ЭКСПО-2017 • 23 Тамыз, 2017

«Көбелек әсері» немесе жасыл энергияны жандандыратын науқан

966 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі барысында Малайзия павильоны «Көбелек әсері» және Жастар апталығы» экологиялық акциясын бастады. Шара барысында әлеуметтік желі қолданушылар экологиялық идеяларды арнайы хэштегтермен бөліседі. Малайзияда бұл науқан басталып кеткен екен. 20 миллионнан астам адам #MyButterflyEffect #Wattif хэштегтерімен жазба жариялап үлгерген.

«Көбелек әсері» немесе жасыл энергияны жандандыратын науқан

1963 жылы Едвард Лоренз «Көбелек әсері» принципін ашыпты. Оның айтуынша, жер шарының бір бұрышында ұшып жүрген кішкентай көбелектің қанат қағысынан пайда болған жел әлемнің екінші бұрышындағы мұхит толқынына себеп болады. Яғни, кішкентай көбелектің болмашы қанат қағысы үлкен нәтижеге жетелейді. Жоғарыдағы акция да бүкіл әлемге «жасыл» даму туралы идеяны насихаттау үшін «Көбелек әсерін» тудыруға бағытталған. 

Шараның салтанатты жағ­дай­дағы ашылуына Малайзияның Селангор штатының мұрагер хан­за­дасы Тенгку Әмір Шах Ибн Сұл­тан Идрис Шах арнайы келді. «Бұл апталық таза энергия өн­дірісіне жаңа қарқын береді. Қа­зақстан мен Малайзия жас­тары жасыл экономика идея­сынан шабыт алып, «Көбелек әсерін» арттырады. Біздің нау­қан болашақтың энергиясы мен кли­маттың өзгеруі туралы маңызды тақырыпты көтеріп отыр және жастарға әлеуметтік желіде үнқатуға мүмкіндік беруде. Апта бойы әлеуметтік желіде «жасыл энергия» туралы жазбалардың көбеюіне атсалысамыз», деді ол. 

Жиында қазақстандық «MOST» жас кәсіпкерлердің бизнес-инкубаторы мен «Future Innovation Council» малайзиялық үкіметтік емес ұйымдар желісі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа сәйкес, екі ұйым инновациялар мен өнімділікті арттыру бойынша бастамалар саласында бірге жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, «MOST» бизнес-инкубаторы малайзиялық «Techstars» жаңа стартап-инкубаторымен келісімге келді.