындайды. Сондықтан болашаққа бағдардың өзегін құрайтын үміт пен сенім халқымызды өркениеттілікке жетелейтін рухани күш болып табылады.
Серік НҰРМҰРАТОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институты
директорының міндетін атқарушы, профессор