Депутаттар әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысы алдында нысанға барып, стадионның дайындық деңгейімен танысты. Сондай-ақ олар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жасалған жағдайларды тексерді.
Көшпелі жиын барысында стадионды жаңғырту жұмыстарының сапасы мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион құрылысының аяқталу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. 2025 жылдың маусымында нысанды 2026 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланғаны хабарланған еді. Бұған дейін құрылыс бірінші тоқсанда аяқталады деп күтілген болатын.
Стадион ашылғаннан кейін мұнда 8 бен 18 жас аралығындағы 750 балаға арналған олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Оқушылар үшін жасанды жабыны бар футбол алаңы, киім ауыстыратын бөлмелер, жаттықтырушылар кабинеті, медициналық кабинет және трибуналар қарастырылған.
«Қайрат» клубы «Ақтөбемен» ойнайды: Стадион маңында қауіпсіздік күшейтіледі
Жаңа спорт нысаны мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынып жатыр. Құрылысқа арнайы мемлекеттік қордан 17 млрд теңге бөлінген. Стадионның жалпы аумағы 15 мың шаршы метрден асады, ал көрермен сыйымдылығы 3600 орынға есептелген.