18 Тамыз, 2017

Бастың амандығы – бауырдың бүтіндігінде

1904 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ «басың аман, бауырың бүтін болсын» деп тегін айтпаған. Амандық-саулықтың белгісі бауырдың бүтіндігімен өлшенген. Бұл орган қанды тазартатын, ағзаны улы заттардан қорғайтын сүзгі іспетті. Ол минутына миллиондаған улы затты ыдыратып жібереді. Алайда, адамға адал қызмет атқаратын бауырдың өзі ауырса, сырқатын білдірмейді. Былайша айтқанда, бауыр «айтпай азап шегеді». Сондықтан, ұзақ өмір сүргіңіз келсе, бауырды сақтай білген жөн.

Бастың амандығы –  бауырдың бүтіндігінде

Бауырдың қызметін бұзатын басты себептердің бірі – вирусты гепатиттер. Әсіресе, В, С гепатиттері ба­уыр­ға өте зиян. 
Елімізде гепатиттерді емдеу, диаг­­нос­ти­калау министрліктің «Ден­­сау­лық» бағдар­ла­масына енгі­­зіл­ген. 1998 жылдан бері Қазақ­станда В гепатитіне қарсы вакцина салы­нып келеді. Соның арқасында ересектер арасында гепа­титпен сырқаттану 31,5 есеге төмен­деген. Бұған ха­лық­­тың вирус­тар ту­ра­лы сауат­ты­лығы мен судың таза­лы­ғы және вакцинаның көмегі көп болыпты. Енді Дүниежүзілік ден­сау­лықты сақтау ұйы­мы осы жы­лы гепатиттерді біржола жою­­ды мақ­сат етіп отыр. Қазақстан да бұл бас­та­маға өз үлесін қосып, ау­ру­дың алдын алу шараларын ша­­масынша жасап келеді. Десек те, вирусты гепатитке шалдығу жағ­дай­лары азаймай отыр. Тіпті оның жасарып келе жатқаны алаң­­датады. Денсаулық сақтау ми­нистрлігі медициналық көмекті ұйым­­дас­тыру департаментінің әлеу­мет­тік маңызды аурулар ке­зін­де меди­циналық көмек көрсету бас­қар­ма­сы­ның басшысы Гүлнәр Сәр­сен­баеваның дерегінше, бүгінде елі­мізде В, С гепатитімен ауыратын 42 мыңнан астам адам бар. Бұл көр­сеткіш былтыр 35 мыңды құ­ра­ған. Ал 2011 жылдан бері Қа­зақстанда осы вирустарды жұқ­тырған 6 мыңнан астам науқас емделіп шыққан екен.
Вирусты гепатитке шалдыққан жан­­дар медициналық көмектің кепіл­дендірілген көлемі шеңбе­рінде тегін емделеді. Маман­дары­мыз қа­уіп­ті вирус жұқпа­ларды дер ке­зінде анық­тау, нау­қас­тар­ға тиімді ем қол­дану бағы­тын­да үздіксіз ізденіп, жұрт­­шы­лық­ты аурудың алдын алуға үн­деп ке­леді.
Әлбетте, мамандардың алаң­дай­тын жөні бар. Бауырдың қыз­метін бұза­тын вирустар  ба­уыр цир­ро­зы не­месе қатерлі ба­уыр ісігі сатысын­да, яғни емдеу мүмкіндіктері шек­теулі кезде ғана білінеді. Бел­гілі гепа­толог-маман, профессор Күл­пәш Қали­асқарованың айтуын­ша, адам өзінің бойында вирусты ге­па­тит бар-жоғын тек арнайы қан са­рап­тамасы арқылы ғана анық­тай алады. Сондықтан, тым бол­маса жы­лына бір рет бауыр гепа­тит­теріне тексеріліп отыру керек. «Ви­русты гепатит  организмде тып-тыныш орнығады. Адам өзін ауру­­мын деп сезінбейді де. Сыр­қат әб­­ден асқынған кезде ғана белгілер бай­қалады. Ол кезде тым кеш болуы мүм­кін. Әрі ба­уырдың қасиеті сол, ол ешқашан ауыр­ғанын білдірмейді. Жан­ға ба­тып ауырмағаннан кейін адам оның белгілерін елемейді. Тіпт­і басқа сырқаттың белгілерімен ша­тастыруы мүмкін. Мысалы, бауыры ауыратын адам қышынады, буындары ауырады, бүйрегі де сыр беруі мүмкін. Бірақ науқас бауырым ауырады-ау деп күдіктенбей, аллерголог, ревматолог секілді мүлде басқа саланың мамандарын іздеп кетеді. Сондықтан, әркім ден­саулығына ұқыптылықпен қарап, жо­ғарыда аталған белгілерді өз бойынан байқаса, алдымен бауырын тексерту қажет», дейді профессор.
Ал Ұлттық онкология және транс­­плантология ғылыми орталы­ғы­ның гепатология және гастроэнтерология бөлімінің меңгерушісі Қа­һар­ман Есмембетов вирусты гепа­­тит­тердің әлемдік деңгейде талқылануы тегін еместігін ал­ға тартады. Дүниежүзілік денсау­лық  сақтау ұйымының мәліметі бойын­ша, дүние жүзінде 2 миллиардтан астам адам вирусты ге­па­титтерді жұқтырған екен. Бұл де­геніңіз ғаламшардың әрбір үшін­ші тұрғыны осы сырқатқа шал­дыққан деген сөз. Сондықтан дә­рі­герлердің мақсаты – ауруды а­с­қынған жағдайға жеткізбеу. Қаһарман Ізбасарұлының айтуынша, бүгінде еліміздің барлық облыс орта­лықтарында, қалаларда гепатиттермен күресетін гепа­тологиялық орталықтар құ­рыл­ған. Бір ғана Ұлттық онколо­гия және трансплантология орта­лығының бөлімшесінде жылына 500 адам вирусты гепатитке қарсы ем алып шықса, олардың 20-сы жарамсыз болып қалған бауы-рын ауыстырады екен.
Жалпы, вирусты гепатиттер  тіс ем­­деу кезінде, татуаж, пир­­­синг, мани­кюр жасатқан кез­­де за­­рар­сыздандырылмаған құ­рылғы­лардан да жұғуы мүмкін. Ауру адам – жұқпаны таратудың көзі. Сон­дықтан, мамандар сұлулық салон­дарына барған кезде инелердің за­лал­сыздандырылуына айрықша мән беріп, тазалықты қадағалауға ке­ңес береді. 
Басының амандығы мен бауы­рының бүтіндігін ойлаған әрбір адам саламатты өмір салтын ұс­танып, майлы, қуырылған тағамды шектеп, тамақтану тәртібін де сақтаған жөн, дейді дәрігерлер.
Денсаулық сақтау министрлігі В ге­па­титіне қарсы вакцинаны сатып алуды тамыз айында аяқтап, қыр­күйек айында медициналық ұйым­дарға жеткізуді жоспарлап отыр.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар