– Бұл Нәзікен Алпамысқызы. Өзі халық шаруашылығы институтында мұғалім көрінеді, – деді біреу көп көңіліндегі сауалды оқығандай.
– Солай ма? Мен ақын шығар десем... Экономист болса, мұнда неғып жүр? – деген жас жігіттің сөзі бұл жолы да жауапсыз қалмаған.
– Экономист болса қайтеді? Бәлкім, бұл қыздың да әдебиетке бір қатысы бар шығар. Тіпті сен ойлағандай, ақын болуы да ғажап емес. Қарашы, шіркін, өзі де тұнып тұрған поэзия емес пе?! Өткенде осы перизатты Гера (Бельгер) ағамыздың өзі «әлем әдебиетін терең білетін әйел затын бұған дейін көрмеп ем. Ал Нәзікенмен сөйлессең, жан сарайың кеңіп, бір рахаттанып қаласың», – деп оның сыртынан сүйсініп отырған, – деді бастапқы адам тағы да.
Несін, жасырайық, сырт сымбатымен ғана емес, білім-білігімен де әлгіндей марқасқа азаматтарды аузына қаратып отырған Нәзікен атты аруға сол сәт қызыға қарап қалғанымыз да рас.
Көп ұзамай сол Нәзікен Алпамысқызымен, оның жан әлемімен жақынырақ танысудың да мүмкіндігі туған. Олай дейтінім, республикалық басылымдардың бірінде оның бір бетке жуық жыр топтамасы жарқ ете қалды.
Аты-жөніне сырттай қанық болған соң, газеттің әлгі бетіне еріксіз үңілсек те, жұрттың мамандығы экономист екен деген сөзі де есімде, содан болар, алғашында басыма оның жырлары әуесқой біреудің ұйқас қуалаған жай шатпағы шығар деген де ой келген.
Әйтсе де бұл күдігім көп ұзамай-ақ сейіліп сала берді.
Жүректің өзі білер кімге құларын,
Бүйректің өзі білер кімге бұрарын.
Көңілдің өзі білер неден қаларын
Сағыңның өзі білер неден сынарын – дейді ақын.
Құдай-ау, салған беттен мынадай кесек-кесек ойға тап боламын деп кім ойлаған. Онда да жылт еткен майы жоқ қаракесек ет сияқты, қарадүрсін тақпаққа емес, сөз құдіретінің түйінін өзің шеш дейтін тұңғиық ойға тұншығып қалғандайсың. Келесі «Қызыл шетеннің» де мәніне бойлаған адамға айтары мол боп шықты. Онда Нәзікен сізді еріксіз табиғаттың тылсым сырына қанықтырады. Ақынмен бірге сіз Алатаудың сонау бір заңғар шыңына шығасыз. Сол жерде қып-қызыл тасты жарып шыққан күрең шетенді көріп, қайыспас қайсарлыққа онымен бірге қайран қаласыз. Кәне, тыңдап көрелік.
Үскірік те мойытпаған шетенсің,
Аптапқа да төтеп берген бекемсің.
Ала жаздай көрмесең де ақ нөсер
Қандай нәрмен желкілдеп тұр екенсің? – деп өз таңданысын жасыра алмаған ақын одан әрі шетенмен адамша сырласып кетеді.
Көңілім жетімсіреп ұмтылғанда,
Тауға кеп жұбанамын мұң тұнғанда, – деп оған жан әлемін ақтара отырып, іштей түлей бастағанын өзі де аңғармай қалады.
Көктемде шетен болып қайта келіп,
Тауымды жайқалтып бір түлетермін – деп иығындағы ауыр ойды сілкіп тастап, жан сарайын бір тазартып алады. Ақын ойының сәулелі жарқылы сізді де бейжай қалдырмайды. Лезде тынысыңыз кеңіп, жаздың бір жанға жайлы қоңыр самалы желпіп өткендей күй кешесіз.
Міне, осындай алғашқы топтамасымен-ақ поэзия әлеміне үлкен дайындықпен, ең бастысы, зор махаббатпен келген Нәзікен ақын содан бері өсу, өрлеу үстінде. Оның тақырып аясы да барынша кең. Бірде Тұмар ханымға айналып, ел намысын жыртса, енді бірде лүп-лүп соққан жүрегін алақаныңызға салып береді. Ең бастысы, ол нені жырласа да ойды жадағай айта салмайды, әркім өз зердесінен өткізетіндей тереңнен тартады. Жан сарайының есігін алдыңнан айқара ашады. Ондайда сіз де бар ықыласыңызбен ақынның шуақты сәттеріне ортақтасып, көңілі жабырқау тартса, бірге мұңданасыз.
Бір қарағанда, ақын жаны сізге тым мұңдылау боп көрінуі де мүмкін. Алайда жете үңілсеңіз оның жалқының емес, көптің көңіліне тұнған ойды айтатынын байқайсыз. Және жай ғана айтып қоймайды, қоламтада қоздап жатқан отты үрлегендей, ой жалынын лаулатады.
Жалпы Нәзікеннің бойындағы өмірге іңкәрлік, тұла бойына тұнған мейірім шуағы, жан жомарттығы әр сөзінің астарынан лүпіл қағып жатқандай. Өйткені, нендей тақырыпқа қалам тербесе де ол өз жүрегінен өткізіп айтады.
Өзімізге белгілі нәзік жандылардың жан әлемін жырға қоспаған ақын кемде кем. Тіпті кейде әйел затына деген жүрек бұлқынысы айтыла-айтыла түгесілген сияқты да көрінеді. Алайда әр дәуірдің де, әр ақынның да бұл орайда айтары таусылмасы және анық. Нәзікен ақын да бұл тақырыптағы жырларды өзіндік ізденісімен барынша байыта түскендей. Бұл сөзіміздің ақиқатына көз жеткізу үшін кәне, оның «Әйел патшалығы» атты өлеңіне кезек берелік.
Сәулелі әлем төрінен,
Сыр-сезім тасып төгілген
Әйелдің нәзік жанында
Бір патшалық бар.
Пайымда:
Балауса балғын бағында,
Тәңір берген аманат
Сенім. Үміт. Махаббат.
Үш пірі отыр тағында! – дейді ол. Ақын одан әрі әйел-ананың ел бірлігінің, береке-ырыстың бастауы екенін нықтай түседі де:
Шұғылалы шалқар көңілден,
Ақжарқын пейіл өрілген.
Ананың пәк жанында
Бір патшалық бар.
Пайымда:
Миуалы жомарт бағында
Тәңір берген аманат
Өнеге. Сабыр. Мархабат.
Үш пірі отыр тағында! – деп сөз өрнегін төгеді. Сіз бұл оймен де еріксіз келісесіз. Келіспеске еш шараңыз жоқ. Өйткені, бұл да риясыз шындық.
Нәзікен Алпамысқызының қалам қарымы, оның жырларының поэтикалық даралығы жайлы айтып отырған біз ғана емес. Бізге дейін де оның ақындық болмыс бітімі, жеткен жетістігі, шыққан биігі жайлы ой толғаған қаламгерлер де баршылық. Олай болса, солардың қатарынан үш-төрт адамға сөз кезегін берсе, еш артық болмас.
Міне, Қазақстанның халық жазушысы, арқалы ақын ағамыз Хамит Ерғалиев былай дейді: «Нәзікен Алпамысқызы деген қыздың әрқайсысы нақыл сөз боп ауыздан ауызға тарап кеткелі тұрған ғибратты бір қақпайлары таңдай жұта тамсандыратын дүниелер»
Ал ұзақ жылдар жұптары жазылмай, ой-пікірі жарасқан досы Герольд Бельгер болса «Для определение ее поэзии я бы употребил такие слова – ориентиры, как нежность, аристократизм, диалектика души и жизнелюбие. Вообще у Назикен изысканный, в высокой степени окультуренный, метафорический язык... Лексика, миропонимание, мировосприятие ее философичны!» – деп ағынан жарылған екен.
Оның бұл сөзін көрнекті әдебиетші ғалым Мүсілім Базарбаев та жандандыра түседі. «Нәзікеннің ақындық таланты өзгеше, сөздері соны. Сондықтан да қазақ поэзиясының сәнін де, мәнін де байытатын ақын» деп оған нақты баға берсе, кейінгі ұрпақтың көрнекті бір өкілі Әуезхан Қодар «Нәзікен аз уақытта өзін тұңғиық терең лирик ретінде, сонау скиф пен сақ дәуірінен үн қатқан текті Томиристей нәзіктігі мен өрлігі бірдей өрілген дара тұлға ретінде көрсете білді» деп бүгінгі зиялы қауым атынан түйінді пікір айтады.
Осы марқасқа азаматтардың бәрі де байқасаңыз, Нәзікеннің поэзия әлеміне өзіндік қолтаңбасымен келгеніне баса тоқталса, оған біздің алып-қосарымыз сол – Нәзікеннің алғашқы тырнақалды туындысы «Шырағданнан» бастап «Жарқырап аспанымда күн тұрғанда» атты жинағына дейінгі еңбектерінің бәрі де ақынның ащы терінің жемісі, жан аямас ізденісінің нәтижесі. Иә, поэзия патшалығына зор талғаммен, өлшеусіз махаббатпен енген Нәзікеннің өмір жолына көз салсаңыз, оның ақын болмауға хақы да жоқ сияқты көрінеді. Тіпті оның ақындық жолға түсуіне Тәңірінің өзі жағдай жасаған ба дейсің.
Ең алдымен ол бір-біріне ынтық боп қосылған Алпамыс пен Бақтылының жалғыз перзенті болды. Яғни, ол ыстық махаббаттан жаралған. Сондықтанда ғой «Бір тал қызға қарап қаласың ба? Саған ұл сүю керек» деген ағайынның сөзіне әкесі «Мен осы жалғызымды он ұлға айырбастамаймын»-деп жауап беріпті.
Әкесі жылқышы еді. Соған орай, тауда туып, тауда өскен Нәзікен бала кезінен-ақ аттың құлағында ойнап, бойжетті. Тұмса табиғаттың сырына қанықты. Содан да ол өзін айнала қоршаған ортаның бөлінбес бөлшегіндей сезінді. Табиғаттың соны мінезін де бойына сіңірді. Күндей жарқырап, ақ жаңбыр боп құйылу да, көл-көсір көңіл сыры да сол табиғат берген сый. Оған қоса жан сарайы кең ата-ана берген тәлім мен тәрбиені нағашысы Шалтабай шешеннің ақжарма аңқылдақтығы да толықтыра түскендей.
Иә, бетінен ешкім қақпаған ерке қыз зерек боп өсті. Қатарының алды болды. Алматыдағы университетте оқып, Мәскеуден аспирантураны бітірді. Жас маман елге келген соң Алматы халық шаруашылығы институтында студенттерге тәлім берді. Осы жылдар ішінде де өсу-өрлеу үстінде болды. Мамандығына сай ғылыми ізденісін де жалғастырды. Ғылым докторы, профессор атанды, төккен терінің өтеуі қайтты.
Дегенмен оның жаны поэзия әлемін аңсады. Мазасыз ойларын қағазға түсіру оны жаңа бір тылсым әлемге жетелей берді. Самғайтын кеңістік те, іштегі қызулы ой да, запырандай ащы мұң да өлең боп өрілді. Егер осы бойын буған бұла сезімдер лықсып сыртқа шықпаса, онда өзінің де өртеніп кететінін Нәзікен жүрегімен түйсінді. Түйсінгені сол, ол поэзияны жанына ғұмырлық серік етіп алды. Сәтті шыққан өлең шумағына жұбанды, басына сәулелі ой келгеніне қуанды.
Табиғаттың аясында, таудың баурайында, киіз үйдің ішінде өскен Нәзікеннің халқының тыныс-тіршілігін, салт-дәстүрін, тілі мен ділін терең білуі де оның адами болмысын байыта түсті. Осы арада бір айта кететін жайт, Мәскеуде өткен бір жиында танысып, ой-пікір алмасқан Шыңғыс Айтматов сынды заңғар жазушының қазақ қызының өз халқының өмірі мен тұрмысын терең білетіні тәнті еткені сондай, қайсыбір еңбектерін жазу үстінде өзі жете білмейтін, күмәнділеу көрінген кейбір жайттарды Нәзікенге телефон соғып, егжей-тегжейлі сұрап алатынын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Осы бір ғана жайттың өзі де Нәзікеннің рухани бай адам екендігін байқатып тұрған жоқ па?!
Ең бастысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайртакері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Нәзікен Алпамысқызы бүгінде болдым, толдым деп, тоқырап, тоқтап қалған жоқ. Ізденуден, жан әлемін байытудан жалыққан емес. Демек, бұл онымен алдағы уақытта да сандаған сәулелі жырлары арқылы жүздесеміз деген сөз. Лайым, солай болғай.
Жұмагүл Солты