22 Тамыз, 2017

Қазақ футболына жаны ашып отырған кім?

408 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ футболындағы қандай да болсын клубты алып қарасаңыз, оның ту сыртында жергілікті «жарты патша» – әкім тұрады. Жасыратыны жоқ, біздегі футбол клубтарының тағдыры жергілікті әкімдердің қолында: «Шырқ айналар сорлы тауықтың» күйін кешін, бюджеттің қаржысына басыбүтін тәуелді болып алған.

Қазақ футболына жаны ашып отырған кім?

Қаржы демекші, жұрт қазір легионердің, сондай-ақ біздің жергілікті «супержұлдыздарымыздың» қанша алатынын жобалап болса да біледі. Мысалы, 2016 жылы «Ақтөбенің» құрамында жүргенінде Самат Смақовтың айына 6 миллион теңге, ал Алексей Щеткиннің 9 миллион теңге алатыны туралы ақпар жария болып кеткенде жұрттың көбі «аһ!» деген. Осыған қарап отырып, аттай қалап әкелетін легионерлердің айына алатын еңбекақысының қанша екенін ойласаңыз көңіл нілдей бұзылады. Неге десеңіз, бұл деген сіз бен біздің, мемлекеттің ақшасы ғой! Қаржысын қайда саларын білмей жүрген атытайжомарт біреудің ақшасы болса бір сәрі...

Премьер-лигадағы кез келген команданың аяқ алысына қарап отырып-ақ сол облыстағы әкімнің футболға деген сүйіспеншілігінің қандай деңгейде екенін бағамдай беруге болады. Сайып келгенде, жергілікті футбол осы саланы басқаруға тағайындалған маманға және де бюджеттен бөлінген қаржының мөлшеріне байланып қалған. Клубты басқар деп әкім тағайындаған адам не істеп, не қоятынын білетін маман болса бір сәрі. Қазір дүние жүзінде футбол саласы көз ілеспес шапшаңдыпен дамып келеді. Ал, енді, әкім тағайындаған әлгі маман бүгінгі әлемдік үрдістің талаптарына сай ма? Міне, гәп осында...

Отандық БАҚ-тың біріне берген сұхбатында «Астана» футбол клубының бас менеджері Саян Хамитжанов «Қайрат» командасының басшылығы жаңадан таңдап алған даму жолына деген өзінің таңданысын жасыра алмапты. Бәсекелес клубтың басшысын айран-асыр еткен бұл қандай жол еді өзі? Олай болса, әңгімені әріден бастайық.

Шілде айының аяғына таман «Қайрат» футбол клубы бақылаушы кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев клубтың ресми сайтында өзінің ел ішінде түрлі пікір тудырған мәлімдемесін жариялаған болатын. Мұнда ол аңыз клубтың бүгінгі ұстанған саясатының түбірімен өзгеретінін, бұл мақсатта бұрын бағдар болып келген қағидаттардан бас тартып, бірден жемісін бермесе де болашақта ел футболының дамуына елеулі үлес қосар жаңашыл реформаларға арқа сүйейтінін ашық айтқан.

Мәселен, Боранбаев мырза былай деді: «Қайрат» футбол клубы өзінің даму стратегиясын қайта қарайды. Бізге «футболдағы бизнесмендер» емес, футбол ойнағысы келетін, ойнай да алатын футболшылар мен тұлғалар керек... Біз титтей де қайтарымы жоқ «псевдо-футболшыларға» ақша салудан әбден шаршадық...». Солай деп келіп, клуб басшысы алдағы уақытта өзіміздің жас футболшыларды даярлауға және олардың жан-жақты дамуына көп күш салатындарын айтады.

Міне, енді келіп, арада біраз уақыт өткенде «Қайраттың» басты қарсыласы «Астана» клубының басшысы өзінің әріптесіне қарата жұқалап болса да сын пікірін білдіріп қалды.

«Иә, – дейді Саян Хамитжанов өзінің сұхбатында, – Боранбаев тамаша бизнесмен, дегенмен оның өзі ешқандай нәтиже бермейтін жобаға ақша салудан шаршады. Егер, «Қайрат» клубы жаңа, қалай дегенмен де күмән тудырарлық даму векторын бетке алып ілгері жылжитын болса, онда бұдан Қазақстан футболы бүтіндей зардап шегуі мүмкін деп уайымдаймын...».

Рас, «Қайрат» пен «Астана» біздің футболдағы құстың қос қанатындай, бірін бірі қамшылап отыратын, жақсы мағынасындағы бәсекенің жілігін таласа мүжіген клубтар. Испанияда «Барселона» мен «Реал» арасындағы текетірес жергілікті чемпионаттың көрігін қалай қыздырса, біздің екі клубтың айқасынан туындайтын «айғай-шу» өз әлінше одан бір мысқал да кем емес.

Осы тұрғыдан келгенде, Саян Хамитжановтың «Қайраттың» жаңадан таңдап алған «қасқа жолына» күмәнмен қарауын да түсінуге болады. Әгәраки, алматылық клуб орасан зор қаржыны әбжыландай жұтып жатқан легионерлерден бас тартар болса, клубтың белгілі бір мезгіл кезеңінде  әлсірейтіні белгілі. Демек, бұл – «Астана» клубы өзін ылғи тақымдап отыратын бәсекелесінен айырылады деген сөз. Солайы солай-ау. Дегенмен де, Хамитжанов мырза айтқан сөздің астарына тереңірек үңілер болсаңыз, бәсеке осымен бітеді-ау деген уайыммен қатар жеке клубтың қамы да құлақ қылтитып тұрғандай. Мәселенің мәнісі мынада: қазіргі таңда ел чемпионатында топ бастаған, УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сынға түсіп жүрген «Астананың» жаны легионерлердің қолында. Ганалық Твумаси, конголық Кабананга, серб Деспотович, беларусь Маевский болмаса «Астана» алысқа барады дегенге кімді сендіргендейсің? Яғни, ел ішінде «Астана» келімсектерге арқа сүйейді, ал «Қайрат» өзіміздің жастарды өсіріп шығарғысы келеді деген пікір қалыптасса, мұның елорда клубының беделіне әжептәуір нұқсан келтірері сөзсіз ғой...

Әлбетте, бәсеке жоғалса, қазақ футболының аяғына жем түседі деген Хамитжановтың сөзіне құрметпен қарай отырып, Боранбаев мырзаның жасыл алаңда ақша үшін емес, ел мен жердің абыройы үшін жан аямай ойнайтын жергілікті жас футболшылар шоғырын өсіріп шығарамыз дегені бір табан болса да жанымызға жақынырақ тұрғандай. Бұл – жекелеген клубтың халықаралық талаптарға сай инфрақұрылымын дамыту жолында тынбай еңбектеніп жүрген футбол менеджерінің сөзі. Яғни, сөзі мен ісі қабысқан адамның қазақ футболының болашақ тағдырына алаңдап айтқан ой-пікірі.

Спорт саласындағы басшылар осы күні отандық жаттықтырушыларға сенім артуды қойған. Біздің командаларды чемпион еткен бас бапкерлердің ішінде өз мамандарымыз жоққа тән. Легионер жаттықтырушыkар ең бастысы ақша тауып, негізгі команданы белгілі бір маусымда тәуір көрсеткішке жеткізу үшін ғана келеді. Айталық, «Ақтөбені» бір кезде ел чемпионы қылған Владимир Муханов команда ізбасары болатын балалар мен жасөспірімдер футболын керек еткен жоқ. Ақтөбелік клуб әлі күнге келімсек футболшыларға тәуелді.  Қазақ футболының келешегін ойлағаннан қалтасына ештеңе түспейтін біліп тұрса, оны қайтсін!? Бас бапкер қосалқы құрамның ойыншылары түгіл, бапкерлерінің аты-жөнін білмей кеткен жағдайлар болған.

Өз бапкерлерімізді даярлау қажет. Қазіргі футбол жаттықтырушыларының барлығы дерлік бір кездегі футболшылар. Олардың қолынан не келуі мүмкін? Әрі кетсе өзі меңгерген бірнеше тәсілді үйретеді.
Олар баланы футболға баулудың қыр-сырын меңгере қоймаған. Қазіргі жүйеде әлдебір семинарға қатыса салып, «білікті бапкер» атанып шығуға болады. Қысқасы, бізге алдымен білікті бапкерлерді анықтайтын, даярлайтын ұйым қажет. Бір мезгілдік нәтиже, бір маусымдық жеңіс қазақ футболының мәселесін шешпейді.

Балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға тағы бір кедергі – бапкерлер жалақысының төмендігі мен футбол секцияларының ақылы болуы. Бес мың теңге бір отбасыларға сөз емес шығар, айлықтан айлыққа әрең жетіп отырған шаңырақтарды да ойлау керек қой. Қазір елімізде арнап салған футбол алаңдары баршылық десек те, оларда көбінесе балалар емес, ересектер жағы бос уақытын өткізіп жатады. Ойлап қарасаңыз, осындай ұсақ-түйек себептер көп. Сол шағын проблемалар жиналып, шыны керек, қазақ футболының келешегін көмескілендіріп отыр.

Жоғарыда баяндағанымыздай, премьер-лига командалары ел чемпионатындағы үзіліске кеткенде екі түрлі ұстаным осылайша мүйіз қағыстырып қалды. Мұның өзі біздің футболға үлкен өзгерістер мен жан-жақты реформалардың қажет екендігінен хабар беріп тұрғандай. Әйтеуір, бір үмітке үкі таққан дүбірдің таяп келе жатқаны сезіледі. Лайым, қазақ футболының қанын тазартып, қамын жейтін харекет болса дейсің!

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»