Кеңестік жетекте болған социалистік лагерь мемлекеттерінің арасында бұл ел бір кезде барынша дамыған, экономикасы орнықты, мәдениеті де, ғылымы да жоғары қарқынмен өркендеп келе жатқан мемлекет саналатын. Жалған тұжырымдамаға негізделген «қоғамдық меншік», «қоғамдық сана» деген сияқты социалистік мұраттардың беті ашылып, басқа елдердің бәрі нарықтық дамуға бет бұрғанда, бұл ел бұрынғы социалистік жолды ұстанып, билік құрылымдарын өзгертпей қала берген. Сырттан кіретін жаңалықтар мен өзгерістерге де есік-терезесін бекем жауып, алыс түгіл өзінің оңтүстіктегі қандастарымен де қарым-қатынасын барынша шектеген.
Ескі әдістен айырылғысы келмеген билік демократиялық өзгерістерді қалаған озық ойлы адамдарды да қуғынға ұшыратты. Соның кесірінен демократиялық құндылықтарды қорғаушы елдер мен халықаралық ұйымдар тарапынан қысымшылықтар жасала бастады. Оның ең басында өзінің қандастары, демократиялық құрылыстың арқасында дамудың даңғыл жолына түскен Оңтүстік Корея тұр...
Басқарушы партия мен оның басында отырған билеуші топ ядролық қару жасауға және оны күннен-күнге жетілдіруге елдің барлық әлеуетін жұмылдырып отыр. Осыған қарсы сыртқы күштердің араласуымен, халықаралық ұйымдардың тегеурінімен жасалған экономикалық санкциялар бұл елдің ресурстарын барынша азайтып, дамуын тежеуде. Халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы да алаңдатарлық жағдайда. Бірақ оған қарап жатқан КХДР билігі жоқ, соңғы бір айда екінші рет баллистикалық зымырандарын сынақтан өткізді. Бұл әлемдік қоғамдастықтың ашу-ызасын туғызып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі экономикалық санкция жасау жөнінде кезекті қарарын қабылдады.
Бұл – бұрынғы санкциялардың үстіне жаңа экономикалық қысым жасауды көздейтін шешім. Бүгінгі таңда КХДР-мен сауда-экономикалық байланысы ең жоғары мемлекет – Қытай Халық Республикасы. КХДР экспортының 90 пайызы осы елге тиесілі. Сол экспорттың 40 пайыздайы кокстық көмірге жатады. Қытайдың құрыш қорыту кәсіпорындары осы шикізатты пайдаланатын. Бірақ үстіміздегі жылдың сәуір айынан бері халықаралық санкцияларға қосылған Қытай КХДР көмірін алуын тоқтатты. Бұл − Пхеньян жыл сайынғы экспортының 1 млрд долларынан айырылды деген сөз. Алайда, бұл шаралар да КХДР-ды тоқтата алған жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, ол соңғы бір айда баллистикалық зымырандарын екі рет сынақтан өткізді.
Енді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысында КХДР-ға қарсы санкцияларды күшейте түсу мәселесі қаралды. Оған БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі болып табылатын Қазақстан өкілі де қатысып, кезекті санкцияларды қолдайтынын мәлімдеді. «КХДР-дың зымырандық және ядролық бағдарламаларының қаупі барлық мүдделі тараптарға өзара қолайлы шешімдерді келіссөздер процесі арқылы табу жолын тез арада және белсенді жүргізуге мәжбүр етеді. Қазақстан дипломатиясы қалыптасқан жағдайдың проблемасынан күшпен емес, тек үнқатысу арқылы шығуға болады деп санайды» делінген Қазақстан өкілінің мәлімдемесінде.
Отырыс қорытындысы бойынша БҰҰ ҚК-нің Пхеньянға қатысты кезекті, 2371 нөмірлі қарары бірауыздан мақұлданды. Бұл құжат Солтүстік Кореяның барлық экспортына тыйым салуды көздейді. Сөйтіп, енді КХДР көмірге қоса өзінің темірін, темір рудаларын, қорғасын мен қорғасын рудаларын, теңіз өнімдерін де сыртқа шығара алмайтын болды. Сонымен қатар, шектеу тізіміне КХДР-дың бұрынғы санкцияларының бұзылуына қатысы бар делінген жеке адамдар мен заңды тұлғалар да енгізілді.
Бұрын қолданылып көрмеген мұндай санкциялар КХДР-дың ядролық бағдарламасының іске асуына қаржылық жағынан қысым тудырып, тоқтау салар деген үміт бар. Өйткені, бұл шара Солтүстік Кореяның сырттан енетін табысын үштен бірге азайтады. Бүкіл халқының тағдырын таразыға салып отырған мұндай тығырықтан тек бейбіт келіссөз арқылы ғана шығуға болады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»