22 Тамыз, 2017

Орынсыз сән-салтанатқа орын жоқ

626 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Үміт еткен көзінің нұры» деп са­найтын қарашығынан, әсіресе жал­ғыз ұлынан қазақ ештеңесін аямай­ды. Барын салып, бәрін шашып еш­к­імге ұқсамайтындай той жасауға ты­рысады.

Орынсыз сән-салтанатқа орын жоқ

Ата-анасының өзінен еш­­теңе аямайтын ықыласын көрген ба­ла да, болашақ келін де «ешкімге ұқ­са­майтын» той талап етіп, шалжия­ды. Мейрамханаға келінді лимузинмен кір­гі­зіп немесе сүндетке отыратын бала­сын салт атпен залға енгізіп, елден ерек­ше болуға тырысу, той кортежін жол тәртібін бұзып жүргізу, тіпті тік­ұшақ­пен алып жүру – осының бәрі «еш­кімге ұқсамайтын», жұрттың бә­рінен асырамын деуге ұмтылудан ту­ған дарақылық. Бірақ қазақ соған мәз. Байлығы жетіп тұрса да осылай ша­шы­луға, осылай еркінсуге бола ма?   

Сегіз Серінің ақылды адам екенін көр­­ген бір губернатор: «осы қазақ Шор­ман­ның Мұсасын, Өскенбайдың Құнан­байын, Сандыбайдың Ерденін мақтап, ауыз­дарынан тастамайды, соның себебі неде?» деп сұрапты. Сонда Сері: «Бұл адамдар қанша құйсаң да толмайды, қанша толса да төгілмейді, сондықтан қазақ оларды мақтайды деп жауап берген екен. Ал бүгінгі байшыкеш қазақтар ұш­па бақпен келген аз дәулетіне мас болып, елден ерекше болуға тырысып жанталасады. Ал кедейлері солардан қалмаймыз деп тырбаңдайды. «Қанша толса да төгілмейтіндей» болу үшін ата-бабаның мықтылығы, арғы тектің асылдығы бойында жоқ. Бірақ олар болмаса да сабырға шақыра алатын «нұрлы ақыл» керек еді. Ондай да болмаған соң бүгінгіге, бір күнгіге мәз болып, жарқылдатып бәрін шаша береді. 

Біздің дана халқымыз барлық жанды-жансыз дүниенің кепиеті болады деп санаған. Артық шашып, артық төкпек түгіл орынсыз қолданып, қорлыққа салсаң  (мәселен, үркек атты оттары жарқылдаған шулы ортаға зорлықпен кіргізсең) немесе қымбат затыңды ескірмей жатып лақтырып тастасаң да кепиеті соғады деген. Дін ислам да ысырапшылдықты обал деп санап, ондайды жасауды күнәға жатқызады.

Дәулетті жігітке тұрмысқа шығып, бір қыста бес құндыз тон ауыстырған әйелді білеміз. Білетіндер оған кепиеті соғады ғой, сонша қымбат дү­ниені неге ауыстыра бересің деп құ­лақ­­қағыс та етті. Бірақ дарақы әйел еш­теңені құлағына ілмеді. Ақыры күйеуі қай­ғылы қазаға ұшырап, артында қалған бар­лық байлығын туыстары сыпырып алып, даңғой  әйел осы күні «үрерге иті, сы­ғарға биті жоқ» дей­тін хал­ге жетіп, пәтер жалдап жүр...  Дү­ние­нің кепиеті соқ­ты деген сол, әне.  

Осындайлар көп және мұндайлар туралы аз айтылып та жүрген жоқ. «Елден ерекше боламын, ешкімге ұқсамаймын» деп дарақылық жасап, дүниені орынсыз шашудың сұрауы болатынын, жансыз дүние болса да зорлық қылсаң кепиеті соғатынын ешқашан ұмытпаған жөн. 

Біздің көрші елдерімізде де даң­ғой­лық пен ысырапшылдыққа жол бере­тіндер бар екен. Тәжікстанда сон­дай­­ды тыю үшін заң да қа­был­дап, дарақылықты арнайы жазамен тыя­тын болыпты. Жуырда сол елдегі Ұлттық кі­тап­хананың директоры Сайфиддин На­зарзада баласының үйлену тойына 300 адам шақырғандығы үшін жазаға ұшырап, қызметінен қуылған. Заң бойынша тойға 150 адамнан артық шақы­рыл­мау керек екен. 

Әрине, адамның құқы мен бостан­ды­ғын сақтаймыз дейтін біздің ел мұн­дай заң қабылдай алмайды. Ондайға тіп­ті күліп, мазақ қылуға да дайынбыз. Не істесе де өзінің ақшасы емес пе, қа­лай шашса да кімнің жұмысы бар дей­міз. Бірақ ынсапты сақтауға санамыз жет­песе, балаларымыздың «ешкімге ұқ­са­майтын» той талап еткен балалық даң­ғойлығын тыя алмай отырсақ не іс­теуге болады? Ақымақшылықты ақыл­­мен тыйдыра алмасақ, басқа амалы­мыз бар ма?  

Тәжікстан елі той шығынын азайтуды көздеген заңға қосымша да енгізіп, жаңа заң жобасын жасатып қой­ыпты. Ол да биыл күзде қа­был­да­нады. Оған сәйкес үйлену тойынан кей­ін тағы да артық шығындар жасауға ту­ра келетін чодарканон, нон­шиканон, мо­дарталбон, муборакбоди, рохбандон  де­ген сияқты салт-дәстүрлерді жасау тыйылыпты. Мұнысы біздің тойдан кейін жасалатын «келінге шай құйғызу», «құдалардан келген қалтаны тарату» деген сияқты ырым-жырымдарға келеді. Той өткізген отбасы ертесіне әйелдерді жи­нап тағы осындай салттарды жасай­тын болса, жаңа заң бойынша жаза тартады... «Мұндай шаралар халықты артық шығындардан сақтап, тұрмыс-ахуалын жақсартуға септігін тигізеді» деп жазылған заңның кіріспесінде. 

Жоғарыда айтқанымыздай, бізде мұндай заң қабылдана қоймас, бірақ ақылға салып, ойлану керек-ақ. Өлген адамға бағышталып ас берілгенде неше түрлі артық тағамдар дайындалатынын дін басшылары сынап, оның ысырапшылдық екенін айтқаннан кейін Астанада ондай дүниелер аздап тыйылды. Сол сияқты той өткізгенде де елден ерекше болмаққа ұмтылуды сынап, ондайдың астамшылық екенін үнемі айтып отырсақ, адамдарымызға ой түседі ғой деген үміттеміз.    

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»