Аймақтар • 16 Тамыз, 2017

Қызылордада жаңа үлгідегі автобус паркі ашылды

430 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордада жаңа үлгідегі автобус паркі ашылды. Оған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, қызылордалықтарды қуаныштарымен құттықтады, деп хабарлайды аймақ басшысының баспасөз қызметі.

Қызылордада жаңа үлгідегі автобус паркі ашылды

Автопарктің ерекшелігі – қала көлемінде қызмет көрсететін үлкен сыйымдылықтағы автобустарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы және автобустардың үздіксіз жұмыс жасауына жағдай жасайтын түрлі мүмкіндіктер қарастырылған.

– Қаламызда халықты баспанамен қамту, инженерлік-инфрақұрылымдарды дамыту секілді ең маңызды салаларда мақтанышпен айтарлықтай ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Солардың ішінде басты жетістіктеріміздің бірі – қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру және қаламыздағы көлік қатынасын дамыту мақсатындағы жобалар. Міне, осындай маңызды жобаларымыздың тағы бір нәтижесі – қоғамдық көліктерді күтіп-ұстауға, техникалық қызмет көрсетуге арналған қалалық автобус паркі пайдалануға берілгелі тұр, – деді Қырымбек Көшербаев.

Жаңа автобустардың техникалық және санитарлық жағдайы елдің сұранысына сай болуы үшін облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Автобус паркінің жалпы аумағы 5 гектарды құрайды және 200 автобусқа шақталған. Автобус паркі 250-300 адамды жұмыспен қамтитын болады.

Мұнымен қоса, ағымдағы жылы жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің, газдың бағаларының біршама қымбаттауына байланысты, жолақы тарифтері қайта қаралды. Ендігі кезекте, орта сыйымдылықтағы 100-150 жаңа автобус сатып алынып, билеттік жүйе толыққанды енгізілетін болады. Сөйтіп, облыс орталығында қоғамдық көлік қызметі толығымен жаңартылады.