Кітаптың иесі жазушы Жайық Бектұров екен. Өзі айдауда болып келсе де, қорықпай, «халық жауы» деп аталып кеткен Алаш қайраткерлерінің еңбектерін жасырып сақтауға тырысқан. Одан кейін Мағжан ағасын ақтауға қосқан үлесі туралы журналист Жарасбай Сүлейменовтің «Зылиха» деген «Егемен Қазақстан» (2012 жылы) газетінде басылған көлемді мақаласынан оқуға болады. Мағжан Жұмабайұлының зайыбы Зылиха апай күйеуінің жазықсыз ұсталып кеткенін дәлелдеу үшін қол қусырып қарап отырмайды. Осы кезде Мағжан ағасын ақтау әрекетіне Жайық Бектұров та қозғау салады. Зылиха жеңгесіне айтып, сол кезде КСРО үкіметін басқарып отырған Н.С.Хрущевке хат жазғызады. Осы хатқа байланысты Мәскеуден нақты нұсқау алған республикамыздың қауіпсіздік комитеті Мағжан ісін қайта қарауға мәжбүр болады. Ақыры, Мағжан келесі 1960 жылы ақталады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті 1938 жылғы айыптауды жоққа шығарғанымен, ақын бұл жолы толық ақталмайды. Қазан революциясына дейінгі шығармаларының идеялық бағыты туралы қорытынды жасау мақсатында Қазақстан Жазушылар одағы ғалымдары мен тағы басқа мекемелерден құрылған топқа тапсырады. Топты қазақтың белгілі, талантты ақыны басқарады. Бұл топ мынадай қорытынды шығарады: артында қалған жырларына келетін болсақ, тұтас алғанда өзінің идеялық негізінде буржуазиялық-ұлттық, демек контрреволюциялық сипатта болған. Осы топқа төрелік жасаған ақын ағамыз өзінің қателігін түсініп, мойындап Мағжанның 1989 жылы шыққан жинағына алғысөз жазыпты. Бұл да қазақтың белгілі ақынының арылуының бір жолы болған шығар. Журналист Жарасбай Сүлейменовтің айтуы бойынша Жайық ағамыздың Мағжанға, артында қалған жесірі Зылихаға жасаған жақсылықтары аз емес екен.
1989 жылы Мағжан Жұмабаев толық ақталып, Жақаң ағамыз өзі көп қамқорлық жасаған жеңгесі Зылихамен екеуі армандаған мақсаттарына жетіп, Мағжан шығармаларының жинағын көріп, екеуі де мәңгілікке жол тартты. Жайық Бектұров сынды Алаш қайраткерлерінің қамқоршысы болған тұлғаның тағылымынан кейінгі ұрпақ хабардар болсын, деген ниет біздікі. Өткеннің өнегесін бойына түйіп өскендер ұлттық болмысын биік ұстайтыны анық.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жайықтанушы
Астана