Президент • 23 Тамыз, 2017

Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрін қабылдады

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кездесуде Мемлекет басшысына «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу барысы туралы баяндалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрін қабылдады

Қазақстан Президенті жаһандық бәсекелестіктің артуы жағдайында экономиканы ауқымды түрде цифрландырудың өзектілігін атап өтті.

– Бүгінде бұл мәселе алдыңғы орынға шықты. Бүкіл әлем осы бағытқа қарай жылжуда. Біз де қалмауға тиіспіз. Бұл – аса күрделі міндет. Барлық ведомстволар, министрліктер және өңірлер үйлесімді жұмыс жүргізуі керек, – деді Елбасы.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Мемлекет басшысына жаңа бағдарламада көзделген төрт басым бағыт жөнінде айтты.

– Біз қазір бағдарлама жобасын барлық мүдделі тараппен бірге талқыладық. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы арқылы негізгі 4 жұмыс бағыты қарастырылады. Олар: инфрақұрылымды дамыту, адам капиталын жақсарту, экономика салаларын цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, – деді Д.Абаев.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.