Күрес • 23 Тамыз, 2017

Медведьтің ізбасарларын баптаған қазақ

335 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жезқазған өңірінде спортсүйер қауым Шубаевтар әулетін орынды мақтан етеді.  Жалпы, белдескеннің белін майыстырған Шубаевтарды бүкіл әулетімен балуан десе де болады. Күрес оларға атадан балаға дарыған өнер саналады.

Медведьтің ізбасарларын баптаған қазақ

Таяуда, осы отбасының жарқын өкілі Жұматай Шубаев өскен жерге келіп, жерлестерімен емен-жарқын қауышты. Жезқазғандықтардың оған көрсеткен сый-құрметі де ерекше болды. Бүйтетін де жөні бар: Жұматай Маратұлы ұзақ жылдардан бері басқа елде тұрып, балуан баптап жүрген жоғары дәрежелі жаттықтырушы.       

Қаршадай 15 жасынан басқа республикаға барып, «тастай батып, судай сіңіп», сол елдің азаматына айналу тағдырдың бір ерекше жазуы болса керек. «Спорт деген бір сиқыр» демекші, бәрі де күреске деген қызығушылықтан басталған болатын. Бас-аяғы 10 миллионнан сәл асатын халқы бар беларусь елінде Жұматайды ешкім жат санап, өзектен тепкен емес. Қайта оны мақтан тұтып төбелеріне көтереді. Оның барлығы күрес өнеріне шексіз беріліп, талай жылдарғы төккен тері мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Ол бүгінде спорт әлеміне танымал тұлғаға айналды. Үш дүркін Олимпиада чемпионы, беларусь халқының мақтанышы Александр Медведьтің ізбасарларын даярлап жүрген жаттықтырушы осал болсын ба?! Сол елдің Президенті Александр Лукашенконың жарлығымен үстіміздегі жылдың 31 мамырында Жұматай Маратұлы Шубаев «Беларусь Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына ие болды. Жақында туған жерге келіп, осы қуанышын бөліскен даңқты спортшы алғаш рет күрестегі жолын бастаған Жезқазғандағы спорт залдарында болды, әріптес бауырларымен қауышып марқайып қайтты.

Жұматай 1972 жылы «Жеңіс» кеңшарында туғанымен, негізінен Жезқазған қаласындағы №4 орта мектепте оқыды. Әкесі сол кезде қолынан жетелеп әкеліп балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің күрес секциясына тапсырған болатын. Сәтін салып, Сергей Сабеев, Анатолий Арон сияқты өз ісіне берілген бапкерлердің тәлім-тәрбиесін алды. Өзі де белдесуге икемді болып, 8-сыныптың өзінде бірталай үлкен жарыстарға қатысып жүрді. Қазақстан біріншілігінде кадеттер арасында жеңімпаз атанды. Содан, 15 бала Белоруссияға еркін күрестен дайындалуға кетеді. Шеберлікті шыңдайтын біраз жарыстарға қатысады. Гомель қаласында 1987 жылы өткен КСРО біріншілігінде 5-орын алған Жұматай Қазақстанның атын шығарды. Сонымен қоса, беларустардың да назарына ілігіп, спорттағы жолын сол елде жалғастырады. Ол Белоруссия чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, халықаралық турнирлерде чемпион атанды. Одақ тарағаннан кейін жаттықтырушылық жұмысқа ауысады. Алғашқыда Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетінде бапкер болды. Қазірде Гродно облысының бас жаттықтырушысы, әрі Беларусь Республикасы ұлттық командасының бапкері саналады. Ж. Шубаевтың көптеген шәкірттері сол елде кеңінен танымал. Атап айтар болсақ, олардың арасынан 10 халықаралық дәрежедегі, 15 спорт шебері шықты. Сондай-ақ, ол 5 Еуропа чемпионатының, 3 әлем чемпионатының жеңімпаздарын, Олимпиаданың бір қола жүлдегерін, 15 Беларусь чемпионын дайындады. «Еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағы бекерден-бекер берілмейтінін осыдан-ақ бағамдай беруге болар.

Әңгімені әріден бастар болсақ, Жұматайдың атасы Шубай Бетпақдала мен Қараөткелдің арасында 1928 жылдары комсомол ұйымының жетекшісі болып, одан артель құру, колхоз басқару ісіне қатысқан. Мал өнімдерін дайындау мекемесінің басшысы болған. Ақкісінің Шубайы атанған, аймағына белгілі де беделді адам болған еді. Үлкен баласы Сайлаухан белгілі тарихшы, елге ақындығымен де танылды. Алдан деген ұлы грек-рим күресінен биік белестерді бағындырды. Нұрмағанбетов болып күресіп жүрді. Әбдіхан Шубаев та күресіп біраз жарыстарға қатысқан, сонымен қатар зілтемір көтеруден жақсы нәтижелер көрсеткен. Марал деген ұлы осы Жұматайдың әкесі, құжат бойынша Марат болып жазылып кеткен. Ол да қазақша және еркін күрес түрлерінен облыстық жарыстарда бірнеше рет жеңімпаз болғаны бар. Шубайдың ағасы Дүйсенбек те балуан болған кісі екен. Жылқышыбек деген інісі күрестен мойыны үзіліп майып болыпты.

Ал, енді Жұматайдың бірге туған інілеріне келсек, олар да жастай күреспен айналысқан Жезқазғандағы танымал балуандар қатарында саналады. Мәселен, тетелес інісі Жалын 13 жасында Ақтөбедегі Қазақстан чемпионатына қатысып бірінші орын алса, 1986 жылы 14 жасында Архангельскідегі Бүкілодақтық турнирде екінші орыннан көрінді. Осы үлкен турнирде бірінші орынға көтерілген кіші інісі Жасұлан да боз кілемде ерте танылған спортшы. Жастық шағын күрес жолына арнаған ол әлем чемпионатына екі рет қатысты. Бес мәрте Қазақстан чемпионы атанған спорт шебері. Кейінгі жылдарда Сербияға барып, ардагерлер арасында еркін күрестен төртінші орын алды. Ережесіз жекпе-жектен Жезқазған қаласы федерациясының жеңімпазы. Қазірде ол еркін күрес бойынша жаттықтырушы болып жұмыс жасайды. Жасұлан да басқа салада еңбек еткенімен, қазақша және еркін күрестен спорт шебері дәрежесіндегі палуан.

Аналары Қуаныш Рымбаева өмір бойы ұстаздықпен айналысқан Ұлытаудың Сарысу ауылының тумасы. Қаладағы №7 мектеп-лицейде математика пәнінен сабақ беріп, қазір еңбегінің зейнетін көріп отыр. Ана жүрегі қашанда бала үшін алаңдаулы ғой. Сырт жерде жүргендігі болар, ол әсіресе, бір-екі жылда әрең айналып соғатын Жұматайының келуін тағатсыздана тосып жүреді. Беларусь елін тәнті еткен бұл ұлы сол елдің азаматтығын алған. Дегенмен, туған жерге деген ерекше сүйіспеншілік Жұматайдың жүрегінен еш өшкен емес. Соның әсері болар, Гродно облысында еркін күрестен бас жаттықтырушы болып қызмет жасайтын ол ат төбеліндей азын-аулақ қазақтардың басын біріктіретін «Атамекен» ұйымының да белортасында жүреді. Елдігімізді, дәстүрімізді, мәдениетімізді насихаттайды. «Туған жерге туыңды тік» демекші, кім біледі, бүгінде сырт елде қазақтың мықтылығын танытып жүрген білекті де жүректі азамат түбінде туған жерге оралатын да шығар.

Амандық РАХҰЛЫ,
журналист

Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы

Суретте: бапкер Жұматай Шубаев шәкірті, Рио-2016 Олимпиадасының қола жүлдегері Ибрагим Саидовпен бірге