Теннис • 23 Тамыз, 2017

Балалар үйі тәрбиеленушілері арасында үстел теннисінен турнир өтті

658 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ері жомарт елдің қызы жетім болмайды». Алайда, ресми статистикаға сүйенсек ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектердің саны аз емес. Оларға қолдан келгенше рухани-материалдық көмек көрсету барлық қоғам мүшелерінің міндеті. Алматыда Қазақстан балалар үйлерінің тәрбиеленуші қыздары арасында үстел теннисінен республикалық «Пинг-понг» ханшайымы турнирі өтті.

Балалар үйі тәрбиеленушілері арасында үстел теннисінен турнир өтті

«Пинг-понг ханшайымы» деп аталатын әлеуметтік жоба Қазақстанда алғаш рет балалар үйінің тәрбиеленуші қыздары арасында Қытай еліне баруға мүмкіндік беретін үстел теннисінің турнирі. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылғандар Пекин қаласына жолдама алып, ондағы спорт академиясының жаттықтырушыларынан арнайы шеберлік дәрістерін алу мүмкіндігіне ие болады. «Бауыржан» қайырымдылық қоры, Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Республикасының үстел теннис федерациясы және Huawei Kazakhstan компаниясының ұйымдастыруымен қолға алынған игі бастама – жетім балалар арасындағы үстел теннисі дарындарын тауып, қазақстандық теннис спортының кеңге қанат жаюын көздейді.

Жарысқа екі ай бойы еліміздің 10 аймағында өткен іріктеу турнирлерінде дара шыққан 40 балалар үйінен 60 тәрбиеленуші қыз қатысты. Олар екі жас ерекшеліктері бойынша жекелей сынға түсті. Нәтижесінде 7-10 жас аралығындағы қыздар ішінде жүзден жүйрік шыққан Қостанай облыстық балалар үйінің тәрбиеленушісі Мария Замотойло I орынға ие болды. Осы жас ерекшелігі бойынша II орынды Орал облыстық балалар үйінің тәрбиеленушісі Вера Молоткова еншілесе, Талғар қаласындағы «Нұр» балалар үйінің шәкірті Наталья Гурина үздік үштікті түйіндеді. Ал, 11 мен 14 жас аралығындағы сайысқа түскен қыздар ішінде Павлодар облысындағы Качирский балалар үйінің оқушысы Лаура Мухаметжанова жеңімпаз деп танылып, көрермендерді тәнті етті. II орын Ақмола облысындағы Ақкөл балалар үйінен келген Нази Джалагонияға, қола медаль Қарағанды облысындағы «Таңшолпан»  балалар үйінің оқушысы Назира Абылқасоваға бұйырды. Осылайша, екі жас ерекшелігі бойынша жеңімпаз атанған Мария Замотойло мен Лаура Мухаметжанова алдағы қыркүйек айында қытай астанасына барып бір апта бойы тәжірибелі мамандардан сабақ алып, үлкен спорттың қыр-сырына қанығатын болады. Жарыстың салтанатты жабылу рәсімі кезінде турнирге қатысушы барлық балаларға мақтау қағаздары мен сый-сияпаттар табысталды.

Турнир ұйымдастырушылары бұған дейін қазақстандық жастардың   спортқа деген қызығушылықтарын ояту мақсатында еліміздің түкпір-түкпіріндегі 100 жетімдер үйіне 100 теннис ойнайтын үстел мен спорттық жабдықтар сыйға тартқан болатын. Енді балалар үйінің тәрбиеленушілері олимпиадалық спорт түріне енетін үстел теннисін ойнап, еркін жаттығу жасап шеберліктерін шыңдай алады.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ