Күн сайын тәуелсіздік мерейіне деген жақсы істер тізбегі айқындалу үстінде. Тарту, таралғы да мол деуге болады. Соның дәлеліндей, Талдықорған шаһарында жаңа теннис орталығы ашылып, салтанатта облыс әкімі Аңсар Мұсаханов сөйлеп, саламатты өмір салтын мұрат еткен жастарға сәттілік тіледі. Сәулетті орталықтың аумағы 13 864 шаршы метрді алып жатыр. Онда екі жабық теннис корты, төрт ашық алаң орналасқан. Бір мезетте он екі адам теннис ойнаса, 300 көрерменнің жарысты тамашалауға мүмкіндігі бар.
Халықаралық теннис федерациясының стандартына сай жабық алаңға «хард» төсеніші төселсе, сырттағы ашық алаңға «жұмсақ хард» төсеніші жабылған. Жабық ғимарат екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатында дәрігерлік кабинет, екі ойын залы, екінші қабатында ерлер мен әйелдердің киім ауыстыратын орны, душ, жаттықтырушылар кабинеті, VIP-зал және ойыншылардың тамақтануына қолайлы буфет орналасқан.
Сәулетті ғимараттың жалпы құны 479 млн. теңгені құраған. Құрылыстың жобасын «Арлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дайындаса, құрылысты «СпецСантехСтрой-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып, қысқа мерзімде ел игілігіне берді. Орталықта жаңа жұмыс орындары ашылды. Енді өңір намысын қорғаған теннисшіміз Гүлназ Дөкейдің жолын қуған талай жас теннисшіге жол ашылатын болды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
––––––––––
Суретте: теннис орталығының сыртқы көрінісі.