Аймақтар • 23 Тамыз, 2017

Тау басындағы қоңыр құлжа

1289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бәйдібек ауданының сұлу табиғатын жұрт оншалықты аңдай бермейді. Аудан орталығы Шаян селосы Созаққа баратын күре жолдың бойында отыр.

Тау басындағы қоңыр құлжа

Тарихи ескерткіштерге бай аймақтың жолымен сыр­ғытып бара жатқан жолаушы маңқиып жатқан сар далаға көзін салып қана өтер еді. Бұл бір көргенге ғана.

Бәйдібек би кесенесі жанынан басталған жол Қостұраға қарай өт­кенде даланың реңі өзгеріп сала береді. Қайқаң жол, тау өзе­нін сағалаған ауылдар. Қостұра бау­райындағы Ақбастау ауылынан шыққанда биік төбе басындағы арқар көзге шалынады. Садақтай иілген қос мүйізін желкелігіне тіреп маң далаға маңғаздана қарап тұрған құлжа – тұғырдағы ескерткіш.

Мұндайда бала кезіміз еске түседі. Бір күні таңертең ұйқыдан тұрсақ, ауылдың шығыс жағы кіл­кіген тұман, бақылдаған киік, құралайдың маңыраған әлсіз дауысы талып естіледі. Велосипедке қарғып мініп бір топ бала ауыл сыртына сытылдық. Ауылдың шығыс жағы өрттей қызарып жатыр. Маңы­раған дауыстан құлақ тұнады. Құралайдың салқыны. Киі­ктер жаппай туып жатыр. Ша­ранасы әлі кеппеген құралай әлсіз маңырап әлтек-тәлтек басып ана киіктің бауырына жабысады. Ол мекіреніп үстін жалайды.

Адам тағыдан жаман ғой. Құра­лайды ұстап алмаққа тұс-тұс­тан ат қойдық.

Жаңа ғана аяғын апыл-тапыл басып тұрған құралайлар екі өкпесін қолына алып зымы­рағанда, жалт-жалт бұрылғанда жүрегің аузыңа тығылып, бол­дырып барып тоқ­тайсың. Мың­ғырған құра­лайдың біреуін ұстай алмадық.

Бір өкініші, Қарынбайдың малы деп кім көрінген мыл­ты­ғының қарауылына ілік­тіре бе­ретін сол жезкиіктер бү­гін­де «Қы­зыл кітапқа» кіріп, шық­пай қалды.

Оны неге айттық. Осы Қара­тау сілемдері, алдымыздағы Қос­тұрада осы арқарлар мекен­деді ғой. Аң-құстың көптеген түр­­лері өсті. Бүгін­де бәрінен жұр­­дай болдық. Ең өкініштісі, бала-шағамыз даланың ерке тағы­ларын зоопарктегі темір қор­шаудағы құса күйінен ғана көріп жүр.

Ел ағасыз, тон жағасыз емес. Осы Ақтас, Қошқарата ауылының перзенті, кәсіпкер әрі ақын Шал­қар Әбішев ағамыз «дала же­тімсі­ремесін, өткен-кеткен осы жер­де арқар барын білсін», деп қалқайтып ескерткішін орнаттырыпты.

Жалғыз арқарды ғана емес Шыбықбел асуына барыс пен Адамтас асуына құлжаның мү­сін­дерін жасаттырған. Ақтас ауылында қыран бүркіт қазір тас тұғырдан ұшып кетердей қанатын қомдайды.

Осы мүсіндерді жасаған ше­берлердің аты-жөні – Аман­гелді Тұрсынұлы мен Батай Қош­тайұлы.

Бүгінде жұрт хайуанаттар бағынан ғана көретін аң-құстар ауыл мен асуда тас тұғырда отыр.

Тас мүсіндер бір көрмеге кө­ңілге қуаныш ұялатқанымен мұң­дандырады да. Азат елдің ұр­пағы енді оларды тастұғырдан емес, асқақ тау баурайынан, биі­гінен көрсе екен. Көбейсе екен. Адам­дар қиянатқа бармаса екен, деп ойладық.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы