18 Тамыз, 2017

Кесу тілігінің кесірі көп

697 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кесу тілігінің кесірі көп

Атырауда ай-күні жеткен әр бесінші әйел баласын кесу тілігі арқылы өмірге әкеледі. Тіпті қазір толғақтың азабын ауырсы­нып, ота жасатуды сұрайтын ана­лар қатары көбейді. «Әйел ден­саулығы үшін кесу тілігінің кесірі көп» дейді дәрігерлер. Өт­кен жылы өңірде бес ана өлімі тіркелді. Ал биылғы 5 шілдеде жас ана кесар тілігі арқылы егіз ба­ласын дүниеге әкеліп, жеті са­ғаттан соң көз жұмды. Ол бұған дейін де үш баласын «пышаққа түсіп» босанған. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, қазір ана өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу-тексеру жүріп жатыр. Қайғылы жағдай дәрігерлердің салғырттығынан ба, әлде басқа себеп болды ма, оны тексеру анықтайды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мән­шүк Аймұрзиева қауіпті жүктілік пен ана мен бала өлімі көрсеткіші жоғары болып тұрғанын айтады. Жыл басынан бері 7818 ана өмірге сәби әкелген. Соңғы жыл­­дары уақытына жетпей­ бо­сану деректері көбейіп тұр. Биыл­дың өзінде 492 бала шала туған. Медицина дамып, адам­дар­­дың денсаулық сақтау туралы ақпараты молайғанымен, әлі күн­ге дейін дәрігерге көрінуді кейінге қалдыра беретінде          азаяр емес. «Жүктілік кезінде ме­­дициналық тексеруден өтпей­тін­дер бар. Нақты мәлімет бойын­ша, елу жүкті әйелдің еш жерде тіркелмегені белгілі болды», дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы. 
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінде осы мәселеге қатысты тағы бір жайт айтылды. Қазір ел дәрігерден бұрын балгерлер мен тәуіптерге көбірек сенеді. Мысалы, Махамбет ауданының тұрғыны – жүкті әйел қалқанша безі ауыратынын біле тұра, емханаға есепке тұрмаған. Іздеп барған дәрігерлерге де көрінуден қашыпты. Туыстарынан белгі­лі болғандай, ол Құлсары қала­сындағы бір емшіге қаралған және соның ғана айтқандарын іс­теп, дәрі қабылдамаған. Соның салдарынан мерзімінен бұрын босанып, өмірге шала нәресте әкелді. Дәрігерлер баланың жағдайы нашар екенін айтады. Өкініштісі сол, мұндай деректер ел арасында аз кездеспейді. Бұған дейін де тәуіпке көрінемін деп ажал құшқан Махамбет ауданының тұрғыны туралы айтылған болатын. Осы жайтты қаперге алған аймақ басшысы құзырлы органдарға  лицензиясы жоқ бақсы-балгерлерге шара қолдану қажеттігін тапсырды.
 
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан» 

АТЫРАУ