Отырыс басталғанға дейін комиссия мүшелері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару жөніндегі жобалық кеңсенің және оның жанында жұмыс істейтін Коммуникациялық орталықтың қызметімен танысты. Жобалық кеңсе «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша күллі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру бойынша жұмыс істейді. Кеңсе тарапынан министрліктер мен әкімдіктер ұсынған 1170 жоба пысықталып, қазіргі уақытта жүзеге асырыла бастады. Жалпы, комиссия мүшелері Жобалық кеңсенің барлық жобаларымен танысып, арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады.
Орталық ғылыми кітапхана сирек кітаптар қорының өкілі көрмеге ең құнды кітаптар мен қолжазбалардың әкелінгенін айтты. «Бұлар моңғол, шағатай, парсы, неміс тілдерінде араб, латын графикаларымен басылған дүниелер. «Қазақ» газетінің 1913 жылы шыққан 7-ші саны, «Айқап» журналының 1912 жылы шыққан 5-ші саны, Ахмет Байтұрсынұлының 1914, 1925 жылдары шыққан «Тіл-құрал», «Әліпби» кітаптары, Мұхтар Әуезовтің Абайдың өмірі мен шығармашылығына арнаған қолжазбасы, Мәшһүр Жүсіптің қолжазбасы қызығушылық тудырады деп ойлаймын. Көрмеде ХІХ ғасырдағы Құран кітабы да тұр. Жалпы, біздің сирек қордағы Құран кітаптарының барлығы да ХІХ ғасырда шыққан дүниелер. Жұртшылық үшін тың дүниенің бірі – Ақсақ Темірдің тарихы туралы белгісіз автордың шағатай тілінде жазған қолжазбасы. Мұны зерттеу, қазақ тіліне аудару – сирек қордың алдағы жұмыс жоспарына енгізілді», деді ол.
Сондай-ақ, көрмеге француз экспедиторы Густав Левонның, Радловтың кітаптары, Алексей Харузин есімді автордың «Киргизы Букеевской Орды» кітабы, түсіндірме сөздіктер де қойылған. Осының ішінде Харузиннің Бөкей Ордасындағы халықтың антропологиялық ерекшеліктері, жасы, бойы, салмағы туралы еңбегін атап айтуға болады. Мұнда Ордадағы сол кезеңдегі халық саны адамдардың жас шамасы бойынша бөліп-бөліп көрсетілген. Жалпы, көрмеге 28 кітап пен қолжазба әкелініпті. Ал, кітапханадағы сирек кітаптар қорында 300 мыңнан аса кітап бар. 1940 жылға дейін шыққан кітаптардың барлығы да сирек кітаптар қорына алынған.
Бұдан соң Еуразия ұлттық университеті ғимаратында Ұлттық комиссияның кезекті отырысы басталды.
Отырысты Президент Әкімшілігінің Басшысы – Ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбеков ашып, жүргізіп отырды.
Ұлттық комиссия төрағасының айтуынша, Елбасы айтқан бағдарламаны жүзеге асыруда нақты қадамдар жасалып, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар жұмысқа белсенді қатысып келеді. Сондай-ақ, облыстарда арнайы комиссиялар, жобалық кеңселер, сарапшы топтар құрылып, жұмыстың алғашқы нәтижелері көріне бастады. «Өздеріңіз көрдіңіздер, көп жұмыс жасалған. Ұлттық комиссия арнайы топтары жұмыстарының алғашқы нәтижелері бар. Біз осы шараларды ұйымдастыруда жаңа деңгейге шықтық. Бүгінде жаңа алфавиттің жобасы жасалды. Киелі жерлердің географиясы бойынша 600 нысан белгіленді. Олардың 22-сінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар басталды. «Туған жер» бағдарламасы бойынша кең көлемде жұмыстар жүргізілуде. Мәдениет бағытында ең жақсы шығармалар таңдап алынды. 17 оқулыққа аударма жасалуда. Бұл осы жұмыстардың басы ғана», деген болашақта үлкен жұмыстар атқарылатынына баса мән берді. Бағдарламаның ауқымды жалпыұлттық жобаға айналу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, отырыста қаралатын екі мәселеге арнайы тоқталды. Оның бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлерде атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелері болса, екіншісі – жұмыс топтары қызметінің нәтижелері.
Бұл орайда алғашқы баяндаманы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жасап, бағдарлама аясында жасалған жұмыстармен таныстырды. Облыс әкімінің мәліметінше, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде кеңсе құрылған. Онда бағдарлама аясында зиялы мамандардан, қоғам мүшелерінен құрылған арнайы жұмыс топтары сараптама жүргізуде. Сондай-ақ, өңірдің тарихын таныстыру, игіліктерін көрсету мақсатында жоғары оқу орындарында өлкетану мамандығы ашылған. «Біздің өңірдің тарихын көрші өңірлерге, көрші мемлекеттерге таныту мақсатында экспедициялар жұмыс істеуде. Біздің негізгі мақсатымыз – қазіргі ұрпаққа тарихты жеткізу, оларға өзінің елін, ұлтын, Отанын сүю үшін патриоттық тәрбие беру. Бұл мақсатта «Өнеге» клубын да аштық. Биыл Ұлы Жібек жолының біздің өңірде орналасқан жәрмеңкесінің 150 жылдығы, Есет батырдың 350 жылдығы, Ғазиза Жұбанованың 90 жылдығы. Міне осы даталарға байланысты іс-шаралар қабылданды. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр», деді Ақтөбе облысының әкімі.
Ол «Атамекен» бағдарламасы бойынша облыс аудандарында «Туған жер», «Туған ел» акциялары жүріп жатқанынан хабардар етті. Сондай-ақ, құны 2 млрд 800 млн теңгеге бағаланған 555 кәсіптік жобаның жүзеге асырылатынын айтты. Бұл жобалар бойынша, елді мекендерде балабақшалар, клубтар, спорттық алаңдар және скверлер салынбақ. Өңірден шыққан кәсіпкерлердің қолдауымен біріншіден, мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде, екіншіден, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде құны 48 млрд теңгенің 71 бағдарламасы жүзеге асырылатынын да атап өтті. Оның бүгінде 9-ы іске қосылып қойған. Облыс әкімі бүгінде «Ақтөбе – құтты мекен» акциясы аясында арнайы сайт ашып, Ақтөбеде кіндік қаны тамған азаматтарды туған жеріне шақырғандарын, нәтижесінде әлемнің 15 елінен 200-ден аса азаматтың жиналғанын мәлімдеді. Олар Ақтөбеде өткізілетін форумға қатыспақ. Жерлестердің есебінен «Жұбанов үйі» салынбақ. Ал «Аналарға тағзым» жобасы кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге аспақ. Жалпы, форум аясында әлеуметтік және бизнес жобалардың тұсауы кесілетін болады. Бердібек Сапарбаев «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына облыстан 88 адамның тізімін ұсынғанын да айтып, жобаның критерийлерін нақтылау керектігіне мән берді. «Тұлға бұл тізімге қандай негізбен, қандай шартпен, қандай талаппен кіретінін нақты жасау керек», деді Б.Сапарбаев.
Бұдан кейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сөз алды.
− Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың қызу қолдауына ие болған маңызы ерекше жоба, еліміздегі саяси реформалар мен экономикалық жаңартулардың логикалық жалғасы. Мәдени кодты сақтай отырып, тамаша ұлттық салт-дәстүрлерді табысты жаңғырудың басты шартына айналдыру – қазақстандық қоғамның бүгінгі әлемдік сын-қатерлерге қайтарар жауабы. «Мақсатқа жету үшін, біздің санамыз атқарар істерден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», деген Елбасы сөзі алдыңғы отыз елдің қатарына қосылу және «Мәңгілік ел» болуды мұрат еткен еліміздің әрбір азаматының санасына ой салып, жігерін жанитын қағида, деген облыс әкімі Даниал Ахметов өңірде «Рухани жаңғырудың» басты бағыттары бойынша мақсатты және жоспарлы шаралар қолға алынғанын және «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі құрылғанын атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, аталған үдеріске С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Шәкәрім атындағы СМУ және Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қоғамдық кеңес пен қоғамдық ұйымдар тартылған. Осылайша, «Рухани жаңғыру» бесжылдық бағдарламасы жасалды. Бұл «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» атты 4 ішкі бағдарлама бойынша 61 жобадан құралады. Жалпы бюджеті 28 млрд теңгені құраса, биыл бұл жобаларға 7 млрд теңге бағытталып отыр. Оның ішінде үш тілді білім беруді дамыту, археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары, ішкі туристердің ағымын арттыру бар. «Рухани қазына» ішкі бағдарламасы шеңберінде 19 өңірлік жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Шығыс Қазақстанның өркениет құбылыстары» негізгі базалық жобалардың бірі ретінде өңірдің бірегей тарихи-мәдени кешенін біріктірмек және «Көне қазына», «Шығыс Қазақстан інжу-маржаны» ішкі жобаларының да басын қосады. «Көне қазына» аясында Берел, Шілікті кешендеріндегі археологиялық қазба жұмыстары мен ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасын табады. Қоңырәулие мен Ырғызбай ата кесенесіне инфрақұрылым желілері салынып, Шілікті кешеніне әйнектен арнайы саркофаг тұрғызылады, «Тархан геологиялық қиығы» ашық аспан астындағы музейі ашылады. Барлық жәдігерлерді Өскеменде бой көтеретін археология және заманауи өнер музейіне қою жоспарланып отыр.
Ал туризмді дамыту мен мұралардың танымалдылығын арттыруға негізделген «Шығыс Қазақстан інжу-маржаны» ішкі бағдарламасы аясында киелі орындар картасы жасалып, туристік инфрақұрылымдар кеңейеді, су қоймаларының емдік қасиеті зерттеледі. Сонымен бірге, «Рухани қазына», «Абай әлемі» кітап сериясын шығару, музей қорын цифрлы жүйеге көшіру, «Мәдени код: Шығыс Қазақстан» архиві мен кітапханасын құру, «Музыка әлемі», «АРТ Заман» фестивальдарын өткізу, театрлар мен шығармашылық ұйымдардың гастрольдерін ұйымдастыру көзделген.
Сондай-ақ, «Қазақстанның табиғаты және табиғи мұралары» жобасы аясында көп данамен Шығыс Қазақстан атласын, өсімдіктер мен жануарлардың Қызыл кітабын басып шығару жоспарланып отыр. Бұл басылымдар барлық мектептер мен колледждерге, кітапханаларға түседі. Және барлық материалдар мен жобалардың нәтижесі «Туған жер: Шығыс Қазақстан» интернет платформасына орналастырылып, баршаға қолжетімді болады.
Әрі қарай «Тәрбие және білім» ішкі бағдарламасына тоқталған облыс басшысы білім, отансүйгіштік, мәдени және рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған 7 өңірлік жоба жасалғанын, оның 14 ішкі бағдарламадан тұратынын жеткізді. «Мұнда біз үштілділікті дамыту бойынша оқыту бағдарламасын жалғастырамыз. Біз бұған екі жыл ішінде 1,7 млрд теңге бөлген болатынбыз. Осы орайда мұғалімдердің тілдік біліктілігі мен оқыту әдістемесін кембридждік жүйе бойынша жетілдіру курстары өткізіліп, оған шет тілін тікелей үйретушілер шақырылды, бірыңғай оқулықтар сатып алынды, педагогтерді материалдық тұрғыдан қолдау жүзеге асырылды. Ал «Білікті маман» жобасында жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін көтеру бойынша мектеп бітірушілердің басқа елге кетуін төмендету, жергілікті жоғары оқу орындарының ғылыми-техникалық және зерттеу базаларын жақсарту, шетелдік ғалымдарды шақыру, жаңа қажетті мамандықтар ашу сияқты кешенді шаралар атқарылды. Биыл біз облыстық бюджеттен 200 білім гранты үшін 50,8 миллион теңге бөлдік. Қазірдің өзінде нәтиже бар. Былтыр шетке оқуға 1800 мектеп бітіруші кеткен болса, биыл – 890», деді Д.Ахметов.
Сол сияқты «Рухани білім беру» жобасы діни ағарту, экстремизм мен радикализмге қарсы іс-әрекеттердің тиімділігін көтеру, дінтану саласында білікті мамандар даярлауға бағытталады. Қазіргі кезде 156 имам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірге әзірленген бағдарлама бойынша курстардан өтуде. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 150 млн теңге бөлінді. Шығыс Қазақстан дінтану колледжін құру мен білім гранттарын бөлу жоспарланып отыр.
Облыс басшысы сондай-ақ, «Атамекен» ішкі бағдарламасы кіші отанның тағдырына жауапкершілік сезімі мен азаматтық белсенділікті нығайтуға бағытталғанын, осы ретте демеушілер мен меценаттар қаржысы есебінен 5,6 млрд теңгеге 157 әлеуметтік жоба жүзеге асырылғанын атап өтті. Оның ішінде қалалар мен ауылдарды көріктендіру, әлеуметтік нысандарды жаңа заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, қайта жөндеу, құрылыс іспетті ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде тағы 142 жобаның тізімі жасалды. Оны жүзеге асыруға 8,8 млрд теңге қажет. Қазіргі уақытта 186 инвестор мен 22 ірі кәсіпорынның серіктестері анықталды. Сондай-ақ, материалдық, медициналық, заңгерлік және басқа да көмекті қажет ететін тұлғалардың базасы жасалды. Д.Ахметов сөз соңында аталған жобалардың Президенттің қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Жалпы, отырыс барысында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша тиісті жұмыс тобы осы күзде жаңа әліпбидің нұсқасын қарауға ұсынатыны, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық пәндер бойынша 17 оқулықтың тізімі жасалып, аударыла бастағаны, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында республикалық деңгейдегі – 100, өңірлік деңгейдегі 500 нысанның таңдап алынғаны белгілі болды. Сондай-ақ, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша үздік туындылардың тізімі жасалған. Оған әдебиет саласындағы − 216, театр, кино және хореография жанрында − 48, бейнелеу өнері бойынша − 182, музыка саласында 200-ден астам шығарма енгізілген. Ал «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына республика бойынша 1500 өтінім түскен, бірақ олар ашық дауыс беру нәтижесінде анықталатын болады.
Қатысушылар лебізі
Мұхтар МАНКЕЕВ, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы:
– Біздің қозғалыс тарапынан бірнеше жобалар жүзеге асуда. Оның біріншісі – латын әліпбиіне көшіру жобасын қолдау бойынша көрме өткізу. Бұл бағытта екі көрме өткіздік. Өткен ғасырда елімізде латын әліпбиінің дәурені жүріп тұрған кезде шыққан 1500 кітапты таптық. Жылдың соңына дейін көрмені барлық өңірде өткізуді жоспарлап отырмыз. Екінші, рухани жаңғыру аясында жобалар реестрі деген бар. Соның қатарында краудсорсинг.кz деген ауқымды жоба бар. Бұл қанатқақты жоба Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында басталуда. Басты мақсаты – жергілікті атқарушы органдар мен қоғамның арасындағы коммуникациялық кедергілерді жою. Қазір билік тарапынан көптеген жақсы бастамалар көтеріліп, өңірлерді дамытуға арналған жақсы бағдарламалар шығып жатыр. Бірақ, қоғаммен, яғни халықпен сөйлескен кезде олардың 70-80 пайызы әлгі бағдарламалар туралы, олардың қандай нәтижелерге жеткізетінін білмейді екен. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар қандай да бір жобаны немесе бағдарламаны веб-порталға жариялап, халықпен талқыласа деген идея айттық. Бұл идеямыз қолдау тапты және рухани жаңғыру бағдарламасы аясында іске асырылатын болады. Яғни, краудсорсинг.кz жобамыз бағдарламаға енгізілді. Қазан айынан бастап жүзеге асырыла бастайды.
Анатолий БАШМАКОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі:
− Ұлттық комиссияның кезекті отырысында келелі мәселелер айтылды. Бұл өте күрделі, өзекті жұмыс. Қоғамдық сананы жаңғыртуға дейін еліміз жаңғырудың бірнеше сатысынан өтті. Барлығы да маңызды. Алайда, біз кез келген реформа мен жаңғыруды жеке ой-сананың дайындығынсыз бастай алмаймыз. Мен А.Эйнштейннің «Адамзаттың дүниетанымын өзгертуден атомды талқандау жеңіл» деген сөзін жиі есіме аламын. Сондықтан, осы ауқымды жұмысқа қатысы бар Ұлттық комиссия мүшелері біздің санамызды жаңғыртудың немесе қайтадан құру мәселелерімен айналысудың қаншалықты маңызды екенін сезінуі тиіс. «Туған жер» жобасы шеңберінде Ұлттық комиссия мен Қазақстан халқы Ассамблеясының комиссиясына қоғамдық санаға ықпал ете алатын, аудиторияға өз ойын жеткізе алатын тұлғаларды шақыру туралы ұсыныс енгіздім. Өйткені, «сөз – біздің ой-санамыздың киімі» деген ұғым бар. Біз аудиторияға қандай киіммен келеміз, қандай сөз айтамыз? Яғни, Президенттің қазақстандықтардың ой-санасын жаңғырту туралы идеясы өте өзекті.
Біз өңірлерге шықтық. Мен үш облыста жергілікті активпен кездестім. Әзірге «Рухани жаңғыру» жобасы аясында ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айы туа бұл бағыттағы жұмыстар қызады. Бұл бірнеше онжылдықтарға созылатын ауқымды жұмыс. Оған риясыз көңілмен ден қою қажет.
Думан АНАШ,
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсіргендер
Игорь БУРГАНДИНОВ,
Бауыржан ЖУАСБАЕВ