Статистикалық мәлімет бойынша, бүгінде Жамбыл облысында 153 ауылдық округ, 3 аудандық маңызы бар қала, 377 елді мекен және
5 394 көше бар. Ал ел тәуелсіздігін алған кезеңнен бері 1 924 көше, 172 нысан және 146 елді мекен атауы қайта аталған екен. Дегенмен, әлі де болса өңірде Комсомольская, Октябрская, Советская, Ленин көшелерінің атаулары сол қалпында қалып отыр. Мұның себебін сан-саққа жүгіртіп зерделеп көргенмен, жауабын табу қиын. Бүгінде Тараз қаласының орталық көшелерінің бірі Ленин есімімен аталады. Жергілікті тұрғындар арасында көше атауына байланысты түрлі пікірлер орын алғанымен, бұл да шешімін таппай келеді.
Енді көше атауы бір бөлек те, мекеме маңдайшаларының көрнекілігі һәм сауаттылығы басқа әңгіме. Әрбір мекеменің қоғамға ықпал ете алатын, бұқараның мәселесін шешуде белсенділік таныта алатын күші бар. Бірақ сол мекемелердің өзінің нақты атауын білу бүгінде қиын болып тұрған сыңайлы. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы өткен жылы облыс бойынша 1 762 мемлекеттік мекемеге зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 451 мекеме маңдайшаларында ешқандай талаптың сақталмағандығын анықтаған еді. Мәселен, Тараз қалалық кейбір полиция бөлімшелерінің маңдайшаларынан «Ішкі істер министірлігі», «Ішкі істар департаменті» деген қателіктерді көрсек, «Қосқұдық мөлтек аудынының №20 полиция тірек пункті», Шу қаласындағы жергілікті полиция қызметінің №21 учаскелік полиция пунктіне «Учасковый пункт» деп жазылған. Ал Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылдық округіндегі №9 полиция пунктінен «Жергілікті полиция қызыметі», «Айша биби» деген қате жазуларды оқуға болады. Сондай-ақ, облыстық ішкі істер департаментіне бағынысты мекемелердің маңдайшаларында заңнама талаптарының сақталмағаны да анықталған. Мұндай мысалдарды Талас және Мойынқұм аудандарынан келтіруге болады. Облыстық ішкі істер департаментіне қарасты аудандар мен Тараз қаласында орналасқан 12 бөлім мен 195 жергілікті полиция пункті зерделеніп, басқарма тарапынан тиісті қорытынды шығарылған. Нәтижесінде, 162 учаскелік полиция пунктінің маңдайшалары Үкімет қаулысының талаптарына мүлдем сәйкес келмейтін болса, 33 жергілікті учаскелік полиция пунктінде мекеме маңдайшалары жоқ болып шыққан. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін полиция пункттерінің жайы бүгінде осындай. Тәртіп мәселесінде талапшылдық танытатын ішкі істер саласы бұл жөнінен жақсы көрсеткіш көрсетпей тұр.
Мұндай жайларды өңірдегі темір жол бөлімшелерінен де кездестіруге болады. Облыс орталығындағы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Ақционерлік қоғамы «Жамбыл магистралдық желі бөлімшесіндегі» ақпараттық тақтайшада «Нұр Отан» сөзі «Нұр-Отан» деп жазылған. Сондай-ақ, Отар стансасында пойыздардың жүру уақыты көрсетілген стендіде «поиыз» мәтіні орын алған. Көптеген бөлімшелерде «Онтүстік», «Жұк» пункті деген қате сөздер кездеседі. Жалпы темір жол тоғыз жолдың торабы, халық көп аялдайтын, қатынайтын жер болғандықтан, мұндай келеңсіздіктер бірден көзге түседі. Ал қате жазулар адамның сауатының қаншалықты дәрежеде екенін көрсетеді. Тым құрыса мекеме маңдайшаларын қате жазбайтын, сондай-ақ, сол қатені көрмейтін бір адамның болмауы өкінішті.
Қаптаған қателерден қашан құтыламыз? Өңірде жалғыз ғана ішкі істер департаментіне және темір жол бөлімшесіне қарасты мекемелер ғана емес, көптеген мекемелерде грамматикалық қателіктер орын алған. Бұл жағдай тұрғындардың наразылығын тудырып қана қоймай, болашақта жазу мәнерін де солай қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін. Ағымдағы жылы жүргізілген зерделеу нәтижесінде Сарысу ауданында 20, Шу ауданында 16, Т.Рысқұлов ауданында 36, Байзақ және Мойынқұм аудандарында 15 мекемеде әлі күнге дейін қателіктер түзетілмеген. Бұл да аудан басшыларынан бастап, тиісті мекеме жетекшілеріне дейін сын екені анық. Бұл мәселені Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев сан мәрте көтеріп, кезінде жауапты басшыларға тапсырма да беріп еді. Бірақ әлі де нәтиже шығар емес. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып, тіпті халықтың көзі үйреніп кететін дәрежеге жетті.
Бүгінде қазақстандықтардың сауаттылығы тиісті деңгейіне жетті. Халықтың басым көпшілігі жоғары білімді мамандар болып есептеледі. Бірақ қаптаған қателерге көз салмайтын, оны түзеткісі келмейтін басшылардың әрекеті ойландырады. Осы орайда, қоғамдағы талап пен тәртіпті өзгеден емес, әуелі өзімізден талап еткеніміз орынды.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы