Газетке бет әзірлеу барысында гинекология бөлімінің меңгерушісінен де сұхбат алуға тиісті едік. Фототілші екеумізге дәрігерді кабинетінің алдында біраз күтуге тура келді. Қаралуға келген науқас келіншек киініп, шығып кеткеннен кейін бізді қабылдаған бөлім меңгерушісі біразға дейін өз-өзіне келе алмай, ауыр күй кешіп отырып қалды.
– Кешірерсіздер! – деді бір уақытта дәрігер. – Жап-жас қой. Қандай обал! Төрт баласы бар екен...
Біз әңгіме ауанын бірден түсінбесек те, жайсыз жағдайға тап келгенімізді біліп, үнсіз қалдық. Дәрігер сөзін жалғастырды.
– Бұл ауру білдірмей құртады. Ең жаман жері де осы. Жаңағы жас келіншектің күйеуі қайтыс болғанына сегіз жылдай болыпты. Төрт баласын өзі жалғыз сүйреп жүріп, дәрігерге қаралуға да мұршасы болмаған ғой. Жастай жесір қалса да күйеуге шығуды ойламаған. Бұл – жатыр мойны ісігі. Әбден асқынғанда келіп тұр... Ертерек қаралса, мұндай жағдайға душар болмауы мүмкін еді?!
Қарап отырсақ, қазірде ұлт таңдамай, әлемнің әр түкпіріндегі әйелдер арасында дендеп бара жатқан дерттің бірі – осы жатыр мойнының ісігі.
Әрине, біздің елімізде әлеуметтік жағдайына қарамай, осы кеселдің шеңгеліне ілікпеу үшін алдын ала сақтандыру, ақпараттандыру жұмыстары жүріп жатады. Жұмысбасты қыз-келіншектер мұның біреуін білсе, біреуін білмейді. Мәселен, жыл сайын жыл басында Қазақстанда дәстүрлі түрде жатыр мойнының ісігі туралы хабардар ету апталығы өтеді. Бұл шараға Денсаулық сақтау министрлігінен бастап, Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты, денсаулық сақтау басқармалары және аймақтық онкологиялық орталықтар мүдделілік танытады. Жоспарлы шаралар шеңберінде барлық жастағы әйелдер тегін гинекологиялық тексерулерден өтуге шақырылады. Тексеру барысында пап-тест (өзгеріске ұшыраған, яғни атипиялық жасуша бар-жоқтығын тексеру үшін жатыр мойнынан жағынды алу) жүргізіледі.
Ал біз бұл мақаламызда дәрігерлер адам ағзасындағы ең қымбат, «ең қадірлі» орган деп есептейтін жатыр мойны ісігіне шалдықпаудың жолдары бар екендігін қыз-келіншектер қаперіне салуды мақсат тұтып отырғанымыз белгілі.
Мәселен, пап-тестіден өту мүмкіндігі Қазақстанда онкологиялық қызметті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бес жылда бір рет 30-60 жас аралығындағы әйелдерге беріледі.
Алматыда жатыр мойнының ісігін ерте анықтау үшін ашық есік күнін өткізіп жүрген Қазақ онкология және радиология ғылым-зерттеу институтының мамандары әйелдерде ешқандай ауру белгілерінің болмағандығы бәрі жақсы деген сөз емес дейді. Жатыр мойны ісігі асқынғанға дейін ешқандай белгілерсіз жүретінін жоғарыдағы оқиға айтып тұрған жоқ па?! Мұндай жағдайда адамға бірінші кезекте алдын ала дәрігерге қаралып тұру көмектеспек. Оның үстіне мемлекетіміз бұған тегін тексерілуге жағдай туғызған.
Яғни, пап-тестінің теріс нәтижесі жатыр мойнында атипиялық жасушалар жоқ дегенді білдіреді. Ал пап-тестінің оң нәтижесі жатыр мойнында «нашар» жасушалардың бар екендігін білдіруі ықтимал, демек сізге қосымша зерттеуден өткен жөн.
Дендеп тұрған дерт туралы Қазақстанның бас онкологы, медицина ғылымының докторы Диляра Қайдарова былай дейді: «Жатыр мойнының ісігі ауруы әлемдегі елеулі мәселе болып тұр. Бұл кесел қатерлі ісіктердің ішінде дүние жүзіндегі әйелдерде ең жиі кездесетін түріне айналды. Обыр аурулары бойынша жатыр мойны ісігі екінші орынға шықты. Жыл сайын жарты миллионға жуық әйел осы ауруға шалдығып, шамамен 288 мың әйел көз жұмады. Жатыр мойны ісігінің қоғамға кесірі үлкен. Өйткені, бұл ауру әсіресе 30-40 жастағы және одан үлкендеу жастағыларда кездеседі. Бұл әйелдердің отбасын құрып, қызмет етіп, бала бағып, күнделікті тіршіліктен қолдары босамайтын кезеңі. Жатыр мойнының қатерлі ісігі диагнозы әйелдің жеке басын, оның отбасын, достарын үлкен күйзеліске салады. Және оны емдеуге мемлекет пен қоғам тарапынан қыруар қаржы жұмсалатындығын да ескеру қажет».
Еуропа елдерінде жыл сайын жатыр мойны ісігі ауруына 60 мың әйел шалдығып, 30 мың әйел бақилық болады. Дүние жүзінде қазір осы диагнозбен өмір сүріп жатқан әйелдердің саны 175 мыңнан асқан. Бұл да толық статистика емес.
Біздің елімізде бұл ауру 2015 жылы 1826 әйелде бар екені анықталған. Оның ішінде аурудың асқынған және кең таралған түрі 233 әйелде кездескен, бұл – 12,9 пайыз. Ең өкініштісі, бұрнағы жылы Қазақстанда осынау дерттен 600-ден аса әйелдің қайтыс болғандығы тіркелген. Өткен жылғы деректер бойынша, елімізде «жатыр мойны ісігі» диагнозымен есепте тұрған әйелдер саны 11 578 болған. Тиісті мекемелер қазір 2016 жылдың деректері зерттеліп, дайындалып жатқанын айтады.
Оған дейін мамандардың айтары, берер кеңесі төмендегідей. Қазірге пап-тест жатыр мойны обырының алдын алудың бірден-бір жолы болып табылмақ. Жатыр мойнынан алынған жағынды атипиялық жасушаларды анықтауға мүмкіндік береді. Өзгеріске ұшыраған мұндай жасушалар сәйкес емі болмаса, уақыт өте келе обырға айналуы ықтимал. Дамыған елдерде скринингтің тұрақты түрде жүргізілуі жыл сайын анықталатын жаңа ауырғандар санын екі есеге қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.
Мамандар нақты зерттеулер дәлелдегендей, дұрыс ұйымдастырылған жаппай скрининг арқылы осы аурудың 80 пайызына дейін алдын алуға болады дейді. Оның үстіне бізде қазір тиімділігі жоғары үш вакцина бар, олар онкогенді қауіптілігі жоғары адам папилломасы вирусы инфекциясын жұқтырудың жолын кесетін көрінеді.
Қысқасы, қоғамды жатыр мойнының қатерлі ісігінен құтқару үшін бұл ауруды жаңа ғылыми зерттеулер тақырыбы ретінде қарастырғаннан гөрі, скрининг, яғни ерте бастан тексерілу мен егу арқылы алдын алу мүмкіндіктерін пайдаланғаннан басқа жол жоқ.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ