Футбол • 22 Тамыз, 2017

Станимир Стойлов: Бұл жолы қақпаны Эричке сеніп тапсырамын

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана» командасының бас бапкері Станимир Стойлов «Селтикке» қарсы ойын жайлы пікір білдірді. Ол жауапты ойында жеңіске жету үшін барын салатынын мәлімдеді.

Станимир Стойлов: Бұл жолы қақпаны Эричке сеніп тапсырамын

– Ертең реванш алуымыз керек. Бірінші матчтан кейін тиісті қорытынды шығардық деп ойлаймын. Өз алаңымызда ойнаймыз, сондықтан жоғары деңгейде өнер көрсетуіміз керек. Кей ойыншылардың жарақаты мен дисквалификациясына байланысты аздаған қиындықтарымыз жоқ емес. Алғашқы ойынды қаперімізде ұстап, максималды деңгейде ойнау үшін барымызды саламыз.

– Глазгодағы ауыр жеңіліс командаға қалай әсер етті?

– Негізі біз нашар ойын көрсеткен жоқпыз. Бірақ бір қызығы «Селтиктің» әрбір тепкен добы қақпамызға кіре берді. Бұл жеңіліс бізге ауыр соққанын жасыра алмаймын. Бірақ тиісті нәтиже шығарып, ары қарай жылжуымыз керек. Қандай қателікке бой алдырғанымызды жақсы білеміз. Алдағы уақытта осы кемшіліктеріміздің орнын толтырсақ Еуропада жақсы өнер көрсетеміз деп ойлаймын.

– Марин Аничич өзін қалай сезініп жүр? Юрий Логвиненконың жоқтығына байланысты орталық қорғанысты реттеуді қалай ойластырып отырсыз?

– Бірінші ойында Марин мүлдем дайын емес еді. Қазір өз қалпына келіп жатыр. Матч алдындағы жағдайы қандай боларын көреміз. Ол орталық қорғаныста Евгений Постниковпен жиі ойнаған. Үш қорғаушымен де ойнауға болады. Түрлі жолдарын қарастырып отырмыз. Бәрінен маңыздысы жинақы ойнауымыз керек.

 – Глазгодағы ойыннан кейін Александр Мокин жауапты ойында алаңға шығуы мүмкін бе?

– Мен ылғи да қарамағымда екі мықты қақпашының барын айтып келемін. Мокин айтарлықтай қателіктер жіберді деп айта алмаймын. Ал Ненад Эрич Чемпиондар лигасында әлі ойнамады. Сондықтан бұл жолы қақпаны Ненадқа сеніп тапсырамын.

– «Астананың» «Селтиктен» әлі де болсын өту мүмкін екендігіне сенесіз бе?

– Меніңше, «Селтик» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне 99 пайыз шығып тұр. Шындыққа тура қарай білу керек.

Айта кетейік, қос команда арасындағы жауапты кездесу бүгін «Астана-Арена» стадионында сағат 21:30-да басталады.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»