Технология • 24 Тамыз, 2017

Астанада Турецкий хорының гала-концерті өтті

557 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақстан» Орталық концерт залында Астанадағы Мәскеу күндерінің ашылу салтанаты өтті. Осыған орай Ресейдің халық әртісі, музыкант Михаил Турецкийдің жетекшілігімен құрылған әйгілі хордың гала-концерті өтті.

Астанада Турецкий хорының гала-концерті өтті

Турецкий хоры – құрыл­ға­нына ширек ғасырдан астам уақыт өткен, ғасыр құбылысына айналған ресейлік ұжым. Осы жылдардың ішінде олар әлемнің жүздеген елінде өнер көрсетті. Ұжым жыл сайын 200-250 рет сахнаға шығады екен. Сонша рет ұшаққа мінеді десек те артық емес. Хордың ең басты ерекшелігі – олардың өнерінде шекараның жоқтығы. Классикалық әндерді де, рокты да, поп-музыка мен операны да, джаз бен халықтық хитке айналған әндерді де орындайды. Жанды дауыс­пен ән салатын өнер иелері барлық кезде халықтың қошеметіне ие. Он шақты тілде ән шырқайтын Турецкий хорының дүние жүзіне танымал болуына әсер еткен жағдай – олардың концертті бұқаралық шоуға айналдыра алуында болса керек. Тек таңдаулы сахналарда ғана емес, ашықаспан астында да ән шырқайтын өнерпаздардың концертіне халық көп жиналып, өнер иелерімен қосылып ән шырқайтын да жағдайлар кез­деседі. Сол үшін өнер зерттеу­шілері Турецкий хоры мен оның жетекшісін Ресейде бұқа­ра­лық музыка мәдениетін қалыптастырушылар ретінде бағалайды. 

2015 жылы Турецкий хорының құрыл­ға­нына 25 жыл толуына орай Мәскеуде үлкен концерт өтті. «№1 Халықтық караоке» деген атқа ие болған әлгі концертке 150 мыңнан астам адам жиналған. Әншілер әр буынның әндерін сұрыптап алып, халықпен қосылып ән шырқаған сол концерт кейін Ресейдің 9 қаласында жалғасын тапты. 

Ал енді Турецкий хорында кімдер өнер көрсетеді дегенге келсек, әлем халқын тамсандырып жүрген ұжымның өнерпаздары негізінен ерлер қауымы. 
Турецкий хорының со­лис­тері – Евгений Кульмис есімді бас-профундо, яғни, былайша айтқанда, шіркеу әндерін шыр­қауға лайықты өте төменгі да­уыс иесі, Константин Кабо, Па­вел Беркут, Евгений Тулинов сынды тенорлар, баритон дауыс­ты Алекс Александров, күміс үнді Олег Бляхорчук пен Бо­рис Горячев, контртенор Вячеслав Фреш, сопрано дауысты Михаил Кузнецов бүгінде ұжым арқылы танымал музыканттарға айналған.

«Қазақстан» Орталық концерт залында өткен Турецкий хорының гала-концертіне халық көп жиналды. Концерт басталмас бұрын Мәскеу үкіметінің министрі – Мәскеу қаласы сыртқы экономикалық және халықаралық қатынастар де­пар­таментінің басшысы Сергей Чере­мин мен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аман­шаев сахнаға көтеріліп, концерттің мән-маңызын атап өтті.  Сергей Черемин Астана мен Мәс­кеу қалаларын тек саяси-эко­номикалық байланыстар ғана емес, мәдени-гуманитар­лық байланыстар да жақын­дас­тыратынын айтып, былтыр ­күзде Мәскеуде өткен Аста­на күндерінде қазақ өнерін тамашалауға үлкен қала­ның мәдени ошақтарына көрер­мендердің молынан жиылғанын еске салды. Сондай-ақ, Аста­на­дағы Мәскеу күндерінің де сәтті өтуіне тілектестік білдірді.  Ал Астана қаласы әкімінің орын­басары Мәскеу күндерінің бағ­дарламасымен таныстырып, елордалықтар алдында өнер көрсету үшін 200-ден аса өнерпаз келгенін хабарлады. 

Хор ұжымының концерт барысында орыс, итальян, неміс тілдерінде ән шырқағанына куә болдық. Жоғарыда атап өткеніміздей, ең жоғарғы тенор мен ең төменгі бас дауысқа дейін аралықтағы әншілердің үйлесімді хоры елордалық көрермендердің ықыласына бөленді. Әсіресе, олардың қазақ тілінде «Жастығымның куәсі, шұрқыраған ауылым. Жусаны мен жуасы бұрқыраған ауылым» деп хитке айналған атақты «Ауылым» әнін шырқауы ризашылық туғызды. 

Астанадағы Мәскеу күндері аясында елордалықтар тағы да бірнеше әсерлі кештер мен іс-шаралардың куәсі болмақ. Атап айтқанда, бүгін «Астана» концерт залында  Мәскеу мем­лекеттік академиялық «Гжель» би театрының гала-концерті өтсе, ертең Ресей халық артисі, та­лант­ты актер Дмитрий Хара­тьян­ның шығармашылық кеші ұйым­дастырылмақ. Сондай-ақ, Ресейдің тарихы мен мәде­ниетінен сыр шертетін кітап көр­мелері, «Москва» журналының бас редакторы Владислав Арте­мовтың шығармашылық кеші де Мәскеу күндері аясында өтеді. 

Айгүл СЕЙІЛ, 
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»