Қазақстанның Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев пен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жұмыс сапарымен Мәскеуге келіп, мұнда ресейлік әріптестері – Бас прокурор Юрий Чайкамен, Ішкі істер министрі Рашид Нурғалиевпен, сондай-ақ Жоғарғы сот төрағасы Вячеслав Лебедевпен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға, трансұлттық қылмысқа бірлесіп тосқауыл қою жолдарын іздеуге және күш-жігерді үйлестіруге, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы өзара мүдделілікке негізделген қазақстандық және ресейлік құқық қорғау органдарының одан әрі ынтымақтастығының өзекті ведомствоаралық мәселелері жөнінде мазмұнды әңгімелесу және пікір алмасу болды.
Ұйымдасқан қылмысқа, терроризм мен экстремизмге қарсы күресті ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде анықтай отырып, екі елдің құқық қорғау органдарының жетекшілері туындайтын сұрақтарды жедел шешуге мүмкіндік беретін ынтымақтастықтың әртүрлі формаларын дамытуды ұсынды.
Атап айтқанда, ұжымдық күш-жігерді қылмыстық жолмен табылған қаржыны жылыстату мәселесін шешуге, өзара құқықтық көмек көрсету мәселелерінде тығыз қарым-қатынас жасауға жұмылдыру, сондай-ақ қазіргі уақытта соғұрлым ықпалды халықаралық-құқықтық институттарға айналып келе жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде осы жұмыстардың белсенділігін арттыру ұсынылды.
* * *
Мәскеуде өтіп жатқан жұмыс сапарының барысында Қазақстанның Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкинмен кездесті.
А.Дауылбаев әріптесіне жылы қабылдағаны және құқықтық мәселелердің кең ауқымы бойынша пікір алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін алғысын білдіріп, Бас прокуратураның негізгі қызмет бағыттары, құқық қорғау қызметіндегі прокуратураның рөлі туралы айтып берді.
Тараптар жақын келешектегі жоспарларымен бөлісіп, қазіргі уақытта сапалық жағынан жаңа деңгейге көтеріліп отырған екіжақты ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Әңгімелесушілер атап өткендей, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қазіргі стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру контекстінде екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының өзара үйлесімді әрекет етуінің қажеттілігі туралы мәселе өзекті және сұранысқа ие болып отыр. Сондықтан Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасын талқылау кездесудің басты тақырыбына айналды.
Құжатқа сәйкес, террористік және экстремистік бағыттағы қылмыстарды, экономика және жоғары технология саласындағы қылмыстарды, сондай-ақ қоғамға ерекше қауіп төндіретін басқа да қылмыс түрлерін тергеу тәжірибесімен бөлісу өзара қарым-қатынастың басым бағыттары ретінде анықталған. Сонымен қатар, тараптар екі ел мамандарының біліктілігін арттыруға көмектесетін, екі ведомство арасындағы кәсіби алмасуға мүмкіндік жасайтын бірлескен консультациялар, ғылыми-зерттеулер, семинарлар, сарапшылардың кездесулерін, өзге де білім беру бағдарламаларын өткізуді көздеп отыр.
Ынтымақтастық пен өзара түсіністіктің қалыптасқан тәжірибесін, келісімді жүзеге асырудың қылмыспен күрес бойынша күш-жігерді жұмылдырудағы маңыздылығын ескере отырып, тараптар құжатқа тездетіп қол қоюға және жемісті кәсіби байланыстарды тереңдетуге мүдделіліктерін растады.
«Егемен-ақпарат».