Осы ащы сабақтың бір мысалын ұлт ұстазы, ұлы ғалым Ахмет Байтұрсыновтың да тағдырынан көреміз. Атышулы 37-нің құрығынан құтыла алмаған аяулы тұлғаның сүйегінің қай жерде қалғаны белгісіз. Сондай-ақ, жан жары үшін барлық азап пен қорлыққа көндіккен Бадрисафаның да қабірін әлі күнге ешкім тап басып көрсете алмайды. Ел ішінде «Ақ келін» атанған Бадрисафаның Ахмет Байтұрсыновқа адал жар, айнымас дос болғанын қуаттайтын көз көргендерден қалған көп деректер болса да, оның тегіне, алған білімі мен қарым-қабілетіне қатысты мәліметтер бір-біріне қарама-қайшы келеді. Тіпті Бадрисафаның бір де бір суреті сақталмауы да оның жұмбаққа толы азапты тағдырынан хабар беріп тұрғандай.
Әрине, алаш арыстары, олардың жарлары мен балалары зерттеу нысан- дарына айналып, осы күнге дейін көп жазылып, айтылып та жүр. Ал олардың бейнесімен өнер әлемінде ұшырасу басқаша сезім сыйлайды. Біз Қостанай облыстық орыс драма театры ұсынған «Ақ келіннің махаббаты мен өлімі» атты спектакльді тамашалағанда басындағы ақ жаулығымен, ерін «төрем» деп пір тұтуымен, қонақжайлылығымен, жомарттығымен елдің ықыласына бөленген «Ақ келінге» деген қимастық сезімдеріміз одан сайын тереңдей түскендей болды. Ахмет Байтұрсыновтың бейнесі біз үшін қандай ыстық болса, оның жары Бадрисафаның да бейнесі аяулылығымен жанымызға жылы ұшырады. Басты рөлде ойнаған Юлия Кудряшева Ахмет Байтұрсыновтың жарының жастық албырттығын, жырға құмар, білімге құштар болмысын, бақытты кезеңдердегі гүл-гүл бейнесін, сондай-ақ, ерімен бірге азап шеккен тұстарындағы қамырықты, шамырқанған, ең соңында Қостанайдағы ауруханада азап шегіп өлер тұсындағы қасіретті образын да барынша шынайы шығарды.
Осы жерде атап өтер бір жайт, «Егемен Қазақстанның» Қостанай облысындағы меншікті тілшісі, әріптесіміз Нәзира Жәрімбетова «Ақ келіннің» ғұмырын зерттеуді мақсат еткен. «Бадрисафа» экспедициясының құрамында Ахаң мен Бадрисафаның табаны тиген Орынбор, Том қалаларында болып, «Бадрисафа бейнесі», «Ақ шәліге оранып, ашылмаған сыр», «Көмескі іздің сәулесі» атты әрі көлемді, әрі тың деректі мақалалар жазған еді. «Ақ келіннің махаббаты мен өлімі» спектакліне осы материалдардың да көмегі тигені анық. Өйткені, журналист Нәзира Жәрімбетова мен өлкетанушы, Байтұрсыновтар әулетінің тарихын жазған автор Ибрагим Атығайдың спектакльдің қойылымына үлес қосқанынан хабарымыз бар.
Елордадағы М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында қойылған бұл спектакльде негізгі кейіпкерді Юлия Кудряшова сомдағанын жоғарыда айттық. Ал Ахмет Байтұрсыновтың рөлінде Құдайберген Айдосов ойнады. Шығарма авторлары қос ғашықтың, тарихтағы ерлі-зайыпты адамдардың өмірлерінің жарқын сәттерін де, қара бұлт басқан қайғылы кезеңдерін де барынша молынан қамтуға күш салғаны көрінеді. Сахнаның тез ауысып отыруы, сөздің де, қимыл-әрекеттің де басты рөлдегі кейіпкерлердің бейнелерін ашып көрсетуге ұтымды пайдаланылуы, әрбір оқиғаның тұсында әртүрлі музыканың сәйкес қойылуы, сахнадағы үлкен экранның қызметі, бәрі-бәрі де тамаша тартымдылықпен сәйкестендірілген. Бұл жерде шығарма авторлары Қабылхат Сейдахмет пен Людмила Фефеловаға қоса, қоюшы-режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Александр Лиопаның, қоюшы-суретші Құрманғазы Қаржанов пен музыкамен көркемдеген Қалибек Дерипсалдиннің еңбектерін де атап өту қажет.
Жалпы, «Ақ келіннің махаббаты мен өлімі» бізге тарихтың ащы сабағына қоса адал махаббаттың, айнымас достықтың да бір мысалын алдымызға тартты. Алаштың ардақты ұлына жар болған орыс қызы Александраның (кейіннен Бадрисафа аталған) үлкен жүрегін, парасатты тұлғасын таныдық. Өнер тіліне көшірілген трагедиялы тағдырына жан ауырттық.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»