Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қақтығысулардан сақтау орталығының директоры Адам Коберацкимен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Әмзебек Жолшыбеков мейманның сұрақтарына орай Қазақстанның сыртқы саясаты, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бейбітшілікті қорғау мақсатындағы бастамалары, ел Парламентінің құрылымы туралы айтып берді.
Кездесуде Астанада аяқталған Ядролық қарусыз әлем үшін халықаралық форумы туралы жан-жақты әңгіме өрбіді. Адам Коберацки аталған жиынның маңыздылығын айта келіп, осы шараға қатысқанына қуанышты екенін жеткізді. Өйткені, ядорлық қаруды таратпау әлем бойынша аса маңызды мәселеге айналып тұрғаны анық.
Мейман Қазақстандағы ұлтаралық келісімге жоғары баға берді, бұл тәуелсіз елдің үлкен жетістіктерінің бірі екенін айтты. Көп ұлтты қазақ жерінде 50 мыңдай поляктың тұрып жатқанын тілге тиек етті.
Тараптар ЕҚЫҰ-ның барлық институттарымен байланысты нығайту туралы пікір білдірді, соның ішінде парламенттік ұйымдармен байланысты жандандыру жайы сөз болды.
Кездесуге ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығының жетекшісі Александр Кельчевски, сондай-ақ Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының мүшелері Светлана Бычкова мен Ерболат Әпсәлямов қатысты.